Ережеп айының айрықша оқиғалары

24 ақпан 2020 6880 0
Оқу режимі

Барша халықтардың тарихында елеулі оқиғалар, елеулі күндер, апталар және айлар бар. Мұсылмандардың да тарихы да сондай. Біздің тарихымыз еске алуға тұрарлық оқиғалар мен құбылыстарға бай. (Христиандық дәуірдің) 7-ші ғасырында әлемде ислам өркениетінің таңы арайлап атқанын ескерер болсақ, бұған таңданудың жөні жоқ. Ислам алдымен Таяу Шығыста орнығып, содан соң дүниежүзі бойынша талай жерлерді бағындырып, өзімен бірге білімді, өркениеттілікті және шынайы өрлеуді (жақсы жағына өзгеруді) алып келді.  

Мұсылмандардың ай күнтізбесіндегі ең маңызды ай - Рамазан айы екені айтпаса да белгілі. Бұл − Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында да ерекше мәнге ие болған, ол дүние салғаннан кейін де маңызын әсте жоғалтпаған ай. Оның маңыздылығының қасында қалған 11 айдың маңызы болмашы көрінеді. Алайда, өзге айлардың да әрқайсысының өзіндік айрықша мәні бар. Жақында Ережеп айы басталғандықтан, біз оның тарихына толығырақ тоқталмақпыз. Атап айтқанда, бұл ай ислам тарихындағы адамзат тарихының барысын өзгерткен төрт оқиғаның куәсі болды.

1. Пайғамбарлықтың 10-шы жылының (шамамен 620 жылдың) Ережеп айында әл-Исра уәл-Миғраж деген атпен белгілі оқиға орын алды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір түннің ішінде Меккеден Иерусалимге ғажап түрде ауысып, содан соң көкке және одан жоғары қарай көтерілген. Бұл ғажайып саяхаттың рухани мәні тек қана пайғамбарлық мияссияның басталу кезеңінің маңызымен парапар келеді. Ол уақытта Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қиын жағдайда болатын: исламдық үндеуді алғаш бастаған кезден бері оны қорғап келген ағасы Әбу Тәлібтен айрылған еді, сондай-ақ, сол уақытта оның сүйген жары Хадиша (Алла оған разы болсын) көз жұмған болатын. Мұсылмандар Меккенің пұтқа табынушыларының тарапынан қуғынға, қысымға ұшырап жатты. Дәл сол ушығып тұрған жағдайда Ислам мен күпірліктің арасындағы күрестің қызған шағында Алла Өзінің таңдаулы құлына Өзінің ең ұлы белгілерін көрсетуді қалап, Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Иерусалимдегі қасиетті мешітке (Әл-Ақсаға) ауыстырып, одан әрі көктен де жоғары көтерді. Сол жерде ол Алла Тағаламен тілдесу мәртебесіне ие болды.

2. Сонымен қатар, Ережеп Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамаша жеңістерінің біріне куә болды. Хижраның 9-шы жылы Табукқа жорық жасалып, ол бүкіл Аравия түбегінде Ислам билігінің орнауымен аяқталды. Аптап ыстық пен ұзақ сапардың қиындықтарына қарамастан, мұсылмандар қажымастан Шамға қарай жүріп отырды. Сол кезде Византия әскері мұсылмандардың жерлеріне шабуыл жасауға дайындалып, Табукқа лагерімен кеп жайғасқан болатын. Бірақ, олар таяп келе жатқан мұсылман әскерінің саны мен күшін және оны Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі бастап келе жатқанын естігенде қорыққаннан тым-тырақай қашып, бекіністеріне барып тығылды. Соның арқасында Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Табукты шайқассыз басып алды. Ол пұтқа табынушылардың болар-болмас қарсылығын басып, ол жерде бір айға шамалас уақыт болды. Сонымен бірге, Византияның бақылауында болған облыстардың әміршілеріне хат жіберді. Олар онымен бейбітшілік келісімін жасап, джизья төлеуге келісімдерін берді.

3. Үшінші оқиға да хижра бойынша 583 жылы (григориан күнтізбесі бойынша 1187 жылы) Ережеп айында орын алды. Ол кезде сұлтан Салахуддин әскерімен бірге Иерусалимге жорыққа шығып, оны сол аймақта жүз жылға жуық уақыт үстемдік еткен крестшілерден азат етті. Бұл жеңістің маңызды рөл атқарғандығының себебі − Иерусалимнің Исламдағы алатын орнында ғана емес, ислам жерлерін бағындыруда крестшілер үшін Иерусалимнің мәні ерекше болғандығында. Сол оқиғадан бірнеше ай бұрын Хаттиндегі шайқаста Салахуддин крестшілердің Ги де Лузиньян мен Триполилік 3-ші Раймонд бастаған әскерін талқандаған болатын. Бұл жеңіліс крестшілер үшін үлкен қасірет болды және крестшілердің жорықтарының тарихын мұсылмандардың пайдасына бұрған сәтке айналды.

4. 800 жылға жуық уақыттан кейін хижраның 1342 жылы (1924 жылы) Ережеп айында мұсылман үмбеті үшін тағы бір ерекше маңызды оқиға орын алды. Ол көңілге қаяу саларлық жайт болса да, айтып өтуге тұрарлық. 28-ші Ережепте (3-ші наурызда) Мұстафа Кемаль-паша (Ататүрік атымен белгілі) Осман халифатын ресми түрде жойды. Ғасырлар бойы мұсылмандардың басын біріктіріп, шариғат заңдарын толықтай жүзеге асырып отырған халифат күйреді. Ғасырлар бойы мұсылмандардың қорғаны болған билік талқандалды. Сол қорғаныштан айрылған мұсылмандар, олардың ресурстары мен жерлері мұсылман емес колонизаторлардың оңай олжасына айналды. Олар халифаттың түгелдей жойылып, толықтай зайырлы билікпен ауыстырылуы үшін оған өз биліктерін жүргізіп отырды.  

Ислам тарихындағы бұл төрт оқиға – расында да маңызы зор, жадымызға түюге лайықты оқиғалар. Олар − тарихымызды белгілі бір бағытқа бұрып, нықтап берген оқиғалар. Бұл – қаперімізде тұтып, атап өтуге тұрарлық оқиғалар. Біз үмбетіміздің халіне ой жүгіртіп, оларға біздің исламдық міндеттеріміз тұрғысынан баға беруіміз қажет. Біздің ол оқиғаларды жадымызда сақтауымыз Жаратқан Иеміздің алдындағы міндеттерімізді қолымыздан келгенше орындауда табандылық танытуымыздан байқалады.

Біз Ережеп айына аяқ басқандықтан, өзіміздің ұлы тарихымызбен танысып, жоғарыда аталып өткен нәрселердің бәрін шын ықыласпен және Алла разылығына деген талпыныспен орындау мүмкіндігін пайдалануға тиіспіз.

Исра уәл-миғраж түнінде орын алған оқиғалар жайлы ойланып, өз-өзімізден мынаны сұрауымыз қажет: біз Ислам мен күпірліктің, бұл жолы зайырлы либералдықтың арасындағы күрестің тура ортасында қалғанда өміріміздің үстем ұстанымы ретінде Исламды таңдаймыз ба? Үмметіміздің жағдайы жайлы да ой жүгірткеніміз жөн: біз мұсылмандардың басын біріктіріп, Ислам рухын қайта жаңғыртуға күш салып жатырмыз ба? Шариғаттың жеке өмірімізде жүзеге асырылуы үшін не тындырып жатырмыз? Күллі адамзатты ілгерілетіп, екі дүниенің де бақытына жетелеп, оған үлгі болуды білдіретін міндетімізді дұрыс атқарып жүрміз бе?

Біз осы сұрақтарды өз-өзімізге қойып, тарихымыздан тағылым ала білуіміз қажет. Себебі, бұл жерде біздің өткеніміз ғана емес, болашағымыздың да жайы сөз болып отыр.

Пікірлер Кіру