Күйеуім үйден қашады

30 маусым 2020 8190 0
Оқу режимі

Күйеуім үйде отырмайды. Үнемі жұмыста немесе жора-жолдастарымен бірге. Шеге қағып бер, жиһазды жөндеп бер десе естімегендей боп, құлақ аспайды. Мазасын алып, құлағын жеген соң ғана барып шаруаны тындырып береді. Алайда, мен күйеуімнің барлық тапсырмасын бұлжытпай орындаймын.

Міне, бұл көпшілік әйелдің айтатын шағымы. Күнделікті кездесетін, бір қарағанда, аса мән беруге тұрарлық емес жайт тәрізді. Алайда, осы сияқты ұсақ-түйек мәселелер отбасының шырқын бұзатынын ұмытпаған жөн. Енді, аталмыш мәселенің шешімін іздеп көрейін. Басқаша айтқанда, неліктен еркек ондай екенін қарастырайық.

Бірінші жайт. Маңызды ереже деп айтсақ та болады. Құран Кәрімде: «...Еркек әйел сияқты емес...»,-деген аят бар. Еркектер түбегейлі әйелдерге ұқсамайды. Әйел сезімтал, сезімі басым боп жаратылған. Ал, еркек ондай емес. Бір ғана мысал, қыз тұрмысқа шыққан соң ең алғаш төркіндеп келгенде ата-анасының үйінде не сезінеді? Ата-анасының үйін мүлде бөтен шаңырақ сияқты көрінеді. Өйткені, әйелдің бар ойы мен болмысы күйеуінің отбасына ойысып үлгерген. Міне, бұл Құдайдың әйелге бойына бітірген жаратылысы осындай. Еркек мүлде сезім атаулыдан айырылған деп айту дұрыс емес. Бірақ, оның сезімі мен ақылы арасында ерекше тепе-теңдік бар. Ер азамат үшін үй –жаны жай тауып, тынығатын құт мекені. Сонымен бірге, оны түзде күтіп тұрған көптеген шаруа бар. Оның қыруар тірлігі үйдің сыртында. Үйде көп уақытын өткізу еркектің табиғаты емес. Түзде жүрсе, шаңырағының керек-жарағын түгел қамтамасыз ете алады.

Екінші жайт. Еркекті үйінен шығуға итермелейтін жайттар көп. Дертке қарсы дауа айтпас бұрын, дерттің өзін анықтап алайық. Басты дерт – отбасындағы ұрыс-керіс. Жанжал бітпейтін шаңырақтан еркек жан тыныштығын түзден іздей бастайды. Десе де, бұл шешім емес. Бірақ, ұрысқақ әйелден уақытша болса да құтылудың жолы ретінде еркек түздегі күйбең тіршілікпен өзін алдайды. Оның басты себебі шаңырақ еркек үшін тыныштық пен рахат жоқ жерге айналады. Күйеуінің жұмыстан кеш келіп, ас-суын іле-шала тамағын ішіп ұйқыға жатып қалатын болса, неге бұлай болып жатыр деген сұрақты әйел күйеуінен бұрын өзіне қойғаны дұрыс. Жауабын да ең әуел өзінен іздегені жөн.

Үшінші жайт. Жұмыс спецификасы. Ер азаматтың екі бірдей жұмыста қызмет етуі немесе жұмысының күрделігіне орай еркек көбіне түзе болуға мәжбүр болуы мүмкін. Кейбір кісілер түннің жарымына дейін жұмыс істеуі қажет болады.

Төртінші жайт. Бақытты етуге әрекет ет. Бұл орайда бір ғана айтарым, күйеуіңді түзде жүру бақытты етсе, оны ұстама. Былайша айтқанда, күйеуің мен оның бақыты ортасында кедергі болма. Ат айналып қазығын табады дегендей еркіне жібер, оның өршіп кетуіне жол берме. Мұндайда күйеуіңнің түздегі бақытынан асып түсетіндей шаңырағының ішінде бақыт пен құт мекенін орната біл. Күйеуіңді үйде күштеп ұстап, өзіңнен күн санап алыстата берме. Күйеуің үйге асығып тұру үшін ешбір жанжал шығармай, үнсіз әрекет ету керек болған мына мәселелерге мұқият бол:

  • Үй іші таза және қош иісті әрі жайлы болсын;
  • Күйеуіңді қонағыңдай сыйла;
  • Жұмыстан келген күйеуіңді мазасыз алатын жайсыз және жаман жаңалықтарды айтып қарсы алма;
  • Күйеуіңе құрмет пен сүйіспеншілігіңді білдіретін әрекеттер жаса. Күйеуіңнің сырт бейнесінен оның бақытты немесе жаны рақат тапқанын байқамауың мүмкін, десе де жұмсақ сөздер мен құрметті әрбір еркек іштей жақсы бағалайды.
  • Сырт бейнеңе ерекше мән бер. Күйеуіңнің көзінше ескі-жаман киіммен жүрме.

Барлығынан бұрын, барлық бұл әрекеттерің үшін Алла Тағала сауап беретінін ұмытпа! Осы кеңестерді дұрыс қолдана білсең, күйеуің үйге асығып тұратын болады.

Қуат Ерғалиұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру