«ГҮЛЕНШІЛЕР» ҚОЗҒАЛЫСЫ

16 қазан 2024 985 0
Оқу режимі

Бұл материал – Түркия Дін істері басқармасына қарасты Дін істері Жоғарғы кеңесінің «Kendi  dilinden Fetö örgütlü bir din istismari» ФЕТО ұйымының дінді жеке мүддесіне пайдалануы өз тілінде (ұйым жетекшісінің кітаптарынан айғақ)» 140 беттік сараптамалық материалына сүйене отырып әзірленді.

«Гүленшілер» қозғалысы әлемге түрік жамағаттарының арасында қанатын кең жайған ірі трансұлттық діни ұйым ретінде танымал. Қозғалыстың басшысы – Мұхаммед Фетхуллаһ Гүлен, 1941 жылы Түркияның шығысындағы Ерзұрұм аймағында дүниеге келген. Жастайынан діни білім алып, Саид Нурсидің «Рисале-и нұр» атты еңбегінен көп әсер алып, «нұршылар» деп аталатын жамағаттың дәрістеріне қатысқан. Түркия Дін істері басқармасына қарасты Измир қаласындағы мешіттерде 1966 жылдары уағыз жүргізетін маман қызметін атқарған. Кейіннен Дін істері басқармасындағы қызметінен босатылып, бейресми түрде уағыз-насихат жүргізе бастады.

Бірақ, уақыт өте келе Ф.Гүленнің ұстанған жолы басқа бағытта өрбіді. Ол бастаған қозғалыстың концепциясы «нұршылар» және басқа да түрік жамағаттарынан біршама ерекшеленеді. Атап айтқанда, дінді насихаттау ұранымен «Гүленшілер» қозғалысы модернистік үлгідегі ұйым ретінде әрекет етті. Ол үшін батыстық жүйедегі зайырлы білім беру мекемелерін – орта және жоғары оқу орындарын ашу, сондай-ақ, заманауи ақпарат құралдарын (газет, журнал, радио, телеарналар) тиімді пайдалану арқылы өз мүдделерін жүзеге асыруға тырысты.

Фетхуллаһ Гүленнің идеялары негізінде құрылған қоғамдық қозғалыс «Хизмет» деп аталады. «Хизмет» жамағаты – 1960 жылдардан бастап қалыптаса бастаған діни-қоғамдық ұйым. Бұл ұйым, БАҚ, қаржы институттары, баспа ісі, дәрісхана, жатақхана, курстар, мектептер мен жоғарғы оқу орнын ашу, кәсіпкерлік, қайырымдылық және интеллектуалдық қызмет сияқты қоғамның көптеген салаларында түрлі қызметтермен айналысады.

Ф.Гүленнің жетекшілігіндегі қозғалыстың құрылымына дүниежүзінің әр жерінде ашылған көптеген қор, компания, білім беру орыны, бизнес корпорациясы, баспа үйі кіреді. Ресми түрде Ф.Гүлен өз қозғалысының мақсатын «исламды тарату» деп көрсетеді. 2015 жылдың 11 желтоқсанында Анкара Бас прокуратурасы, Фетхуллаһ Гүлен мен Гүлен қозғалысы мүшелерін «Фетхуллашы террор ұйымы/параллель мемлекет» деген айыптау актісі бойынша  қылмыстық іс қозғап, оның ел аумағындағы қызметіне тыйым салған.

Ф.Гүлен ең алғаш 1971 жылы Түркияны діни негіздегі мемлекетке айналдыру идеясы үшін қуғындалып, 3 жылға сотталған. 1980 жылы екінші әскери төңкеріс кезінде де іздеудегі күдіктілер қатарында болған. Ал 1986 жылы қауіпсіздік қызметі тарапынан тұтқынға алынып, 1987 жылы сол кездегі жаңа басшы Тұрғыт Өзалдың рахымшылымен қайта бостандыққа шыққан.

2000 жылдың тамыз айында Түркияның жоғарғы соты Ф.Гүленге қатысты 79 беттен тұратын айыптау қорытындысын ұсынған. Онда бейне және дыбыстық материалдардан тұратын фактілер негізінде Ф.Гүленге «өзіне қарасты мектеп, интернат мен курстарда жақсы дайындалып, оқытылған шәкірттері арқылы Ататүрік ұстанымдарын жоққа шығара отырып, шариғатқа негізделген мемлекет құру үшін зайырлы мемлекетті құртуға ниеттенген» деген айып тағылды. Сондай-ақ айыптау қорытындысында Гүлен тобының Түркияның қарулы күштері, мемлекеттік органдары, білім беру жүйесі, қауіпсіздік органдарына «білдірмей және тереңдеп ену» саясатын екпінді жүргізіп жатқаны баса айтылды. Гүленнің үстінен қылмыстық іс қозғалып, он жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төнді. Гүленнің атамекенін тастап, 1999 жылдары АҚШ, Пенсильвания штатына қоныс аударуының себебін осымен байланыстырылады.

Көптеген сарапшылар Ф.Гүлен қозғалысы зайырлылық ұстанымына қауіп төндіретін және саяси-экономикалық күшке айналуға әрекет етуін сынға алған. Өз кезегінде мұндай тұжырымдар негізсіз емес. Өйткені әлемнің әр бөлігінде белсенді жұмыс істейтін қорлар, білім беру мекемелері, бизнес корпорациялары мен баспа үйлері осы қозғалыстың қаржылық әлеуетін айтарлықтай жоғары деңгейге көтере отырып, идеологиясын насихаттаумен айналысуда. «Гүленшілер» жамағатының осы мүмкіндіктерінің өзі оны кез-келген қоғамға, тіпті мемлекетке ықпалын тигізе алатын қуатты күшке айналдыруы бек мүмкін.    

Гүленшілер қозғалысының дәуірі жүріп тұрған кезде оларға тиесілі білім беру мекемелері әлемнің әр түкпірінде ашылған. Түркияның өзінен тыс елдерде, мысалы: Ирак, Алжир, Пәкістан, Албания, Румыния мен Молдавия, Әзірбайжан, Грузия, Украина т.б. мемелекеттерде 300-ге тарта гүленшіл оқу орындары жұмыс істеген. Ол мекемелерде 400 мыңдай жеткіншек тәлім алған.

Сараптамалар мен талдауларға қарасақ, Фетхуллаһ Гүлен қозғалысы Орталық Азия аймағына ену жағынан жақсы стратегия жасағандығы айтылады. 1991-2015 жылдар аралығында Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда да жүздеген компания мен көптеген мектептер ашқан.

Түркия Дін істері басқармасы, Анкара, 2017: «Дін істері басқармасы, Дін істері Жоғары кеңесі тарапынан дайындалған «ФЕТО ұйымының дінді жеке мүддесіне пайдалануы өз тілінде (ұйым жетекшісінің кітаптарынан айғақ)» 140 беттік талдау жұмысы деген атпен Фетхуллаһ Гүленнің 40 жылдық діни лекциялары талданған. Нақты айтқанда, Дін істер Жоғары кеңесі бір жылға жуық ФЕТО ұйымының шамамен 670 сағаттық дыбыстық және бейне жазбаларына талдау жүргізді. Сонымен қатар, түрік тілінде жарық көрген 80 кітабына сараптама жасады.

Ұйымның идеологиясы тұрақты түрде «Sızıntı» басылымы арқылы таралып отырды. «Sızıntı» жай ғана журналдың атауы емес, бұл ұйымның аты мен әдісі. «Sızıntı» сөзінің мағынасы – ену, бойлау. Бұл жоғары оқу орындарына ену емес, бұл болашақ әртүрлі саладағы кадрлардың санасына, сеніміне және рухани құндылықтарына бойлау дегенді білдіреді. ФЕТО ұйымының әдісінің басты элементі жалған ақпаратты шынайы мағлұматпен қосып жеткізу. Екі мағыналы ой туындайтын тұжырымдар арқылы діни қате түсінік қалыптастыру. Ол үш құдайлық сенімін қорғаштайды. Кейде грек құдайларын тілге тиек етеді. Ұйымның тұрақты басылымы «Sızıntı» журналының мұқабасына Геракл бейнесін көп рет қойғаны мәлім. Аталмыш журнал пайдаланған 19 мың фото тексерістен өтті. Соның 8 мыңы өзге діни таным символдары мен бейнелері екені анықталды. Евангелия және басқа діндер сенім-нанымына қатысты рәміздер қолданған. «Sızıntı» журналының мұқабасына нәресте Христосты көтерген Мария бейнесін пайдаланған. Мұндай әрекеттер қарапайым мұсылманның иманына айтарлықтай зиян тигізетіні белгілі. Иса тақырыбындағы ой-пікірінің түйіні Исаға ілесу арқылы құтылу доктринасын қалыптастырады.

Ол өз тұжырымы арқылы исламды христиандық таныммен біріктіруге талпынады. Діндераралық диалогты құрал ете отырып, өзін әлемге аша түспек болды. 1963 жылы Ватикан шіркеуі дінаралық диалогты қолданғанынан да тереңірек кетті. Нәтижеде, «Исалық мұсылмандар» (христиан ішіндегі мұсылмандар) деген термин ойлап табады. Ал, өзінің жақтастарын «Құдай қауымдастығы» немесе «Пайғамбарлар қауымдастығы» деп атайды. Осындай аласапыран бейберекеттікте өзін Маһди деп кейде Пайғамбар тарапынан қолдау тапқан тұлға ретінде көрсетуге тырысты. Оның айтуынша, мешіттер мен ғибадатханаларды жаба беруге болады. Өйткені, «гүленшілер» басқосатын үйлер «нұр шашқан үйлерге»  баланып, мешіттің орнын басады деп санайды.

Аталмыш қозғалыстың оқу ордалары Орта Азияда 1991-1993 жылдары көптеп ашылып, дарынды балаларды іріктеп ала бастады. Қатаң талаппен таңдалған оқушылардың зияткерлік әлеуеті мен жақсы қаржыландырылған білім беру базасы аз уақыт аралығында олардың басшылығымен ашылған лицейлердің беделін көтерді. Сол арқылы халық арасында балаларын осы мектепке бергісі келетіндердің саны артты.

Білім беру жүйесі тиімді жолға қойылған лицейдің оқушылары республикалық, халықаралық олимпиадаларда алдыңғы орындардан көріне бастады. Бітірушілер арасындағы үздік әрі мінез-құлқы бейімделгіштерін әрі қарай «жетілдіру» мақсатында Түркияға оқуға жіберіліп отырды. Мұндай жастарға осы жамағаттың саяси ұстанымдары мен көзқарастары үйретілуі ықтимал екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

«Гүленшілер» қозғалысы өз қызметінде мемлекет үшін маңызды болған қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеру арқылы қашан да мақсаттарына қол жеткізуді қалайды. Бұл қауіпті құбылыс. Сондықтан бұл жамағаттың ел аумағындағы іс-әрекеттері мен қоғамға ықпал ету әлеуеті ғылыми институттар тарапынан толыққанды зерттеуді қажет етеді.  

 

Төлеби ДӘДІЛҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №11, 2024 жыл

Пікірлер Кіру