Көркем мінез – Пайғамбарлар мырзасының сипаты

10 ақпан 2021 8756 0
Оқу режимі

Көркем мінез – Пайғамбарлар мырзасының (с.ғ.с.) сипаты, Алла сүйген пенделердің ең жақсы амалы, тақуалардың тынымсыз тырысып жеткен жемісті еңбегі.

Жаман мінез – ол құрдымға жіберетін у, бақытсыздыққа бастайтын сор, Жаратушыдан жырақтатын жағымсыз жабырқау.

Жағымсыз мінез ол адамның тәнімен қоса жанын жейтін, өртеп күйдіретін тозақтың қақпасы. Мінекей, сондықтан да Алла елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Маған көркем мінездей сыйлықты тарту етші. Себебі Оның ең көркемін тек Өзің ғана тарту ете аласың. Мінез-құлықтың жаманынан сақташы. Мінез-құлықтың жаманынан сақтайтын тек Өзің ғана», – деп жалбарына дұға ететін болған.

Жастайынан Пайғамбарымыздың тәрбиесін көріп, жанында болған Әнас Мәлік есімді сахаба (р.а.) Алла елшісінің: «Шындығында, Алла Тағаланың алдында көркем мінез дегеніміз – саған зұлымдық жасағанды кешіруің, сенімен (туыстықты) үзгенді жалғауың, саған (тиым салып) таршылық жасағанға (кеңшілік жасап, көмек) беруің», – дей келе төмендегі аятты оқыған риуаят етеді: «(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ, білместерден бет бұр».[1]

Бірде адамдар Алла елшісіне: «Бір кісі бар, күндіз ораза тұтады, түндерді құлшылықпен өткізеді. Алайда, мінезі нашар, көршілеріне маза бермейді», – деп айтқандарында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оның істегендерінен ешқандай қайыр жоқ, ол тозақы», – деген екен. Сондай-ақ, тағы бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендер адамдарға өз мал-мүліктеріңмен кеңшілік жасай алмайсыңдар, жайдары жүздеріңмен және көркем мінездеріңмен кеңшілік жасай аласыңдар», – деген.

Қарап тұрсақ, Алла Тағала құзырында көркем мінезді жанның қадірлі болатынын аңғарамыз. Құранн аяттары мен хадистерде көп айтылғандықтан көркем мінезді Ислам дінінде өте мәртебелі қасиет деп санауға болады. Тіпті,  Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің пайғамбар етіп жіберілуіндегі негізгі асыл мақсат осы көркем мінезді кемеліне келтіріп, толық жеткізіп беру болғанын да айтқан.

Алла Тағала жаратқан жаратылыстардың ең сұлуы әрі кемелі – Адам баласы. Оны Алла Тағала «Тин» сүресінде: «Расында, адамзатты көркем бейнеде жараттық», – деп баяндайды. Ал, Алла Елшісі (с.ғ.с.) болса, үнемі «Уа, Алла! Менің жаратылыс келбетімді көркем еткендей, құлқымды (яғни жан дүниемді) да көркем ете гөр!» – дұға жасайтын болған.

Мінез-құлық деген адамның жан дүниедегі жағдайының іс-әрекет арқылы көрініс табуына айтылады. Егер адамның жан дүниесінде қорқақтық орнығып алған болса, іс-әрекетінде жалтақтықпен көрініс тауып отырады. Ал егер менмендік орныққан болса, сырт келбетінде кердейіп жүруімен көрініс табады. Осылайша жан дүниеде орныққан нәрселерді сыртқа паш етуші қасиет осы мінез екен.

Ендеше, жан дүниені (Абайша «Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» деп айтып) ішкі кірлерден, жаман ойлардан тазартатын болса, Оның орнына асыл адами құндылықтар сіңіретін болса, ол адамнан көркем мінездер көрініс таба бастайды, яғни көркем мінез деген осы. Ислам шариғатында бұлайша тазалануды «Тазкиятун нафс» деп аталса, бойға сіңірілетін адами құндылықтарды «тазһибул ахлақ» деп аталады.

Лұқман Хәкімнің ұлы әкесіне: «Уа, әкетайым! Адам бойындағы қай қасиет бәрінен артық?» – деп сұрапты. Сонда Лұқман Хәкім: «Жаратушының жіберген дінін ұстану – ең жақсы қасиет», – деп жауап қайырыпты.

«Егер ең артық қасиет екеу болса, қайсыларды атаған болар едіңіз?», –дегенде: «Жаратушының жіберген дінін ұстану және өмірдің көркі болған мал-мүлік», – деп жауап береді.

Сонда ұлы: «Егер үшеу болса қайсыларды атаған болар едіңіз?» – дегенде: «Жаратушының жіберген дінін ұстану, өмірдің көркі болған мал-мүлік және ар-ұят», – деп жауап береді.

«Егер төртеу болса қайсыларды ең артық қасиеттер деп санар едіңіз?» – деген сұрағына: «Жаратушының жіберген дінін ұстану, өмірдің көркі болған мал-мүлік, ар-ұят және көркем мінез», – деп жауап қайтарады.

«Егер бесеу болса ше?» – дегенде: «Жаратушының жіберген дінін ұстану, өмірдің көркі болған мал-мүлік, ар-ұят, көркем мінез және жомарттықты атаған болар едім», – дейді.

«Ал, алтау болса ше?» – дей бергенде, Лұқман Хәкім: «Әй, балам! Кімнің бойына осы бес қасиет жиналса, нақи (жан дүниесі Алла Тағалаға жаққан) да өзі, тақи (амалдары Алла Тағалаға жаққан) да өзі. Сондай-ақ, Алла оған жар, шайтан одан аулақ», – деген екен.

Құран кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 164-аятында: «Расында, Алла мүміндерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады. Пайғамбар оларға Алланың (Құрандағы һәм болмыста көрініс тапқан) аяттарын оқып түсіндіреді, (ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күнә атаулыдан) арылтып тазартады. Сондай-ақ, оларға Кітап пен хикметті (яғни Кітапты дұрыс түсіну әрі жүзеге асыру жолдарын, ондағы пәрмендер мен тыйымдардың хикметін һәм жаратылыс пен түрлі құбылыстардың мән-мақсатын) үйретеді. Шүбәсіз, бұдан бұрын олар анық адасуда еді», – деген.

Осы аятқа зер салсақ, Пайғамбарлардың негізгі міндеттерінің бірі «(ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күнә атаулыдан) арылтып тазарту» болған екен. Рухани тазалық дегеніміз рухты ширктан (Алла тағалаға серік қосу) және одан өсіп-өніп шығатын ластықтардан тазалау деп түсіну керек. Бұл іс таухид және оның тармақтары арқылы ақиқатқа айналады.

Рухани тазалықтан соң Рухтың құлықтануы Алла Тағалаға және Оның көркем есімдеріне толықтай мойынсұнумен жүзеге асады. Ең негізгі құралдардың бірі әр бір істе пайғамбарға еру болып табылады.

(жалғасы бар...)

 

«Әл-Әзһар» университетінің сараптауынан өткен
 Шайх Халид Исмағил Сулайманның
«Жамиъул уасаиа фид-дини уад-дуниа»
«Дін және дүниедегі өсиеттер жиынтығы» атты еңбегінен
 және шайх Мухаммад Садық Мухаммад Юсуфтың
«Рухи тарбия» кітаптары негізінде әзірлеген
 «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Әділхан Иманәліұлы


[1] «Ағраф» сүресі, 199-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру