Көркем мінезді кемеліне жеткізу жолдары

12 ақпан 2021 7346 0
Оқу режимі

Адамның жан дүниесінде сергектік пен білімділік қуаты, ашу-ыза қуаты, құмарлық қуаты және осы үшеуінің ортасындағы тепе-теңдік деген төрт ұстын бар. Осылардың баршасын толық көркемдеу арқылы мінез кемеліне жетеді екен. Ол төрт ұстын:

  1. Сергектік пен білімділік қуаты. Ол арқылы сөздің шыны мен өтірігін, іс-әрекеттің жақсысы мен жаманын және сенімнің ақиқаты мен жалғанын ажыратып алынады. Егер осы қуат өз деңгейіне жетсе хикмет даналығы пайда болады екен. Бұл хикмет көркем мінездің негізгі бастауы екендігі белгілі. Алла тағала «Бақара» сүресінің 269-аятында:  «Ал, кімге хикмет берілсе, оған көптеген игілік берілген болады», – деген.
  2. Ашу-ыза қуаты. Жоғарыда айтылған Хикмет талап етерліктей деңгейде ашу-ызаны ауыздықтап немесе алдын ашып отыруы керек болады. Егер ашу-ыза қуаты осылайша тепе-теңдігі сақталып, басқарылып отыратын болса, батылдық өсіп-өніп шығады екен. 
  3. Құмарлық қуаты. Бұл қуат ақыл мен шариғат көрсеткен бағдардың қарамағында болуы шарт. Мұндай жағдайдан ізгілік құралады екен.
  4. Хикмет, ашу-ыза және құмарлықтың тепе-теңдігін сақтау деген қуат. Кімде-кім бұларды өз деңгейінде қолданбай, шектен асырып алатын болса, Оны арабшалап хубс, қазақшалап жексұрындық деп аталады. Ал, кімде-кім селқос қарайтын болса есуастық, нақұрыстық деп аталады екен.   

Ашу-ызадан туатын батылдылықты шектен асырып жіберсе «аңғал» деп аталады. Ал, кімде-кім селқос қарайтын болса «қорқақ» деп аталады.

Сонымен қатар құмарлық та өз шегінен асатын болса «ашкөз» деп аталады. Ал, селқос қараса «тоқырауға түскен» деп аталады.

Ендеше, көркем мінездің бастауы және негізі 1. Хикмет, 2. Батылдық, 3. Ізгілік, 4. Әділдік. Деген төрт қасиет және оларды дұрыс пайдаланудан шығатын қасиеттер екен.

Бұл кемелдікке тек Алла елшісі (с.ғ.с.) ғана жеткен. Ал, басқа адамдар өздерінің өресіне қарай әр түрлі деңгейде екен. Кейбіреулердің кемелдік деңгейіне жақындауымен, ал, кейбіреулердің кемелдік деңгейінен алыстауымен алыстауымен мінез-құлықтағы айырмашылықтары өлшенеді. Кімде-кім кемел көркем мінездің иесі Алла елшісіне (с.ғ.с.) мінезі жақындай түссе, ол Алла Тағаланың мейіріміне жақын болады.

Адамдар мінезге қарай төрт топқа бөлінеді

Бірінші топ: Мінезге селқос қараушы, ешбір ұстанымы жоқ, ақ пен қараны, мінездің көркемі мен көріксізін ажырата алмайтындар тобы. Мұндай мінезділер надандар деп аталады. Оларға мұғалім мен жөн сілтеуші ұстаз болса, сонымен қатар нәпсісімен күресетін құралдар болса, олардың мінезі жөнге илігетін мінез. Сондықтан бұл топқа жататын адамдарды тездетіп емдеу керек.

Алла Тағала «Әнғам» сүресінің 35-аятында: «Ендеше, сен осынау ақиқатты білмейтін надандардың қатарына қосылма», – дейді. Алла Тағала надандар қатарынан болудан сақтағай!

Екінші топ: Жаманның жаман екенін біледі, ақ пен қараны ажырата алады, алайда салиқалы істер істеуге әуестенбей, жаман істер істеуді көркем іс ретінде көріп, бойына сіңіргендер тобы. Олар әрі надан әрі адасқандар.

Бұл топ алдыңғысынан күрделілеу. Мұндай мінезділердің бойындағы «бұзықтыққа дағдылану кесірінен өсіп-өніп, жан дүниесіне тамыр жайған» нәрселерді жұлып алып тастау керек.

Сондай-ақ, жақсылыққа дағдылану қасиеттерін олардың жан дүниесіне егіндей егіп, жүйріктей баптау арқылы бойындағы жаман мінезден арылту керек. Осылайша қызу әрекетпен емдемесе олардың құрдымға кетіп құритыны анық.

Алла Тағала «Фатиха» сүресінің 7-аятында адасқандар қатарынан болмау керектігін білдіре: «Бізді тура жолға, нығметке бөленгендеріңнің жолына сала көр. Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес», – дейді. Алла Тағала надандар және адасқандар қатарынан болмауымызды нәсіп еткей!

Үшінші топ: «Жаман мінез де керек. Әйтпесе басыңа шығып алады. Адамдарды сабасына түсіріп отыру үшін, тәрбиелеу үшін керек-ақ нәрсе» деген пікірмен тәрбиеленгендер тобы. Бұл топтағы адамдарды надан, адасқан сонымен қоса бұзақы (Фасық) деп аталады. Олардың мінезі емдеуге келгенімен, ілеуде біреуі болмаса, салиқалы болып кетуі екіталай.

Алла Тағала «Мунафиқун» сүресінің 6-аятында: «(Мұхаммед ғ.с.) олар үшін жарылқау тілесең де, тілемесең де бәрібір. Оларды Алла жарылқамайды. Алла (Т.) бұзақы (Фасық) елді тура жолға салмайды», – дейді. Алла Тағала баршамызды бұзақы (Фасық) болмауымызды нәсіп еткей!

Төртінші топ: Жаман ұстанымымен бірге жаман мінезге үйретіліп тәрбиеленген, оған қоса жаман мінезді абырой көріп, бұл мінезде көптеген артықшылықтар бар деп біле отыра, осы мінезін мақтан тұтатындар тобы.  Бұл – түзелуі ең қиын мінездің дәрежесі. Бұл топқа жататындар әрі надан, әрі адасқан, әрі пасық, әрі жауыздар.

Мысалы лауазымды қызметке жетіп қорқытуды, билікке жетіп зұлымдық жасауды, сеніп тапсырылған қызметті пайдаланып жемқорлық жасауды, жоғары мансапты пайдаланып қарапайым Алланың құлдарын қорлауды абыройлы іс деп түсінушілер тобы. Тіпті осындай мінезді адамдарға қошемет көрсетіп қолпаштау да надандық, әрі адасушылық, әрі пасықтық деп білген жөн.

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 77-аятында: «Негізінен сондай Аллаға берген серттерімен, анттарын аз ақшаға (дүниеге) айырбастағандар, міне солардың ақыретте бір сыбағасы жоқ. Қиямет күні Алла оларға сөз қатпайды да оларға қарамайды әрі оларды ағартпайды. Сондай-ақ олар үшін күйзелтуші азап бар», –деп, мұндай мінездерді сіңіріп алғандарға ешбір сыбағасы жоқ, тек оларға азап бар екенін білдіреді.

Алла Тағала келбетімізді қандай көркем еткен болса, мінезімізді де солай көркем еткей!

(жалғасы бар...)

 

«Әл-Әзһар» университетінің сараптауынан өткен
 Шайх Халид Исмағил Сулайманның
«Жамиъул уасаиа фид-дини уад-дуниа»
«Дін және дүниедегі өсиеттер жиынтығы» атты еңбегінен
 және шайх Мухаммад Садық Мухаммад Юсуфтың
«Рухи тарбия» кітаптары негізінде әзірлеген
 «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Әділхан Иманәліұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру