КЕҢШІЛІК ТЫШХАНҰЛЫНЫҢ ПАРАҚШАСЫНАН

19 маусым 2024 1311 0
Оқу режимі

ШАТАҚ ДІН

Бұл күнде дұрыс иман жоқ,

Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ.

Ақылы саудың ойына,

Алдамшы діндер сыйға жоқ! (Шәкәрім) Бірер күн бұрын Атырауда болған жағдайға байланысты әртүрлі пікірлер айтылды, айтылып да жатыр, айтыла да береді. Бірақ қазіргі дін неге адам нәпсісін тыя алмайды? Пайғамбар сүннеті деп сақалға соншалықты жабысқандар арам-адалды неге ажыратып жатпайды, пайғамбар өсиетін неге орындамайды? Неге кейбір діншілдер «Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған»? (Абай). Әрине, біреулер үшін исламофобия жасауға сылтау да болар. Дегенмен, шатақ дінге ұрынғандармен жиі жолығамыз. Әртүрлі жағдайға ұрынып алып «Алланың қалауы!» дейтіндер де көбейіп келеді. Құранда: «адам өзінің қолымен істегенін көреді» (Нәжім 39) десе олар өзінің істеген жамандығын Аллаға жаба салады. Адам дінге емес, дінді өзіне бейімдейтіндер бар. Міне, қарапайым күн көріп жүрген адамды жұдырықтың астына алу, өлімге дейін жеткізу имандылықты былай қойғанда адамшылыққа жата ма?! Асан қайғы айтқандай:

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін

Желке терің құрысып,

Ешкімменен ұрыспа!

Ашу дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің,

Түбі терең қуысқа?! Көлікті сырып кеткені үшін үлкен адамға жұдырық ала жүгірудің соңында бір әулетті қара жамылтып қанша баланы әкесіз, қанша немерені атасыз қалдырды! Алла иманын жолдас қылсын марқұмның. Артында қалғандарға сабыр берсін!

Пайғамбардың: «Ашулансаң отыра қал, оған басылмаса жата қал!» деген өсиетін оқыған әсіре діншілдер неге бұл өсиетті орындамайды. Сұрақ көп. Кейде «Бір құмалақ...» деп ақталып та жатамыз. Бірақ, мәселенің бәрі тыңдаған уағызда, санаға сіңген идеологияда. Намаз оқымайтын адамды алдауға болады, ұрлап алсаң сауап болады, «Кәпірлерге» өтірік айта салу керек дейтін тіркестерді өздеріне әдет қылғандар түбі имандылық қылып жарытпасы анық.

Осында бір ініміз «Тоғызыңда қандай болсаң, тоқсаныңда сондай боласың!» деп мәдениет те, өнер де, дін де адамды өзгерте алмайды депті. Шарасыздықтан айтылған болар. Десе де, шатақ дін нәпсі тыймайтынына көз жетті. Е, Жаратқан өзі жар болсын!...

 

Кеңшілік Тышханұлы

Пікірлер Кіру