«Ихсан – тәрбие негізі» кітабы жайлы зиялылар пікірі

16 маусым 2021 10786 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен ҚМДБ ғимаратында өткен «Ихсан – тәрбие негізі» кітабының тұсаукесерінде жиынның құрметті қонақтары – ел ағалары құнды еңбектің жарық көруімен құттықтап, Діни басқарманың игі бастамаларына жылы лебіз білдірді.

МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ЖАҢА КІТАП ЖАНЫМДЫ ЖАДЫРАТТЫ (ФОТО)

Мырзатай Жолдасбеков (Мемлекет және қоғам қайраткері):

«Бүгін тұсауы кесіліп отырған «Ихсан – тәрбие негізі» кітабының еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндес, рухтас екенін көрдім. Кейінгі жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей атсалысуымен дін мен салт-дәстүр сабақтастығы туралы көкейге қонатын кітаптар көптеп шығып жатыр. Бұл өте құптарлық, қуанарлық жағдай.

Діни басқарманың негізгі міндетінің бірі – мұсылман тәрбиесін беру. Осы ретте айтатыным, мүфтият өз міндетін ойдағыдай атқарып келеді. Оның жарқын мысалының бірі – қолымызға тиген «Ихсан – тәрбие негізі» кітабы. Бұл кітап адам баласын тәрбиелеуге, Хәкім Абай айтқан «Толық адам» концепциясына негізделген».

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ: БІЗ АСЫҚ ӘРІ ҚАШЫҚ БОЛАТЫН ҚАСИЕТТЕРДІ ОСЫ КІТАПТАН ТАПТЫМ (ФОТО)

Ұлықбек Есдәулет (Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы):

«Дін мен әдебиеттің мақсаты – бір: ұрпақты ұлағатты іске тәрбиелеу, адамзатты жақсылық пен ізгілікке үндеу. Абай кімде ұят болса, сол адамда иман болатынын айтып кеткен. Адамға қажет асыл қасиеттерді «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан таптым. Бұл еңбек өз оқырманын жақсы ойларға жетелейді. Өз басым бұл кітапты ерекше құлшыныспен оқыдым. Абай адамзатты бес нәрседен қашық болуға және бес нәрсеге асық болуға шақырады. Міне, біз қашық болатын және асық болатын құндылықтарды, яғни бес асыл іс пен бес дұшпанды осы кітаптан таптым. Бұл еңбекті ар мен намысымыздың кодексі деп атар едім. «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы ұлттық идеологиямыздың негізі деуге болады».

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ: ИХСАН ТУРАЛЫ КІТАП ШЫҒАРУ – ҮЛКЕН БЕТБҰРЫСТЫҢ БАСЫ (ФОТО)

Дархан Қыдырәлі (Халықаралық Түркі академиясының президенті):

«Діни басқарманың ихсан тақырыбында арнайы кітап шығарып, ел ағаларын жиып ауқымды іс-шара өткізіп отыруы – үлкен бетбұрыстың басы деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы болып бекітілді. Біз Түркістанды рухани орталық дейміз. Неге? Себебі Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз күллі түркі әлемінің рухани ұстыны ретінде бағаланады. Ал руханият дегеніміз осы – ихсан. Ихсанның алып бесігі – Түркістан топырағы. Жүсіп Хас Хажибтің кісілік кітабы – «Құтты білік» осы ихсан кітабы. Беріге тамыр тартсақ, Абайдың «Қарасөзін» де ихсан туралы кітап деп айтуға болады. Өйткені дүниенің көрінбеген тұсын түгендеу, әлемнің түпкі мәніне ықыласпен, ыждағатпен тереңдеп бойлау – ихсан ілімі. Діни басқарманың шығарған «Ихсан – рухани тәрбиенің негізі» кітабы құтты, ғұмыры ұзақ болсын».

Пікірлер Кіру