«ЕЛ БОЛЫП БІРІГУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ»

01 қыркүйек 2021 6739 0
Оқу режимі

Заманында алып қағанат құрып, жарты әлемге билігін жүргізген әйгілі Білге қағанның өзі осылай артына сөз қалдырған екен. Елдiң мұңы, жердiң қамы үшiн «түнде ұйықтамай, күндiз отырмай» күрескен баһадүр бабамыздың бақыт деп басқаны емес, бірлікті айтуы көп ой салады. Сол кездегі тарыдай шашыраған көшпенділердің басын біріктіріп, бір тудың астына жинаған білікті басшы бұл сөзді өмірдің өзегінен сығып шығарғандай көрінеді. Расында да, мемлекет қанша мықты, тегеурінді болғанымен, ішкі бірлік пен қоғам ынтымағы болмаса, ыдырауға ұшырайтыны анық емес пе?!

... Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауын тыңдай отырып, осы бір қанатты сөз ойымда тағы бір жаңғырды. Ел әлеуетін арттыруға көптеген бағыт-бағдарламаларды қозғай келе Мемлекет басшысы: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді», – деп атап өтті. 

Ия, бүгінде жүзден астам ұлт өкілі мен ұлысты бауырына басқан біздің елімізде ауызбіршілік пен ынтымақтың құны өте жоғары болуы керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кететінін» ежелден ескерген бабаларымыздың бірлік болмайынша, тірлік те өнбейтінін кесіп айтқан. Қаншама алып империялар мен тасы өрге домалаған мемлекеттердің көбіне сыртқы жаудан емес, іштен шыққан іріткіден ыдырап, бүліктен құлап жатқанын қарт тарихтың беттерінен анық көруге болады. 

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған Абай атамыздың да айтпағы – осы ел бірлігі, қоғам арасындағы ынтымақ пен мейірімділікті молайта түсу болатын. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, ананың ұлты бөлек, мынаның діні басқа деместен, ортақ Отанымыз – Қазақстанның келешегі жолында бірлікпен, бірімізге деген бауырмалдықпен, жақын тартар жанашырлықпен қарым-қатынас жасар болсақ, Білге қағанның өзі армандаған бақытқа қол жеткізбейміз бе?! Алла өзі елімізге жар болғай!

Ерболат Жүсіпов
Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру