Кит жұтып қойған пайғамбар кім?

02 ақпан 2019 18943 0
Оқу режимі

Жүніс пайғамбар Ирак жақтағы жүз мыңдай халқы бар Нинова қаласына пайғамбар етіп жіберіледі. Пайғамбар болудың алдында да ол халық арасында сенімді, қамқор, иненің жасуындай да арамдығы жоқ шыншыл адам ретінде танылған. Ол сол елге пайғамбар етіліп жіберілгенде, небәрі отыз жаста еді. Нинова халқы көп жылдар бойы пұтқа табынып кеткен еді. Көп өтпей басқа арсыздық белең алды. Оларды тура жолға салу үшін, Жүніс пайғамбар елін отыз жыл бойы хақ жолға, туралыққа, тәубаға шақырды. Әйтсе де халқы оған «сенікі жөн» деп, сөзіне құлақ аса қоймады. Сірә, жеке басының пайдасын күйттеп жүр деп ойлады. Сол себепті оның сөздерін жоққа шығарды. Осылардың басында, әрине сол елдің басшылары мен байлары тұр еді. Құранда: «Бір елге ескертуші жіберген болсақ, әсіресе, олардың байлары: «Рас, сендер арқылы жіберілген нәрселерге қарсымыз». Сондай-ақ олар: «Біздер көп малмен, балаларға иеміз. Сондықтан да азапқа душар болмаймыз», – деді»[1] деп, солардың көрсоқырлықтарын баян еткен. Отыз жыл дін уағыздағанда, оған бар болғаны екі кісі ғана иман келтірген. Қалған дүйім жұрт тура жолға түспей табандап тұрып алды. Ақырында, оларды мың жыл уағыздаса, дінге кірмейтінін сезіп, үмітін үзген Жүніс (ғ.с.) көп кешікпей оларға Алланың азабы келетінін айтты. Өзі халықтың көзінен тасаланып, алыс жақтарға тентіреп кетті.

Халқына ашуланғаны сонша-олардан аулақ кету үшін теңіз жағалауын бетке алды. Бірақ ол Хақ Тағаладан рұқсатсыз кеткен еді. Ол елге көп ұзамай пәлекет келетіні туралы Хақтан хабар алған соң, алысқа кетуіме Хақ Тағала ашу танытпас деп ойлаған еді. Алайда, пәлекет сол күні келсе де, Хақ тағаладан «сол жерден шығыңдар» деген жарлық келмейінше, пайғамбарлар ол жерден кетпеулері тиіс еді. Осылайша, Жүніс пайғамбар (ғ.с.) өз «ижтиһадында» яғни пікірінде жаңсақ кетті. Егер пайғамбарлардан өзге жандар, атап айтқанда, ғұламалар осылай қателескенде, үлкен сауапқа кенелер еді. Әйтсе де пайғамбарлардың орны қашан да бөлек.

Ол теңіз жағалауына келсе, жолаушы кеме жүргелі тұр екен. Еш бөгелместен соған мінді де, басы ауған жаққа кете барды.

Жүністің (ғ.с.) мінген кемесі жаймен жылжып жағадан ұзай берді. Бірталай уақыт жүріп, күн батып, қас қарайған шақта дауыл тұрып, кеме шайқала бастады. Бір кезде кеме батуға айналады. Бір қызығы мұндай кезеңде, дәл кемені батыратындай дауыл тұрмау керек еді. Ақырында кемедегілер бір-біріне: «Шамасы кемеде қожайынынан қашқан бір құл бар. Қанеки жеребе тастайық», – деді. Олар жеребе тастаған кезде, жеребе хазірет Жүніске шықты. Хақ пайғамбар сол кезде ғана өзінің ағаттық жасап, елден Хақ Тағаладан рұқсатсыз кеткенін түсіне қойды. Бірақ кемедегілер оның жүзінен салиқалы кісі екенін байқап, кінәлі кісі ол емес деп ұққан еді. Әйтсе де хазірет Жүніс оларға өзін кемеден теңізге тастауларына ишарат етті. Олар оны жал-жал толқындардың арасына тастап жіберген кезде, бір үлкен кит келіп оны аузын ашып жұтты да суға сүңгіп кетті.

Ол балықтың ішіне жұтылған кезде, айналаны бұрынғыдан да қою қараңғылық басты. Онсыз да теңіздің асты-үсті түгел қап-қараңғы еді. Оның бұдан кейін құтылып жағаға жетуіне ешбір мүмкіндік жоқ еді. Өйткені балықтан құтылған күннің өзінде теңіз бар. Теңіздің беті де қап-қараңғы еді. Хазірет Жүніс өз қателігін мойындап, Алла Тағалаға жалбарынып: «Сенен өзге ешбір құдай жоқ. Сені пәктеймін. Мен өзіне қастық жасаушылардың бірі болдым»[2], – деп зікір ете бастады.

Хақ пайғамбар өмір-бақи Хақ Тағаланы зікір етіп келген болатын. Ол осы алып балықтың қарнына түскен кезде де, дәл солай зікір ете бастады. Оның осы хал-ахуалы құтылуына арқау болды. Құранда Алла: «Егер көп тәсбих, зікір етушілердің бірі болмағанда, шамасы адамдардың қайта тірілетін күнге дейін оның қарнында қалар еді»[3], – дейді.

Хақ Тағала оның осы дұғасын қабыл етіп, аман-сау жағалауға шығарды. Алып балық жағалауға келіп аузын арандай ашқанда, ішінен хазірет Жүніс шығып, жағалауға сұлай кетті. Әбден шаршаған, оның үстіне науқастанған еді. Өйткені ол алып балықтың ішінде үш күн, үш түн жатқан болатын. Құранда: «Сонда оны қырға шығарып тастадық. Ол науқас еді. Көлеңке түсірсін деп сол жерге жапырақты бір ағаш өсірдік»[4], – делінген. Кейбір деректерде осы ағаштың қабақ ағашы екені айтылады. Ағаш көлеңкелері оның үстін жауып шыбын-шіркейден, шыжғырған күннен қорғады.

Осы жерде біршама уақыт жатқан соң, ол есін жиып, науқасынан айығып, еліне қайтты. Тәубаға келген елі мұны әлі іздеп жүрген болатын. Ол халқымен кездескенде, екі жақ,та қатты қуанып, Хақ Тағалаға бар пейілмен шүкіршілік етті. Халқы пайғамбарын көріп қуанса, Пайғамбарлары олардың тәуба етіп, иманға келіп, мұсылмандық жолға түскендерін көріп қуанған еді. Олар пәлекет шақыратын ел емес, берекет шақыратын ел болып өмір сүріп жатқан болатын. Бұл бейне өзі тастап кеткен ел емес, басқа бір ел секілді болып көрінді. Үш тәуліктің ішінде бір қаланың бүкіл халқы қатты өзгерген еді. Өзіне халықты айдап салған қаланың билері мен байлары да мұны көре сала құрақ ұшып, бір-бірлерінен сүйінші сұрап жатты. Қаланың кіре берісіндегі пұттар да, қаланың ішіндегі алып пұттар да түгелдей қиратылып, орны тегістеліп тасталыпты. Кеше ғана титтей бір нәрсе бола қалса, пұттарының атын айтып шулайтын ел бүгін пайғамбарларын көріп, Хақ Тағаланың атын ұлықтап жатты. Қала халқы құлшылық уақытында барлығы бірдей пайғамбарларымен бірге сәждеге жығылды. Осылайша қарғысқа ұшыраған ел аяқ астынан бақытқа кенелді. Хазірет Жүністің «ижтиһадтағы» мүлт кеткендігі жүз мың халықтың иманға келуіне себеп болды. Иә, барлық пайғамбарлардың мүлт кетулері үлкен қателік болғанмен, өзінің үмбеті және қияметке дейінгі мұсылмандар үшін бақытқа, табысқа жетудің белгілері еді. Хазірет Жүністің киттің қарнында отырып айтқан зікірін әлі күнге барша мұсылмандардың тілден тастамай келе жатқанының бір себебі де осында.

 


[1] «Сәбә» сүресі, 34-35.
[2] «Әнбия» сүресі, 87-аят.
[3] «Саффат» сүресі, 143-144
[4] «Саффат» сүресі, 145-146.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру