ЕНШІ БЕРУ

01 желтоқсан 2023 3212 0
Оқу режимі

Қазақ халқының ұлға енші, қызға жасау беру салты қай заманда, қай дәуірде шыққанын ешкім дөп басып айта алмайды. Есесіне, өте ертеден қалыптасқан, ата-ананың бұлжытпай орындайтын парызы екенін бәрі білген. Ғасырлар қойнауынан жеткен осы көне дәстүр жайлы ел ішінде әртүрлі аңыз-әңгімелер жеткілікті. Соның бірі - Алаша ханнан бастау алатын үлгісі. "Керегеміз - ағаш, атамыз - Алаш, өзіміз - қазақ" деп халқымыз күні бүгінге дейін өзін Алаштың ұрпағы санайды. Сол Алаша бабамыздың үш ұлы болған екен. Бабамыз қартайып, жарық дүниедегі жүрер жолының аяқталар межесіне жеткенде бүкіл мал-мүлкі төртке бөлініпті.

Ұш ұлдың үлесін теңдей беріп, төртінші бөлігін:

"Бұл - қара шаңырақтың қоры, қонақ сыбағасы, көпке ортақ дастарқан үлесі", - деген екен. Әлгі "дастарқаны қазақтың - бөлінбеген еншісі" дейтін дала қағидасы осыдан шыққан дейді.

Қазақ салты бойынша әулеттің үлкен балалары жеке отау көтеріп, енші алып бөлек шыққанда, ата-ананың түтінін түтетіп, ұрпақ өсірген жері "қара шаңырақ", "үлкен үй" деп аталады. Әке-шешенің қолында олардың "сүткенже" деп әтеуірлеген кіші баласы қалады. Сол кенжесі ес білгеннен бастап "қара шаңырақтың мұрагері" болатынын, үлкен үйдің жауапкершілігін, ата-ананы күтіп қамқоршысы болу міндет-парызын санасына сіңіріп, зердесіне жеткізіп өсіреді, сол бағытта тәлім-тәрбие берген. Өйтпегенде ше, қара шаңырақ кейінгі өсіп-өнер ұрпақ үшін қадірлі де қасиетті орда саналады. Сол үйден тараған барлық үрім бұтақтың әр кез басы қосылып, ынтымақ-бірлікке дәнекер болатын құтты мекені. Үлкен үйге одан өрбіген барлық отаулар, ұзатылған қыздар, құда-жекжаттар, нағашы-жиендер аса құрметпен қарап, әртүрлі ырым-кәделерін, сыбағаларын әкелуді өздеріне борыш көріпті. Әсіресе Наурыз, Айт кезінде, ең алдымен, қара шаңыраққа сәлем беріп, ата-баба рухына Құран бағыштайды. Оларды еске алып, игі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.

Кенже бала ата-ана өмірден озған соң "үлкен үйдің" толық мәнді табиғи мұрагері болады.

Кенжені "қара шаңырақ" иесі ретінде барлық ағайын-туғандар да құрметпен әрі тектеп тәрбиелеп отырады, "үлкен үйге" лайық белді, беделді болуға баулиды. Бұл - ата дәстүріміз. Кенже қара шаңырақтың қожасы болғанымен әулет тізгінін ұстамайды. Салт бойынша әулетті басқару жасы үлкен ағаға тиесілі.

Үлкен ағалар өз арасынан қарым-қабілеті, ақыл-парасаты бар, ауылға ұйытқы, бірлікке тиянақ болатын біліктіні белгілейді.

Сонымен, халқымыздың ұлға енші, қызға жасау беруі перзенттеріне дүние бөліп беріп, ата-ана парызын өтеуі ғана емес. Бұл ұрпағын ерте бастан азаматтық жауапкершілікке, өз алдына дербес тіршілік жолдарын үйренуге, шаруаның кілтін тауып, ығы-жығын түсінуге, байлық пен бақытқа еңбек етіп, тер төгіп жетсін деген көрегендігінен шыққан. "Әкенікі балаға мал болмайды" дегенді де қазақ айтқан. Өзінің өресіне, күш-қайратына жүгінбесе, бірді екеу етіп босағасын бекітпесе, әке берген дайын дүние көпке бармайды дегенді ұқтырады. Енші берудің екінші бір маңызды жағы да бар. Әке-шеше бақилық болған соң артында қалғандар мал-мүлікке таласып, дау-дамайлы келеңсіз іске барып, көздің құрты - дүние үшін бауырлар алакөз араз болып, береке-бірлікке кесірі тиіп, досқа күлкі, дұшпанға таба болмаудың алдын алған қазақтың текті салты.

Амал қанша, дәстүр жалғастығы үзілгендіктен ұлттық тәрбиенің кемістігін бұл күнде аяқ басқан сайын кездестіріп жатырмыз. Еншіге таласып шешесін сотқа берген бір атақты адамның баласын көрдім. Әкесінің аруағын сыйлағандвқтан атын атауға аузым бармайды. Айтайын деп айтпайсың ғой және қазаққа белгілі бір ағамыз дүние салған соң көпке бармай жұбайы да қайтыс болды.

Сол кісілердің бір ұл, бір қызы бар еді. Кезінде екінің бірінің қолы жете бермейтін Мәскеу, Ленинград қалаларында оқытты. Сол шіркіндер ата-анасынан қалған пәтерге таласып, әке-шешенің артынан шу жасады.

Беделді үлкен ақсақалдар ақыл айтып, жөн сілтеп тоқтатпақшы болып алдарына барғанда:

"Это не ваше дело, уходите отсюда!" - деп қарияларды айдап шыққан.

Бұл не сонда?

Мұның бәрі - қасиетінен айналайын қара қазақтың қарапайым тектеу, тыйым тәрбиесін көрмеген "мәдениетті тексіздердің" бет-бейнесі.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру