ЕУРОПА ҒЫЛЫМДЫ МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНЕН, ЯҒНИ ШЫҒЫСТАН ҮЙРЕНДІ

24 сәуір 2024 1822 0
Оқу режимі

Еуропаның ренессансы 1300-жылдары басталған. Неге? Өйткені бұл уақытта олар Испан жеріндегі Андалусия Ислам мемлекетінің мәдениетімен және кресшілер жорығы нәтижесінде шығыстағы араб жерлеріндегі өркениетпен танысты. Хазірет Осман (р.а.) халифалық құрған кезде, жолаушылар, әлсіздер, кейбір зәру жандар дәм татып кетсін деп, мешіттердің алдында ас пісіртіп, қоғамдық орындар жарық болып тұрсын деп, арнайы шырақ жақтырып қоятын. Бұл әдет кейін де жалғасын тапты. Миллиондаған халық өмір сүрген Кордова қаласының көшелері түн мезгілдерінде жарықпен қамтамасыз етіліп, қала халқы арнайы төселген асфальтпен қатынады. Ал Еуропаның қалалары қалың батпақ пен ұйыққа малтығып, бас көтере алмай жатты. Мұсылмандық мәдениетпен танысу Еуропаны ғасырлар бойғы қалың ұйқысынан оятты, қозғау салды. Батыстың кейбір ғалымдары «Орта ғасырларда кейбір Еуропа билеушілері өз аттарын дұрыстап жаза алмай жүргенде, Кордовада мұсылман балалары медреселерде оқып жатты» деп жазған. Осы таныстықтың игі нәтижесінде 1425-жылы Италияда жарыққа шыққан медициналық анықтамалықта Еуропа дәрігерлерінің сиынған пірі Галенге сілтеме 130, ал Исламның ғұлама ғалымы, медицинаның атасы Ибн Синаға 3000-нан астам, ал Еуропа Разец деп атайтын Әбу Бәкір Разиға 1700 сілтеме бар. Кордовада жүздеген кітапханалар болып, оның орталық кітапханасында жинақталған кітаптар каталогы 44 томға жеткен.

Бағдат қаласын Әлеуке ханның қолы қиратқанда, көпшілік пайдалануы үшін жасақтап қойылған Сабур сарайындағы 200 мыңдық кітапхана қоры Ефрат өзеніне тоғытылғанын тарихшы Ибн Туғрыберді жазды. Медицина саласында Бағдатта жоғары деңгейде 6000 студентті тәрбиелейтін оқу орны болды. Әрбір әзірленген дәрігерге бір көмекшіден бекітіліп берілді. Еуропа кейбір алапес сырқатына шалдыққан жандарды өртеп жатты, ал мұсылман елдері оларды жеке орындарда емдеп, мәңгілікке мемлекет қарауына алып отырды. Сахаралық халықтар дәрігерлік көмектен тыс қалмауы үшін арнайы жасақталған керуендер шығарды. Тіпті кейде бір бейшаралар ақшасы болмай, дәрігердің көмегін уақытында алып тұрарлық қолтаңба өздерінде болсын деген оймен алғашқы дәрігерлік көмек туралы анықтамалық кітап әзір етілді.

Сағат жасау өнеркәсібі де мұсылмандардың намаз уақытын белгілеу қажеттілігінен туындаған, олар 800 жылдан бұрын алғашқы сағатты жасап шығарды. Франция патшасы Шарлманға Бағдаттың халифасы Һарун Рашид ағаштан жасалған сағат тарту етті. Жер бетінде бірінші рет Бағдатта обсерватория салынды. Қазіргі әлемнің бұрыш-бұрышын шарлап, енді ғана көзі ашылып жатқан ғалымдар өздерінің осы жетістіктері үшін Ибн Һайсамға қаншалық қарыздар! Ол ресми ойыс айна, дөңес айна деп аталған телескоп жасау өнеркәсібінде қолданылатын өте құнды теорияның авторы. Бірақ осынша нәрсе ғылым жолын кең ашқан Құранның арқасында ғана мүмкін болды. Ислам діні осылайша ғылым мен мәдениетке орасан зор үлес қосты, әлі күнге дейін өз үлесін қосуда[1].

Орайы келген соң кейбір мұсылман жағрапияшылары мен еңбектерін атап кетейік Ибн Хурдадбих (820/886/912) «Китап әл-Мәсалик уәл мәмәлик», Сүлеймен әл-Тәджир (ІХ ғ. ) «Ахбар әл-Син уәл Хинд», Әбу Әли Ахмет Рүстехұлы (өлімі 913) «Муруж әл-Зәхаб уә Мағадин әл-Жауһар», Ибн әл-Нәдим (өлімі 995) «әл-Фихрист», Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Идриси (1100-1166) «Китап Нұсхат әл-Мұштақ фи Ихтирақ әл-Афақ», Закария әл-Қазуини (1203-1283) «Ажайиб әл-Махлуқат және Ғараиб әл-Маужудат», (Махлуқаттың ғажайыптары және қоршаған ортаның ғарып жағдайлары), Ибн Сағит (1214-1286) «Китап әл-Жуғрафия фи ақалим әс-Сәбға», Әбүл Фида (1273-1331) «Китап әл-Мухтасар фи ақбар әл-Башар», «Тақуим әл-Булдан», Димашқи (өлімі 1317) «Китап Нухабат әл-Дахр фи Ажайб әл-Барр әл-Бахр», Шәхауиддин Ахмет әл-Нуайыри (өлімі 1332) «Нихаят әл-Араб фи Фунун әл-Адаб» (Әдеп пәндеріндегі арабтардың шегі), Абдуррахман Әбу Зайд Халдұнұлы (1332-1406) «Китап әл-Ибар», әл-Махризи (1365-1442) «әл-Мауағиз уәл Итибар фи Зикр әл-Хитат уәл Асар», Ибн әл-Бақун (ХVғ. ) «Китап әл-Фауаид фи Усул әл-Бахр уә Қауид», Әбул Фазыл (1655-1602) «Ғаини Ахбари», Бадауни (1540-1615) «Тарихи Әлфи», «Мунтахаб әт-Тауарих»[2].

Сыр бойы мен Жетісу өңіріндегі орта ғасырлық қалалардың орны мұсылман авторларының еңбектерінің арқасында табылып, ашылды. Тариф, магазин секілді мыңдаған терминдер мен сөздердің Еуропа тілдеріне кіруі мұсылмандардың ғылымда қаншалықты жоғары болғанын паш ететін тірі айғақтар. Мұсылман билігі орнаған өңірлерде ғылымның жұлдызы жарқырағаны туралы Батыс авторлары емірене жазады. Қысқа қайырып айтқанда, басқа наным-сенімдердің әу бастан ғылыммен айқасатыны, ақылға сыймайтын нәрселерді үгіттейтіні кең тарауына жол бермеді. Бұл әрқашан да солай бола бермек. Құран кәрімнің тілі әдебиетшілер, тіл мамандарын, көпшілік пен жеке адамдардың рухын баурайтын қасиеттері психологтарды, социологтарды; барша ғылымның сырын шешетін аяттары басқа салалардағы ғылымдарды таңдандыруда. Құран кәрімді, яғни, Раббымыздың сөзін оқып түсінуге, одан мүмкіндігінше нәр алуға ұмтылғанымыз абзал. Онда сұрақ атаулының бәріне жауап табуға болады. Осы орайда Құранның ғылымды және ғылымның Құранды растағанын бір мысалмен де болса атап кетейік. Кітап атаулының анасы адамның жаратылысындағы хикметтер мен жаратылыс сатылары туралы терең мағыналы сөйлемдер келтіреді. «Сендерді аналарыңның құрсағында үш қараңғылықта жаратылыстан жаратылысқа жеткізіп, жаратуда!» делінген аят бар (39-сүре, 6-аят).

Ал енді адам анатомиясын оқып көрейік, «жатыр қабырғасы негізгі үш қабаттан тұрады. Бірінші, сыртқы қабат perimetrium, бұл жатырмен бірігіп, оның сироз қабықшасын, tunica serosa түзетін висцеральді іш астар. Ортаңғы қабат, muometrium, бұл бұлшық етті қабықша. Үшінші ішкі қабат endometrium, бұл шырышты қабықша». Осы үш қабат та болашақ нәрестені сыртқы соққылардан қорғайтын, жарық өткізбейтін, суға толған қабықтан (ткань) жасалған. Құранның үш қараңғылық дегенін ғылым енді ғана анықтап, оның хақтығын тағы да бір рет мойындауда[3]!

Құрандағы осы мағынасы өте анық, сенімділігі өте мығым аяттар-ақ оның адамның емес, Раббымыздың сөзі екендігін дәлелдейді. Құран кәрім түскелі бері өткен XIV ғасыр бойы ешкім оның теңдесін жасай алмай қауқарсыздық танытқаны мәселенің нақты тарихи дәлелі.

Кейбір атеист ғалымдар «Ислам ғылымның өркендеуіне шектеу жасады» деген дәйексіз, жалған пікірлерді айтады. Керісінше Ислам дінінің өмірге келуімен ғылым мен философияның әлемге танылғандығын бүкіл әлем ғалымдары мойындап қана қоймай, дәлелдеп те бергеніне тарих куә.

Осындай үлкен топтың арасынан ерекше орын алатын ғалымдардың бірі – Қазақстандағы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Тархан әл-Фараби. Ол көптеген ғылымдарға үлес қосып, 128-дей еңбек жазды.

Фараби ғұмыр кешкен заман Шығыс елінің оянуға бет алған өзгерістер мен өрлеу дәуірі болатын. Бұл кез арабтың әдеби тілі биік дәрежеге ие болып, мұсылман елдеріне кең қанат жая дамыған кезі еді. Көптеген халықтардан шыққан ұлы ғұламалар, данышпан ақын-жазушылар өз еңбектерін араб тілінде жазып қалдырды. Сөйтіп араб мәдениетін өркендетуге мұсылман дініндегі халықтар түгел қатысып, ұлы мәдениет жасады. Ғылым, өнер, математика, философия, медицина, астрономия, физика, химия өркендеді. Араб тілінде дамыған мәдениет үлгілері кешеуілдеген Еуропа мәдениетінің қарыштап өркендеуіне үлкен ықпал жасады. Фарабиге жалғаса, жаңа ғылымдардың шығуымен ғылым мен әдебиет тағы да өрледі. Әбу Али Сина (Авицена), әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Омар Хаям, Насриддин Гуси, Исмайл Джаухари, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни т.б. түркі тектес елдерден шыққан дана адамдар дүниеге келді. Осылайша білім-ғылым, өнер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасып, дамылсыз даму үстінде болды. ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс өркениеті басқа елдерге үлгі-өнеге берерлік биік сатыға жетті. Сол өскелең өнер-білімнің асқар белін әл-Фараби еңбектері танытады. Олар: «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжамдар», «Вакуди туралы трактат», Платон, Аристотель, Птомолей, Ломей, Порфирий еңбектеріне түсініктер[4].

Әл-Фараби 870-жылы дүниеге келген. Алғашқы дәрісті туған жерінде алады. Сол кездегі араб мәдениетінің орталығына айналған Бағдат қаласында көп жылдар бойы жатпай-тұрмай оқып, зерттеу жұмысын жүргізген. Ол ежелгі грек ғұламаларының, әсіресе Платонның жазған еңбектерін терең түсініп оқыған. Кейінірек Сирияда біраз жұмыс істеген. 950-жылы Дамаск қаласында қайтыс болған. Әл-Фарабидің жазған еңбектерінің ішінде философия мен логика терең зерттелген. Сондықтан Шығыс ойшылдары оны көзі тірісінде-ақ «әл-Муғалиму әс-Сани», яғни «екінші ұстаз» деп атап кеткен. Ол таза философиялық, логикалық еңбектермен қатар физикалық, матеметикалық және натурфилософиялық, музыкаға да қатысты еңбектер жазып қалдырған.

Орта ғасырдағы ғалымдардың ішінде тамаша энциклопедист Әбу Райхан әл-Бирунидің еңбектері өз замандастарына қатты әсер еткен. Ол ғылыммен айналысқан кездерінде шешілмей жатқан мәселелер болса дін қағидаларына жүгінген. Әбу Райхан әл-Бируни 973-жылы қазіргі Қарақалпақстан жерінде дүниеге келген. Жастайынан әр нәрсеге құмар болып, айналадағы әлемді тануға тырысып бақты. 21 жасында астрономияға терең үңіліп, көптеген ғылыми нәтижелерге жетті. Бирунидің бір ерекшелігі, Ислам дінінен басқа діндерге құрметпен қараған.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ

 


[1] ХХІ ғасыр: Білім беру және руханият мәселелері: ғылыми еңбектер жинағы

[2] Бухари, Саум, 13 б. Мүслим, Сиям, 47 б.

[3] Морис Букаи, Тора, Евангелие и Коран в свете современных научных знаний, Москва 2000.

Пікірлер Кіру