КІСІ ӨЛІМІ КЕЗІНДЕ АЙТЫЛАТЫН ҚАЗАҚТЫҢ ЕЖЕЛДЕН БЕЛГІЛІ ЖОҚТАУ ӨЛЕҢДЕРІ

19 желтоқсан 2024 204 0
Оқу режимі

Жоқтау өлеңдерінің өте ерте заманда пайда болғанына тарихи деректер мен жазба ескерткіштерді, тастағы жазуларды мысал етуге болады. Бұл жазбамызда қазақ халқының кісі өлімі кезінде айтатын ежелден белгілі жоқтау өлеңдерін ұсынамыз.

Академик Әлкей Марғұлан:

 "Жоқтау - әдебиеттің ең ескі түрі. Оның шығуы үй ішінде, ел ортасында болған игі адамдардың дүниеден өткеніне (өлгеніне) өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылатын өнер. Жоқтау Орхон жазуларының түбегейлі аялғысы. Оның ең бір жарқын түрін Күлтегін, Бегре тас жазуларынан көруге болады", - дейді. Кей еңбектерде жоқтау айту дәстүрінің ислам дініне дейін болғаны жазылған. Мысалы Шеге шешен өмірден өткенде келінінің айтқан мына жоқтау жолдарынан құдайға тіл тигізетін сөздерді де аңғаруға болады: Әуеден ұшқан ылашын, Ылашын жаяр құлашын. Атамды алған құдайдың Келіні мендей жыласын!

Әуелбек Қоңыратбаев жоқтау өлеңдері жайлы былай деген:

"Жаназалау өлеңдерінің көп тараған бір түрі – жоқтау. Жоқтау көбіне жауда қаза болған қас батырлардың ерлік істерін еске түсіруден туған. Онда батырдың елге көрсеткен қызметі, өмір жолы мұң – шер рухында баяндалады. Жоқтау отбасылық шеңберде туып, көпшілік жыры болған. Мысалы Отан соғысы жылдары жас келіншек, жүрегі жаралы аналар өздерінің майданда қаза тапқан ерлері, балалары жайлы көптеген жоқтау туғызған. Олар қысқа, бірақ жан шеріне толы келеді".

Жоқтауды кімдер айтады?

Жоқтау өлеңдерін ақындар мен жыраулардың өздері шығарып, өздерінің айтқан жағдайлары да, айтушыларға шығарып берген жағдайлары да бар. Екінші жағдайда оны айтушылар – қайтыс болған адамның әйелі, қызы, қарындасы немесе ата-анасы болып келеді. Жоқтау өлеңдерін ер адамдардың айтуы – балалары, не жары, не елдің, халықтың ардақты азаматы қайтыс болған жағдайларда ғана кездеседі.

 

ӨЛІМ ШЫҚҚАН ЖЕРГЕ КӨҢІЛ АЙТУ

 ...Қайғының бір қиялы түсті ойға,

Жайылды шымырлатып өне бойға.

 Адамзаттың басына іс түспесе,

Адамға сөз келе ме бекер жайға.

Ажал тура келіпті қоймауына,

Қара жер алып кірді қойнауына.

Ата-баба асылдың бәрін жалмап,

Қара жер қанша алса да тоймауында.

Адам ата, Хауа ана — түп анамыз.

Жалғанды бүйтіп жүріп жұбатамыз.

 Содан бізге қалыпты мирас болып,

 Өлгенге көңіл айтып жұбатамыз.

Көп ойласам, қайғының бірі менде,

Заман ақыр аулымда осы күнде.

Екі асылым көзімнен бұлбұл ұшып,

Қошын айтып жөнелді дүниеге.

 Ағекем алдымыздағы асқар белім,

Анамыз—сусындаған шалқар көлім.

 Жатсам-тұрсам ойымнан бір кетпейді,

 Ақтамадың ақ сүт пен маңдай терді.

Ел-жұртқа, қадірлі еді қауымына,

Аға мен үлкен-кіші бауырына.

 Ақылшы, алдындағы кемесі еді,

Өзінің батып кетті ауылына.

Дегенмен ажал бізді аңдып тұрмас,

Өмірге келген жанмен тегіс сырлас.

 Қалғаның береке мен бірлікті қос,

Ақылсыз алжығаның түкке тұрмас.

 

КӨҢІЛ АЙТА КЕЛГЕНДЕРМЕН КӨРІС ӨЛЕҢІ

Жылқы ішінде дөнен кер

 Жылқы ішінде дөнен кер,

Ақылы мол кемеңгер.

Кемеңгер атадан айрылдым,

Қалайша жылайды демеңдер.

Ағайын-туған кеп жатыр,

 "Жыламаңдар" деп жатыр.

 Кемеңгер атадан айрылып,

Ішімді қайғы жеп жатыр.

Алтынды ердің қасы едің,

Ағынды судың тасы едің.

Жыламайын десем де,

Бір ауылдың басы едің.

Дүние жидың етектеп,

Өсірдің жастай жетектеп.

Есімде менің бар ма еді,

Сіз айрылып кетед деп?

Ана бір таудың киесін,

Жайылып жатқан түйесін.

Салулы төсек, салқын үй,

 Қиды екен қайтып иесін!

Өзеннің бойын қар алған,

Сай-салаға таралған.

Артыңда қалған өңкей жас,

Ақыл таппай сандалған.

Алдымда асқар бел едің,

Ақылы дәрия кен едің.

Ақылшы болған ауылға,

 Бәрімізге тең едің.

 

***

"БАБАЛАР СӨЗІ" ЖҮЗ ТОМДЫҒЫНЫҢ 91-ТОМЫНДАҒЫ МҰҢ-ШЕР ӨЛЕҢДЕРІ:

 

 ӘКЕНІ ЖОҚТАУ

Биссимиллә деп бастайын,

 Асығыс айтып саспайын.

Кешегі жүрген жайлы әкем,

 Жоқтаусыз қайтып тастайын.

Ажал шіркін жеткенде,

Айрылдық жұртым панадан.

 Опасыз сұм қара жер,

 Жан біткенді жалмаған.

Дүние салды жәйлі әкем,

Іштен жалын қайнаған.

Халқына арнап өмірін,

Елінің қамын ойлаған.

Баяны жоқ дүние-ай,

Пендесі жоқ өлмейтін.

Аяулы әкем қормалым,

Кеттің-ау, жерге келмейтін.

Шындық сөздің алалы,

Тимеген елге залалы.

Жер орта жасқа келгенде,

Ажалдың жетті-ау, хабары.

 Барлығын бәй тіксек те,

Табылмады-ау, амалы.

Әке, сізден айрылып,

Сау көңіл болды жаралы.

Асқар тауым құлады,

Бәйтерегім сұлады.

Жаратқан пенде барлығы,

Ақ өлімге ұнады.

Айналайын, жұртым-ау!

Қайғылы қара күн болды.

Жәйлі әкемнен айрылып,

Жарық дүнием түн болды.

Тағдырға бар не шара?

Көңілім енді кір болды.

 Бас иеден айрылып,

Жүрегіме қайғы шер толды.

Жол бастаушым, әкем-ау!

Ақылым енді кім болды.

Ай жарығы батқандай,

Көңілім түнмен бір болды.

Серкесіз қойдай қамалдық,

 Бір күнің бізге зар болды.

Жәйлі әкем көшіп пәниден,

 Кең дүнием тар болды.

Опасы жоқ дүние-ай,

Кім кетпеген, кім қалып!

Қайғыменен күйзелдік,

Жылауменен күнді алып.

Қамқоршы әке қормалым,

Артыңда зарлап біз қалдық.

 Табиғат заңы рақымсыз,

Өтеді заулап ырғалып.

Аңқылдаған ақ көңіл,

Адал едің халқыңа.

Аузын ашқан сұм ажал

Қаратпады-ау артыңа.

Тағдырға жоқ шарамыз,

 Иманыңды тілейік.

Сауабы тисін жәйлі, әке!

 Оқылсын құран-тәбәрік.

 

 ***

Биссимилләдан бастайын,

Тездете айтып саспайын.

Иманды болғыр, әкежан!

Аузымнан қайтып тастайын.

Есік алды қос арық,

Екеуі де бос арық.

Иманды болғыр, әкежан!

Қалдық қой біз бозарып.

Дүние, шіркін, жалған-ай!

 Өте шығар алдап-ай.

 Әкешім, сенен айрылып,

 Артыңда қалдық зарлап-ай!

Алдым биік, артым жар,

Айналатын жерім тар.

Иманды болғыр, әкежан!

Бір көруге болдым зар.

Әуеден ұшқан аққұтан,

Ойласам жалған бір тұтам.

Әлпештеп баққан, жан әке,

 Өзіңді не қып ұмытам!

Арғымақ келер ағылып,

Жібектен арқан тағылып.

Иманды болғыр, әкежан,

Айрылып қалдым не қылып?!

 Әуеден ұшқан ақ сұңқар,

Қанатымен жер сызар.

Айналайын, әкежан,

Маңдайымнан кім сипар?!

Ақ өркеш ұрды атылып,

Көк иірім кетті батырып.

Қайтып бір адам болайын,

Қайғымен таңды атырып.

Базардан алған тақтайым,

 Сындырмай қайтып сақтайын.

Иманды болғыр, әкежан!

Жыламай қайтып тоқтайын.

 Есіктің алды қара су,

Ат өте алмас терең су.

Арманда кетіп, жан әкем,

Болдық-ау бүгін ұлар-шу.

Қара су басы шымды саз,

Қонбай өтпес үйрек-қаз.

Науқаспен тынбай күресіп,

Өтті-ау талай қыс пен жаз.

Есіктің алды тоспа көл,

Тоспа көл бойы соқпақ жол.

Мен жыламай кім жылайды,

 Жүрекке толды қайғы-шер?!

 Жүк ортасын ояйын,

Жүкаяқты қояйын.

Иманды болғыр, әкежан!

 Жыламай қайтып қояйын.

Тау басында кекілік,

Кекілік отыр бекініп.

Жыламайын десем де,

Басыма түсті жетімдік.

Сауыны келсе бозінген,

Ботасын келіп емізген.

Жыламайын десем де,

 Әкесі жоқ дегізген.

Үйге салған үзігім,

Қолыма салған жүзігім.

Артыңда қалды бесеуің,

Көре алмадың қызығын.

Мінгенде атым тел шұбар,

Тебінгіден тер шығар.

Алыстан келсем сағынып,

Алдымнан менің кім шығар?!

Қара ат міндім қатырдым,

Қабырға жүнін жапырдым.

Әкең өтті дегенде,

Ұйықтамай таңды атырдым.

 Мекені құлан кең жазық,

Құлан еті жол азық.

Иманды болғыр, әкем-ау,

 Орының қалды құлазып.

Қайыңнан алған күрегім,

Қайғылы болған жүрегім.

Мен жыламай, кім жылайды?

Әкем еді-ау, тірегім!

 

***

 ӘКЕ МЕН ШЕШЕНІ ЖОҚТАУ

 

Аппақ сүтін емізген,

Мейірі терең теңізден.

Таппаспын, ана, өзіңдей,

 Ақ еділ жанды өмірден.

"Қарғам" деп жүріп қартайдың,

Ұйқысын қиып әр таңның.

Ажымға толып ақ жүзің,

Ағарды қара самайың.

Науқастың болмай амалы,

Күн туды басқа қаралы.

Анамыз сізден айрылып,

Көңіліміз болды жаралы.

Жан анамнан айрылып,

 Басыма түсті қайғы-шер.

Айналайын, анашым,

Тұрағың болды-ау қара жер.

Анамдай кім бар аяулы,

Мейірін күндей жаяды.

Алыс та жақын емдеттік,

Болмады шипа баянды.

Құрметтеген бар адам,

Анашым еді балажан.

 Мәпелеп бізді баққаны,

Шығады қайтып санадан.

Немере, жиен тағдыры,

Бәрін де оймен шарладың.

Көрмедім деп қызығын,

Ішіңде кетті арманың.

Алтай, Жайыр, Сауырым,

Бытырай қонған ауылым.

Ата-анадан айрылып,

Қайғының көрдік ауырын.

Ата-анам еді қормалым,

Қысылғанда қорғаным.

Екеуіңнен айрылып,

Қайғылы көңіл болғаным.

Әкем еді асқарым,

Шешем еді дастаным.

Екеуін бірдей әкеткен,

Ажал екен қас-қағым.

Қайғысыз, сірә, жоқ пенде,

Арман тіпті көп менде.

Кетемін ойлап сіздерді,

Қасымнан қарттар өткенде.

Аяулы әке, жан ана,

Бір күнің бізге зар болды.

 Екеуіңнен айрылып,

Кең дүние тар болды.

Есіктің алды тобылғы,

Көзден жасым төгілді.

Ата-анадан айрылып,

Қабырға етім сөгілді.

Асқар тауым құлады,

Бәйтерегім сұлады.

Екеуіңнен айрылып,

 Жүрегім зар-зар жылады.

Жаралған артық порымның,

Ұйтқысы болған елімнің,Қадірлі, қайран ата-анам!

 

 ***

 Ал бастайын сөз басын,

 Қайғылы жүрек қозғасын.

Жолдасымды ойласам,

Тоқтамайды көз жасым.

Орауышым оңбады,

 Отызға жасың толмады.

 Жеті жыл жолдас болғаның,

 Жеті күндей болмады.

 Орамал тіктім оң кесте,

Шымылдық тіктім шым кесте.

Артыңда қалған жалғызды,

Толтырмай кеттің он беске.

Басқанда жерде із қалды,

Артыңда бір қыз қалды.

Жастай сенен айрылып,

Жыламасқа нем қалды.

Жүкке жиған ішігің,

Домалап жерге түсуін.

Жасым келмей отызға,

Басыма қайғы түсуін.

Саз жағасы былқылдақ,

Шөбі шығар сылқылдап.

 Арыздасып-қоштасып,

Жатпадың үйде ыңқылдап.

Жалғызың қайтып ер жетер,

 Ержеткенше ес кетер.

Артыңда қалған бір сорлы,

Қайғымен жүріп күні өтер.

Жылқы ішінде боз атың,

Әкелі бала озатын.

Әкесі жоқ жалғызың,

Болды ғой енді тозатын.

Омырау толы ақ моншақ,

Әкелі бала мақтаншақ.

Әкесі жоқ жалғызың,

Болады енді жасқаншақ.

 Кереге жайдым бес бастан,

Қайғылы болдым мен жастан.

Бүйтерімді мен білсем,

Ұшпас па едім жартастан.

 

СӘБИ БАЛАЛАРДЫ ЖОҚТАУ ҮШІН АЙТЫЛАТЫН ӨЛЕҢ

 

Алатаудың көркі —

Төсінен аққан бұлағы.

Ағын судың сымбаты —

Жайқалып шыққан құрағы.

Оркиіктің көркі —

Ойнақтаған лағы.

Сұңқарды сұлу көрсеткен —

Қанатының қияғы.

 Тұлпар жүйрік болмағы,

Құрыштай құйма тұяғы.

 Қолында перзент болмаса,

Жігіттің болмас сияғы.

Бала деген — адамның

Қойнынан жанған шырағы.

 Баласы жоқ пәнденің

Саңырау болар құлағы.

Артында қалса бір мұра,

Жалғанның бар ма тұрағы.

 Қайыптың құсын ұшырса,

Зиратта болмас сұрағы.

Жердің сәні бола ма?

Асқаралы белден соң.

Сағым ойнап көтерген

Меңіреу дала шөлден соң,

Үйрек ұшып, қаз қонған

Шағалалы көлден соң.

Ердің сәні бола ма?

Туып өскен елден соң.

 Әйелдің күні не дейсің,

Құдай қосқан ерден соң.

Өмір қызық болмайды

Өзі қатар теңнен соң.

Көлденеңге көнбейді,

Бір-біріне сенген соң.

Дәулеттің төрі сол болар

Араңа бала берген соң.

 Еріне әйел еркелер

Ақ сүтін бөбек емген соң.

Аманы жақсы бәрінің

Дүниеге келген соң.

Ажал жетсе, амал не,

Шарасыз пенде көнген соң.

Көмірдей көңіл күл болар,

Жанған шырақ сөнген соң.

Қара жерде мейірім жоқ,

Өз қолыңнан көмген соң.

Тәуба қылғын бәріне

Көрмес істі көрген соң.

Есіктің алды мөлдір су,

Еңкейіп алып бетің жу.

Балаңыз кетті келмеске,

 Жыламай енді белің бу.

Өтіпті талай бабамыз,

 Бабамыз бен анамыз.

Мейірбан, қайран, даналар,

Іздесек қайдан табылар.

Қайырлы болсын қазаңыз,

Иманды болсын балаңыз.

Сол баланың артынан

Бәріміз де барамыз.

Алтыннан салған өңірім,

Сізге де айтқан көңілім.

Жыламай енді сабыр ет,

Қалғанның тілеп өмірін.

Базардан алған ақ жаулық,

Шетінен алдым бір баулық.

Жыламай енді сабыр ет,

Қалғанға берсін денсаулық.

Асылдан соққан тағаңыз,

Құндыздан салған жағаңыз.

 Жыламай енді сабыр ет,

Иманды болсын ұлыңыз.

Көрінген таудың қарасы-ай,

Ат шаптырым арасы-ай.

Алладан келген бұл іске,

Адамның бар ма шарасы-ай?!

Жылама, күнім, жылама!

Көзіңнің жасын бұлама!

Жылама деген тоқтау сөз,

Жыламай көңіл тына ма?!

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.

Жыламай енді сабыр ет,

Қалғанға берсін денсаулық.

Қара жер мәңгі тоймайды,

Әркім-ақ соны ойлайды.

Көп жасаған кімдер бар,

Жақсыны Құдай қоймайды.

Ақ көйлек кидім бедер жоқ,

Ойласам ойда нелер жоқ.

Жыламай енді сабыр ет,

Жылағанмен келер жоқ.

Автор: Сагира УАЛИЕВА

Пікірлер Кіру