ЕКІ ТҮЙІР ҚЫЗЫЛША (әңгіме)

28 сәуір 2023 3865 0
Оқу режимі

Бірде анам дүкеннен қызылша әкелуге жұмсады. Сатушы үлкендеу екі қызылшаны өлшеп   891 теңге шыққанын айтты. Ал бір келі қызылшаның бағасы 1500 теңге екен. Анам айтқасын алу керек. Бұрын-соңды қызылша алып көрмеген мен топырақ-топырақ, біреуінің өзі жұдырығымдай болатын қос қызылшаны қолыма ұстап, таңғалған күйі үйге келдім.

Бақандай 891 теңгеге екі-ақ түйір қызылша алғаныма ішім удай ашыды. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» енбегі мен бірнеше өлеңдері жинақталған кітапты бірер апта бұрын ғана 890 теңгеге сатып алып едім. Бір кітаптың құнына тең бұл не деген көкөніс? Мұны алғанша бір кітап алсам ғой. Сонда бұл қалай болғаны? Ахмет атамыздың халыққа пайдасы тисін деп, жылдар бойы зерттеп, білімін сарқа жазған еңбегі мен өзіміздің карапайым бақшада өскен екі түйір қызылшаның бағасы бірдей болғаны ма? Бүкіл ғұмырыңа рухани азық болатын еңбек пен бір-ақ сәттік тән азығының кұны неге бірдей? Бұл әділетсіздік емес пе? Әлде бұл қазіргі қоғам санасының деңгейі ме? Қызылшаның кұр өзі қарын тойғызбайтыны белгілі ғой. Онымен қоймай 1 теңгеге артық өзі...

Қалтадағы көкөніс саны мен чектегі санның үйлеспейтінін көрген анам менің алданғанымды айтып бұлқан-талқан болды. Анамның шапшаң жүрісіне зорға ілесіп, бағанағы дүкенге кайта келдік. Қызылшаның тұсына жапсырылған қағазда бір нөл артық салынып кетіпті. Сатушы жұмысқа жаңадан келген кісі екен. Мен екі түйір қызылшаны он есе бағасына алыппын. Жағдайдың анық-қанығын білген соң, сатушы кешірім сұрап, екі түйір қызылшаны өз бағасына берді. Қайтарымын алып, яғни 802 теңгені қалтаға салып, үйге қайттық. Анам 802 теңгені бұлдап барған жоқ, әрине. Маған сабақ болсын дегені еді. Қарапайым нәрсенің бағасын білмегеніме кейіген анам менің аңқау екенімді, өмірде мені алдау өте оңай екенін, сол үшін жүрегі ауыратынын жол бойы айтумен болды...

Айтайын дегенім, қазір көп адамның дүние ісінде жанашыры көп болғанымен, ақырет ісі мен рухани әлемінің жанашырлары жоқ. Сіз бүгін бағадан хабарыңыз болмағандықтан, ұтылдыңыз. Ал ертең өз жаныныздың бағасын білмегендіктен, нәпсіңізден ұтылмасыңызға кім кепіл? Бүгін білуге талпынбағаныңыз үшін ертең опық жеп қалмасыңызға кім кепіл?
Бүгін ештеңеден хабары жоқ болса да, сізге зат сатқан сатушының қателігінен желініп қалдыңыз. Ал ертең өзі адасып жүрсе де, жол көрсеткен жанның қателігінен қасқырға жем болмасыңызға кім кепіл?!

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру