ЕЙ, ЖАСТАР, ҚАЛАЙ ДЕЙСІҢ БҰЛ ДҮНИЕ...

05 желтоқсан 2024 343 0
Оқу режимі

Ей, жастар, қалай дейсiң бұл дүние,
Мұны бүйтiп жаратқан қандай кие?
Бiлiмсiз, мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, бiлiм, ой шығар бар ма жүйе?


Керексiз жаралған бiр тозаңы жоқ,
Тәртiбi таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан iздемей-ақ ойласаңыз,
Көру үшiн жаралған көзiңiз де.


Cебебi толымдының iсi толық,
Ең түпкi жаратушы – мiнсiз ие.
Күш, бiлiм, шеберлiктi iс бiлгiзер,
Естi, мiнсiз шебердiң iсi емей не?


Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей кәпiрменен.
Егер сөзiм қонбаса көкейiңе,
Жығарлық дәлелiңдi айт ақылменен.


Дағды, күншiл, өзiмшiл, айла, мақтан
Қайрылмай дос-жарыңа, жақынменен.
Ар, нысапқа не жауап берер едiң,
Түзу iстi қисайтсаң тақылменен.


«Құдай жоқ, қиямет жоқ» десең-дағы,
Арың жолдас емес пе мақұлменен?

 

ШӘКӘРІМ

Пікірлер Кіру