ИСЛАМДАҒЫ БҮГІНГІ ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

18 желтоқсан 2024 407 0
Оқу режимі

Осыдан бір жыл бұрын президент Қасым - Жомарт Тоқаев: "Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін", – деген еді.

Ақиқатында, бұл процесс тарихи, мәдени, әлеуметтік және ғылыми негіздерге сүйене отырып, қазақ қоғамының ерекшеліктерін ескеруді талап ететін өзекті мәселелердің бірі.

Мұндай кешенді көзқарас ислам дінін ұлттық құндылықтармен үйлестіру арқылы қоғамның рухани-мәдени дамуына ықпал ете алады.

Ол кешенді жұмыстарды алдымен аудиторияны нақтылап алып, сосын соларға қарата жасау маңызды. Бізде негізгі қозғаушы күш жастар болғандықтан оларға бағытталуы тиіс.

Сарапшы маман ретінде жасалынып жатқан жұмыстарды қарап бақылап отырамын. Байқағаным негізгі мәсеселелер назардан тыс қалып барады. Олар келесідей:

Біріншіден: Исламның қазақ тарихындағы рөлін айқындау. Яғни, ислам дінінің Қазақ хандығы кезеңінен бастап қазіргі заманға дейінгі қоғамдағы мәдениет, білім және моральдық нормаларды қалыптастырудағы ықпалын зерделеу.

Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен өнеріндегі исламдық іздерді анықтау, жыраулар мен ақындардың шығармаларындағы рухани тақырыптарды ислам құндылықтары арқылы талдау. Жасалынған жұмысты жастар арасында кеңінен насихаттау.

Екіншіден: Ислам мен ғылымның байланысын көрсету заманауи қоғам үшін маңызды міндет болып табылады. Исламның экология, медицина, физика сияқты салалармен байланысын зерттеу арқылы діни және ғылыми құндылықтардың біртұтастығын дәлелдеуге болады.

Мысалға ең өзекті болған:

✅Табиғатқа құрмет пен қоршаған ортаны қорғау мәселесін ислам ілімімен байланыстыру.

✅Қазақтың «жер-ана» ұғымын исламдағы табиғатты сақтау ұстанымдарымен ғылыми тұрғыда түсіндіру.

Үшіншіден: Жастарға исламның рухани құндылықтарын ұлттық ерекшеліктермен үйлестіре отырып үйрететін оқу бағдарламаларын әзірлеу маңызды.

Мысалға: Жастардың қызығушылығын арттыратын іс-шаралар жасау:

Өңірлерде кітап оқу клубтарын ашу:

✅Қазақ ғұламаларының еңбектерін талқылайтын клубтар құру.

✅Жастарға ұлттық мәдениетті ислам құндылықтары арқылы дәріптейтін жобалар жасау (мысалы, қазақи құндылықтарды насихаттайтын блог жүргізу).

Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасын насихаттау:

✅Бұл бағыттардың қазақ қоғамына тән ерекшеліктерін талдап түсіндіру.

✅Радикалды ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін жастарға орта жолды ислам негіздерін үйрету.

✅Қожа Ахмет Ясауи ілімінің негізінде рухани тазару мен нәпсі тәрбиесін жастарға лайықты түрде үйрету.

Қорытынды: Мұндай бағдарламалар жастардың рухани дамуына ғана емес, олардың ұлттық болмысын сақтай отырып, заманауи өмірде өз орнын табуына ықпал етеді. Исламның рухани құндылықтары ұлттық ерекшеліктермен үйлестірілгенде, жастар оны өздеріне жақын әрі түсінікті қабылдайды.

Темур АМАНҚҰЛ

 

Пікірлер Кіру