«Ғалымның еті – уланған»

07 қазан 2020 5306 0
Оқу режимі

Асыл дінімізде ғайбат айтудың үлкен күнә екендігі баршаға аян. Қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне қарар болсақ та, тілден келер кесапаттың көптігі ескертіліп, «екі жағының ортасындағыға ие болған жанның» сыйы жәннат екені айтылады. Ал, жел сөзге ерік беріп, біреуді орынсыз ғайбаттағандарды туған бауырының етін жегенмен теңестіріп, ондайдан аулақ болуға шақырады.

Дегенмен, осы бір күнәлі әрекеттің кейінгі кездері тіптен өрісі кеңіп, ғайбаттың күйесі ғұлама-ғалымдарымызға да аямай жағылып жатқаны алаңдатады. «Анау адасқан, мынау бидғатшы» деп, айналасындағылардың бәріне қиналмастан ат қойып, айдар таға салатын кейбір бауырларымыздың бүкіл ғұмырын дін саласына арнаған атақты ғалымдардың бір еңбегін білмей жатып, тіл тигізетіні тіптен өкіншті! Бұл олардың ең алдымен білімсіздіктерін аңғартады. Әйтпесе, діннен сәл хабары бар адамның «Шындығында, ғұламалар – пайғамбарлардың мирасқорлары» екенін білмеуі де, естімеуі де мүмкін емес. Ал, қасиетті Құран аяттарында: «Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің және өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін арттыра түседі»[1], – деген. Аталмыш аятта Жаратушымыз білім иелерінің мәртебелерінің жоғары екендігін баса айтады. Өйткені, білім – Жаратушымыздың бір сипаты.

Жалпы ғалымдарға тіл тигізу, олардың абыройын төгу адамның өзінің дініне тас атумен бірдей екен. Көптеген ғалымдар, атап айтар болсақ, Әбу Ханифа, Шафиғи сынды ғалымдар «ғұламаларды Алланың достары» деп бағалаған екен. Ақида ғылымында оза шапқан Имам Тахауи өз кітабында ізгілікпен танылған ғалымдар жайлы жаман ойда болу олардың тура жолда еместігін көрсетеді деген екен. Кейде пенде болғандықтан ғалым да қателікке бой алдыруы табиғи. Бірақ ғалымның қатесін ғалымнан басқа адамның айтуы орынсыз болмақ.

Кейде адамдар тарапынан белгілі бір ғалым жайлы біліміне амал жасамайды деген қауесеттерді де естіп жатамыз. Амал жасау, жасамау – пенде мен Раббысы арасындағы жеке байланыс. Ақыретте әркім өз амалы үшін жауап беретіндігін ұмытпайық. Өйткені пендесіне білім беру, оны дарыту – Алланың пендесіне деген нығметі болмақ. Танымал ғалым Хаммад ибн Зайд білім мәжілістерінде Пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған білімді кеңінен таратуға ат салысатын болған. Бір күні мәжілісте отырған бір адамның күліп отырғанын байқап қалып: «Пайғамбарымыздың қастерлі сөздері айтылғанда күлкіге бой алдыру мен үшін Пайғамбар құзырында күлумен бірдей», – деп, ғылыми мәжілісті тоқтатып тастаған екен.

Жалпы айтар болсақ, адам баласы діннің бұйырған амалын орындамаумен күпірлікке түспейді. Білімсіздік пен жалқаулық себепті парыз болған амалды орындамауы мүмкін. Бұл күнә болады. Бірақ бәзбіреулер айтқандай, кәпір болып қалмайды. Бірақ сол амалды жоққа шығарып жіберсе, күпірлік қаупіне түсіп қалуы мүмкін. Осы себепті де діннің үкімдерін, яғни қайсы амал парыз, қайсы амалдан тыйылуымыз керектігін тізіп беретін ғұламалар. Сондықтан әрбір мұсылман білім иелеріне әрдайым құрмет көрсетуі міндет. Ханафи мәзхабының бағалы кітаптарында мына мәтіндегі қағидаларды көптеп кездестіруге болады: «Кімде кім ғалымды себепсіз жек көретін болса, ол адамның күпірлікке түсіп қалу қаупі бар», «Кімде кім ғалымды себепсіз балағаттаса, ол адамның күпірлікке түсіп қалу қаупі бар». Жоғарыдағы «себепсіз» сөзінің мағынасы әрбір адамның жеке пікірі болуы мүмкін. Бір ғалымның түр-келбеті, адами қасиеті ұнамауы мүмкін. Бірақ ғалымның айтқан сөзін, белгілі мәселеге қатысты берген пәтуасын жек көріп, жамағат арасында ауызбіршіліктің бұзылуына жол берілмеуі тиіс. Өйткені пендеге білімді дарытқан Жаратушымыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен білімді бөліп, жіліктеушімін. Беруші Алла», – деген екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, қазіргі уақытта қоғамда, әсіресе жамағат арасында жасырын іріткіге себеп болушы әрекет – кемсіту, оларға әртүрлі жаланың жабылуы тамыр жаюда. Дұрыс, әрбір адамның ойлау еркіндігі бар шығар. Бірақ бұл еркіндік қоғам бұзылуына алып бармауы керек. Танымал ғалым Ахмед ибн Ханбал: «Ғалымның еті уланған. Кім оны иіскесе ауруға шалдығады, ал кімде-кім жеп қойса өліп қалады» – деген.  Сондықтан әрбір мұсылман білім иелеріне тіл тигізіп, олардың мәртебесін түсіремін дегеннен гөрі өз бойындағы қателіктерін жөндеуге тырысып, ғұламалардың батасын алып қалуы нұр үстіне нұр болмақ!

 

Ерболат Жүсіпов
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы


[1] «Мужадала» сүресі,

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру