ИСМАИЛИЯ АҒЫМЫ

28 қараша 2023 2216 0
Оқу режимі

Исмаилия – шииттік бағыттағы үлкен ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарасы бойынша Жағфар Садықтан кейін имамдық оның ұлы Исмаилға өткен. Исмаил Жағфар Садықтан кейінгі жетінші имам саналады. Сондықтан бұл ағымды кейде «жетіншілер» деп те атайды.

Ислам әлеміне хурафалар (шындыққа жанаспайтын, ойдан шығарылған әңгімелер) мен исраилият (яһудилік хабарлар) ұғымдарын еңгізіп, өздерінің көзқарастарын үгіттеп, кейде үгіт-насихаттарын анархиялық жолмен және террорлық іс-әрекеттермен жүзеге асырады. Тіпті есірткі мен мафиялық бұзғыншыларды, онымен қоса әйелдерді де өз мақсаттарына пайдаланады. Исмаилия ағымы Алла Тағаланың жалғыз екендігін, Мұхаммед (оған Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар екендігін мойындайды, алайда Хазірет Әлиді Пайғамбардың тікелей мұрагері деген пікірді қолдайды. Өздерінің исламмен ұйыспайтын пікірлерін халыққа қабылдату үшін Хазірет Әли мен Әһлі бәйттін (Пайғамбар әулеті) беделін пайдаланады. Осы түсінік олардың сенім негіздерінің бірі саналады.

Исмаилия ағымының өкілдері күніне үш рет намаз оқиды. Жұма намазын оқымайды. Зекетті өз басшыларына береді. Бірақ сунниттік жолдағы мұсылмандар секілді рамазан айының оразасын ұстап, қажылық ғибадатын өтейді. Исмаилия ағымы иманды тек өз имамдарына мойынсұнса ғана қабылдайды. Имамды қабылдамаса, онда ол адамның әрбір адал ісі де арам саналады. Олар ислам үкімдерін қабылдағанымен, іс жүзінде оны орындауға аса мән бермейді. Рухани және саяси жетекшілері намаз оқымайды. Исмаилия ағымының көзқарастары бойынша Алла Тағала қалауы түскен имамдарына өзінен бір бөлек нұр берген. Имамдарды сол илаһи нұрмен халықтан үстем етеді. Ол үстемдік олардың білімімен өлшенеді.

Сондай-ақ имамның танымал болуы шарт емес. Имамның әрбір ісінде жақсылықтың болатындығына сенуі керек. Олардың кейбіреулері имамның күнәсіз болатындығына кепілдік береді. Имамға мойынсұну уәжіп санап, Имам Маһди әйтеуір бір уақытта жер бетіне оралып зұлымдықпен күресіп, әділеттілікті орнатады дейді. Бүгінді таңда Исмаилия ағымының пікірлері Азия, Еуропа және Африканың көптеген мемлекеттеріне таралған. Әртүрлі шаралармен өз пікірлерін таратуды жүзеге асырған Исмаилия ағымының пікірлері Орта Азияда қанат жайып келеді.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер Кіру