ДҮНИЕ – ЖЕМТІК, МЕН – ТӨБЕТ

06 наурыз 2024 1844 0
Оқу режимі

Сөзім бар да, көзім жоқ,
Көзім бар деп жатпадым:
Би мен бекті жақтадым,
Бай, мырзаны мақтадым.
Бәйбішенің мойнына
Жырдан алқа таққаным.
Өсек болды баққаным –
Момынға құрған қақпаным.
Өсекші – тәңірі дұшпаны,
Күнәмді қалай ақтадым?!
Аз нәрсеге ант ішіп,
Аруақты аттадым.
Қылмыстыны қызықтап,
Мандайынан сипадым,
Қабағына қақпадым.
Бәріне мен кіріптар,
Қайсысы менің тапқаным?!
Біреудің отын үрледім,
Өз отымды жақпадым,
Сонда дағы оңбадым:
Көн шалбар түспей бұтымнан,
Қыс болса – тапшы қызылдан,
Жаз болса – шала жұтымнан.
Адал сопы мен емес
Пірдің сөзін тұтынған.
Саудагер сарттай қайтты өмір
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қайтты
Бұзауы өлген сиырдай.
Ләпсі – төбет қабаған:
Жемтік көрсе, тұра ма
Ырылдап, танау жиырмай?!
Өзімнен өзім қызғанып,
Азын-аулақ жиғаным
Өзіме де бұйырмай.
Күнәм – жойқын, тәубем – аз,
Тіршіліктен не таптым?
Дүние – жемтік, мен – төбет,
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен,
Не қапқыздым, не каптым...

 

Дулат БАБАТАЙҰЛЫ

Пікірлер Кіру