Көршілер неге жылады?

20 желтоқсан 2020 6356 0
Оқу режимі

Бұл әңгімені маған осыдан біршама уақыт бұрын, Қарағанды қаласында тұратын ескі танысым айтып беріп еді. Естіген сәттен бастап, көкейімнен кетпей, санамда жаңғырып тұрып алды. Міне, бүгін естіген әңгіменің әлқиссасын қағазға түсіріп, оқырманға ұсынып отырмыз. Сонымен…

- Біздің қалада орыс көп, – деп әңгімесін бастады танысым.

– Баяғыдан солай. Сонау бір дүние бүлінген тоқсаныншы жылдары ауылдан ауып, осында көшіп келген едік. Қаланың шет жағында орын тепкен отыз пәтерлі шағын үйден баспана сатып алдық. Содан бері жылжып жылдар өтті. Көршілеріміз бұрынғыдай орыс орман. Тұмсық тіреп кездесіп қалғанда ғана әйтеуір, бас изеп сәлемдесудің ишарасын жасаған боламыз. Әйтпегенде, көршілерді жау шауып кетсе де, хабарымыз жоқ. Тіпті, осылай болғаны дұрыс сияқты сезілетін. Басқадай өмір сүрудің қажеті болмас деп ойлаушы едік…

Сөйтсек, біз шынайы өмірдің не екенін білмеппіз. Көкірек көзімізді тәкаппарлық тұмшалап тастапты, иманымызды шайтан түгін қоймай боршалап тастапты. Сөйтіп, күңгірт үңгірде, күлімсі көңілмен, күлді-көміш өмір өткізіппіз. Алда-жалда біз тұрған үйге Анадолы (Түркия) елінен Махмұд Аднан көшіп келмегенде, бұрынғы күлді-көміш өміріміз еш өзгермес те еді. Тас қабырғалармен құрсауланған, темір есікті пәтерімізде, көршілерге сырттай тепсініп қойып жата берер ме едік… Бәрі ойда жоқта өзгерді.

Екі жыл бұрын біз тұрған отыз пәтерлік шағын үйге, нақтырақ айтқанда, бірінші кіреберістің екінші қабатында тұратын әзірбайжан Казимнің пәтеріне Махмұд көшіп келді. Қасында құйтақандай әйелі бар, онысының жүзін бізге көрсетпейді, орап-қымтап қойған, бес-алты жас шамасындағы бұйра шаш ұлын жанынан тастамайды. Әуелінде бәріміз оған одырайып қарадық. Сақалды жігіттерді адасқандар (өзіміз тап бір тура жолда жүргендей) деп санайтын әдетіміз бойынша, кекірейіп, керіліп, Махмұдтың қасынан шірене басып, шікірейіп өтеміз. Ал, Мақаң болса, екі көзі мөлдіреп: «Ассалаумағалейкум», - деп қиылып тұрады. Тіпті, өзінің көршісі Вера әжейге де дәл осылай амандасады.

Қысқасы, Махмұд таңнан тұрып, алдымен екі подъезді үйдің алдын жылан жалағандай тазалайды, келген күні өз қолымен орнатқан есік алдындағы көк орындыққа жайғасып алып, ұйқылы-ояу үйден шыққан (жұмысқа баруға) барлық көршіге сәлем береді. Қазақ болған соң өз басым ұялғаннан барып Махмұдтың қолын алған боламын. Орыстар қабағынан қар жауып, ыздиып тұрып: «Здрасте…», - деп өте береді. Олардың соңында риза кейіппен басын иіп түрік бауырымыз қалады.

Махмұдтың өзі қаланың шетінде орналасқан тасты үгітіп қиыршықтайтын цехтің қатардағы шолақ бастықтарының бірі. Сағат тәңертеңгі ондарда қызмет машинасы келіп алып кетеді. Кешке елден бұрын әкеліп тастайды. Қалған уақытында Махмұд тірнектеп сауап жинайды. Біздің бейпіл тірлігіміз Махмұд үшін сауаптың көзіне айналды.

Мақаң күн сайын кешке көршісі Вера әжейді қолтықтап далаға, яки таза ауаға алып шығады. Бұрындары ары-бері өткен көршілерді күңкілдеп, жақтырмай отыратын Вера кемпір мәз. Басқасы басқа Махмұд бей орыс әжесінің күлімсі иіс жайлаған жаман үйін жуып-шайып тазалап тастапты. Қолы қалт еткенде өз үйінен тамақ әзірлеп, апарып береді. Көбінде тісі мүжілген әжесіне дәмді етіп түрік быламығын жасайды. Құдай сауапқа жазғыр Махмұдтың бұл әрекетін ішінде өзім де бар қала қазақтары оғаш көрдік. Қайдағы бір орыс кемпірді асырап-бағып бұнысы несі деп қоямыз. Мүмкін бұл түрік біздің жақтың жөн-жосығын білмейтін шығар. Айту керек екен…

Содан бір күні келесі подъезде тұратын Төлеубек құрдасым бар екеуміз түрік бауырды шақырып алып айттық: «Ей, Махмұд бей, сен ана кәрі кемпірді күтіп-бағып жүрсің, ол орыс, яғни христиан ғой, оның қалай болғаны…», - деп сыр тарта сөйледік. Біздің сөзімізді естіген Махмұдтың қос жанары боталап кетті. Көзі қандай мөлдір еді. Қарап тұрып аяп кетесіз. Төлеубек құрдасым: «Ондыққа дәл тигіздік пе?» дегендей маған масаттана қарап қояды. Содан Махмұд сөз бастады. Көзінің жасын сүртіп тұрып: мұсылман баласы үшін көршінің хақысы деген болатынын, ол мейлі христиан бола ма, кәпір бола ма, оған көмектесуді Алла бәрімізге бұйырғанын, өзі сол Алланың бұйрығын орындап жүргенін жеткізді. Алла өзінің бұйрығын орындаған құлына сансыз сауаптар жазатынын түсіндірді… Солай ма? Қызық екен!

Осылай аз ғана күннің ішінде біздің күлді-көміш өміріміз өзгеріп сала берді. Қоқысқа толып жататын ауламыз тазаланды. Бір күні есік алдындағы ескі тротуарды жағалатып Махмұд ағаш отырғызыпты. Онысын күнде таңертең ерте тұрып, суарады. Біздің подъезде өмірі жарық болып көрген емес. Тіпті, бұрын жарық болған ба… ол жағын ешкім білмейді. Бірде жұмыстан кештетіп келсем, қараңғы көрдің аузындай үңірейіп тұратын кереберіс жап-жарық, тіпті әрбір қабатқа дейін шам орнатып қойыпты. Құдай тілеуіңді бергір мұны біздің ақша жинаудан басқаны білмейтін КСК (Пәтер иелері мекемесі) орнатып қойған шығар, - деп қайран қалдым. Сөйтсек, Махмұдтың ісі екен.

Күндер өте келе бәріміз Махмұдты сыйлай бастадық. Махмұд бізге емес, біз Махмұдқа бұрылып барып сәлем беретін болдық. Баяғыдан бейпіл өскен біз қарақтар, үйіміздің шамы жанып кетсе, есіктен аттап шығып қана коридордың жарығын жұлып алып қондыра саламыз. Ертеңінде қарасақ біз ұрлаған шамның орны толып тұрады. Баяғы Махмұд, өз ақшасына сатып алып орнатып кеткен. Сонымен қысқасы, адамның жаратылысында ұят деген бар ғой, ұятымыз оянып көше шамын ұрламайтын болдық. Аулаға қоқыс лақтырып тастауды да қойдық. Лақтырып кеп жіберген қоқыс тола дорбаңды мына жақта тұрған Махмұд іліп алып, тұра жөнелгенде ұяты бар адам шыдамайды екен.

Ақырында барлық көрші-қолаңдар Махмұд өз қолымен орнатқан үлкен қоқыс сандығына қолындағы дорбасын өз аяғымен апарып тастайтын күйге жетті. Әсіресе, қыста жауған қарды алғашында Мақаң жалғыз өзі күрейтін еді, Вера әжей аюдай ақырып, тұрғындардан кезек жасап, оны өзі бақылап іске кірісті. Нәтижесінде есік алдында бала-шаға жығылып-сүрініп қарға омбылап жатпайтын болды. Үйдің артындағы сортаң алаңқайға Махмұд тонналап тас төгіп машина қоятын тұрақ жасап берді. Бұрын есік алдында үймелеп тұратын жеңіл көліктерімізге орын табылып рахаттанып қалдық.

Сөйтіп жүргенде көктем келді. Баяғы Махмұд: «Қадірлі қардаштар, Наурыз тойлайық, бұл бірлік пен татулық мерекесі», - деп жар салды. Тура мейрам күні Махмұд қайдан тапқанын білмедік екі киіз үй тігіп тастады. Ертеңінде көршілер жиналып, мәре-сәре мейрамдадық кеп. Орыс, қазақ, әзербайжан, хохолымыз бар бір дастархан басында бас қостық. Махмұд бәрімізге сыйлық үлестірді. Бізде қарап қалмадық үйіміздегі тәтті-дәмді тағамдарымызды арқалап келіп, ортаға жайдық. Шопыр Вадим бір дорба шөлмек арқалып жеткен екен, оған біздің Махаң ұрыспай-тырыспай жайлап түсіндіріп, жөнге салды. Вадим болса, арақ-шарап ішпейтін, көршілерді ынтымаққа, бірлікке шақыратын бұл неткен жақсы мейрам деп арқа-жарқа…

Сонымен Махмұд бейдің арқасында бей-жай, берекесіз өмір сүріп жатқан көрші-қолаңдар бір үйдің баласындай ынтымаққа ұйыстық. Бұрындары жақсылықты бізге келіп біреу істеп беретін сияқты, бастық көрсек міндетсіп, біздің ақымызды жеп жатқандай шатынап кетуші едік. Онымен қоймай екі сөзіміздің бірі ғайбат болатын. Бұның бәрі қате екенін бізге Махмұд жақсылап түсіндірді. Шын жүрегімен егіліп айтты. Шын жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді, деген рас екен. Әйтпегенде осы Махмұд айтқан уағыздарды газет-журнал, радио-теледидардан күнде естіп жүрміз, бірақ ешқандай бойымызға сіңіре алған жоқпыз.

Адам баласы бейбіт өмір сүру үшін алдымен көршісімен тату болуы керек екен-ау. Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Көршісі аш жатқанын біле тұрып, өзі тоқ жатқан мұсылман толық мүмін емес», – депті. Осыны Мақаң бізге үздіксіз айтумен болды.

Осылай біздің өміріміз өзгерді. Мұсылманшылықтың не екенін түрік бауырымыз бізге іс-амалымен көрсетті. Мейлі кім болсын, адам баласының жаны мейірімділікті, татулықты қалайды. Оны тапқан кезде бақытты өмір сүреді. Махмұд бізге осы жолды үйретті. Қырық ұлттан құралған біздің аула тұрғындары «ынтымақ» атты киелі шаңырақ астына біріктік…

Бір күні жұмыстан келсем Есік көзінде Вера әжей егіліп жылап отыр. Сізге не болды десем: «Махмұд переезжает», – дейді. Мен сасқанымнан: «Куда?» – деппін. Вера әжей қолын тым алысқа қарата сілтеді. Он күннен соң бәріміз жиналып Махмұдты шығарып салдық. Көршілерден жыламаған жан қалмады. Қимай-қимай қоштастық. Ол шартты уақыты бітіп еліне кетті… Татулықтық дәмін татып қалған біздер әзірге аманбыз. Махмұды жоқ бізден кейінгілер қайтер екен?

Бекен Қайратұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру