Исра мен Миғраж оқиғасына қатысты 14 мәлімет

30 наурыз 2019 14285 0
Оқу режимі

Ережеп айының да бітуіне аз қалды. Ережеп айы – Құранда көрсетілген қасиетті төрт айдың бірі. Одан бөлек, мұсылман қауымы Миғраж оқиғасының да осы айда болғанынан хабары мол. Осыған орай, Исра және Миғраж оқиғасына қатысты білуге тиісті он төрт мәліметті ұсынамыз.

1. Исра (түнгі саяхат) – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Харам мешітінен (Меккеден) Ақса мешітіне (Иерусалимге) түннің бір ғана бөлігіне тең келетін тым қысқа уақытта баруы. Ол кезде адамдар бұл ұзақтықты қырық күнде игеретін. Алайда, Алланың құдіреті уақыт пен кеңістікке бірдей жүреді. Себебі, оларды жаратқан Өзі.

2. Миғраж (көтерілу) – Исра сапарының артынша Пайғамбардың (с.ғ.с) жер әлемінен аспан әлеміне көтерілуі. Бұл оқиғалар бір түннің ішінде болды.

3. Исра оқиғасы қашан болды? Ғалымдар бұл оқиғаның нақты қай жылы болғанына ортақ пікір айтпаған. Алайда, салмақты көзқарас бойынша хижраға дейін, пайғамбарлықтың келгенінен кейінгі оныншы жылы болған.

4. Хикметі не? Исра мен Миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басына келген түрлі ауыртпалықтардан кейінгі Алланың сүйікті елшісіне (с.ғ.с) жасаған сыйлығы болды. Бұл оқиға Пайғамбардың (с.ғ.с) мұңын кетіріп, қайғысын сейілтті. Осылайша бүкіл жер бетіндегі есіктер алдында қақ жабылса да, аспанның есіктері Ол (с.ғ.с) үшін әрдайым ашық болатынын көрсетті.

5. Пайғамбар (с.ғ.с) қос тірегі болған сүйікті жары Хадиша анамыз (р.а) бен көкесі Абу Талиб дүние салғаннан кейін Алла Тағала оның көңілін Миғраж оқиғасымен жұбатты. Бұл оның (с.ғ.с) көңілін қуанышқа толтырды. Себебі кімде-кім Алланың құдіреті мен Оның адамдарға деген мейірімін таныса, оған еш нәрсе ауырлық жасай алмайды, еш нәрсе қиын болмайды.

6. Исра мен Миғраж оқиғасы мұсылмандардың имандарының қаншалықты берік екенін көрсетті. Себебі Алланың ұлықтығын таныған адам Алланың бұл іске құдіреті жететінін біледі. Сол үшін де мүшріктер Абу Бәкірге (р.а) келіп Мұхаммед (с.ғ.с) өстіп айтып жатыр дегенде, еш күмәнданбастан: «Егер Ол солай десе, демек шындықты айтқаны», – деген.

7. Мұсылмандар Алла Тағаланың барлық нәрсеге құдіреті жететініне нық сеніп, имандары күшейді. Сол үшін де Алла Тағала: «Құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен айналасын берекелі еткен Ақса мешітіне Исра жасатқан Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк»[1] деп басталатын «Исра» сүресін түсірді.

8. Кімде-кім Аллаға ықыласты түрде құлшылық жасаса, жоғары дәрежелерге қол жеткізеді. Себебі Алла Тағала осы сүреде Пайғамбардың (с.ғ.с) ең жоғарғы мақамға көтерілгендегі халін «құл» деп баяндап: «Құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен айналасын берекелі еткен Ақса мешітіне исра жасатқан Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк»[2], – деген. Міне, құлшылық – адам дәрежесінің асқақтауының негізгі сыры.

9. Қанша ауыр болса да, ақиқаттан бас тартпау. Пайғамбар (с.ғ.с) бұл оқиғаны хабарлаған кезінде иманы әлсіздердің оны жоққа шығарып, өтірікші деп жала жабатындарын нақ білген еді. Алайда, ақиқат жолында ең қиын сынақтан да бас тартпады.

10. Миғраж кешінің тағы бір ерекшелігі, ол кеште намаз парыз болды. Ислам дінінде намаздың орны ерекше. Себебі ол күніне бес рет оқылғанымен, сауап тұрғысынан елу намазға тең келеді. Сол үшін де Пайғамбар (с.ғ.с) намазды сапарда да, қауіпті кезде де, ауырған жағдайда да оқуды бұйырған. Өйткені, адамның нәпсісі басымдық жасай бастаған әр сәтте намаз оны қайта Раббысына қауыштырып миғражға көтергендей болады.

11. Адамдардың арын сөгудің күнә екені. Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: «Миғражға көтерілгенімде, бір қауымның қасынан өттім. Олардың сымнан тырнақтары бар еді, онымен беттері мен көкіректерін тырмалап жатты. Мен: «Кім бұлар?» – деген сұрағыма Жәбірейіл: «Олар адамдардың еттерін жегендер, ар-намысын таптағандар», – деп жауап берді».[3]

12. Жәннат тұрғындарының хабар беру. Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: «Исра түні Ибрахимді (ғ.с) жолықтырдым. Ол: «Әй, Мұхаммед! Үмметіңе менен сәлем айт. Оларға жәннаттың топырағы хош иісті, суының тәтті екенін айт. Оның жері жазық, ал егіні болса: субханалла[4], алхамду лилла[5], лә иләһә иллалла[6], Аллаһу акбар[7](деген сөздер)», – деді».[8]

13. Қарыз берудің садақа беруден артықшылығы. Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: «Исра мен Миғраж түні жәннат есігінде «садақаға он сауап, ал қарызға он сегіз сауап беріледі» деген жазуды көрдім. Сөйтіп Жәбірейілден: «Қарыздың садақадан артықшылығының себебі не?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Себебі садақа сұраушы өзінде бола тұра сұрайды, ал қарыз сұраушы болса, мұқтаж болғаны үшін сұрайды», – деп жауап берді»[9].

14. Тозақтықтардың халінен сабақ алу. Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: «Исра түні бір қауымның қасынан өттім. Олар еріндерін оттан жасалған қайшылармен кескілеп жатты. Жәбірейілден: «Бұлар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Сенің үмметіңнің уағызшылары. Олар Кітапты тіләуәт етіп (оқып) адамдарды жақсылыққа шақырады, алайда өздерін ескермейді. Олар ақыл жүгіртпей ме?» – деді».[10]

Исра мен миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басынан өткен тамаша мұғжизалардың бірі. Алла Тағала біздерге осы мұғжизадан сабақ алып, жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылған құлдарынан болуымызды нәсіп етсін!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы


[1] «Исра» сүресі, 1-аят
[2] «Исра» сүресі, 1-аят
[3] Абу Дәуід
[4] Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк
[5] Барша мақтау-мадақтар бір Аллаға тән
[6] Алладан басқа құдай жоқ
[7] Алла ұлық
[8] Тирмизи
[9] Ибн Мәжа
[10] Ахмад

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру