Күйеуіне бағыну - әйелдің негізгі міндеті

07 ақпан 2020 8902 0
Оқу режимі

Ислам діні бойынша отбасын басқару ер кісінің мойнына жүктелген. Бір елде екі басшы болмайтыны секілді шағын мемлекет саналатын отбасында да негізгі басшылық ер кісіге тəн. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Бірақ отағасына берілген мүмкіндіктің де белгілі бір шамада мөлшері бар.

Жұбайы мен бала-шағасына тым қатал қарап, ойына келгенін істеуі жанұясындағы басшылықтың шеңберінен шығуы болып табылады. Отбасындағыларға мейірімділік көрсетпеген, құрметтемеген кісі ешқашан жақсы əке, жақсы жар бола алмайды. Жауапкершілікті сезінген отағасы отбасы мүшелерімен ақылдасып, əңгімелесіп отыруды да ұмыт қалдырмауы керек.

Алла Тағаладан əрдайым уахи (Құран аяттарының түсуі) алып тұрған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де қажет кезінде əйелдерімен ақылдасатын. Ислам нəрімен сусындаған отбасында əйел ерін, ер əйелін құрметтейді. Үй болған соң ыдыс-табақ сылдырламай тұрмайды. Ондай жағдайда отағасы ашу шақырып, қаһарына мінбей, өзіне сай ұстамдылықпен, ал əйел баласы өзіне тəн нəзіктік пен сыпайлығын сақтап мəселені бейбіт шешулері қажет.

Отағасы басшы екенмін деп əйелге шамасы келмейтін талаптар қоймауы қажет. Ол əйелі мен бала-шағасының алдындағы басшылық мүмкіндігін əділдік пен мейірімділік орнатуға жұмсаса, ал үйдің отанасы өз кезегінде жұмсақ мінезі арқылы отбасындағы жарасымдылықпен бірлік-берекені сақтауға барын салуы тиіс. Қай жерде əділдік пен жеке тұлғалар құқығы қорғалса, сол қоғамда тəртіп пен тыныштық орнап, игілік үстемдік құрады.

Отбасы кішігірім қоғам болғандықтан, нағыз береке мен бейбітшілікті қажет ететін жер де осы киелі шаңырақ. Ал, осыны қамтамасыз ету үшін үйдің қожайыны отбасының əрбір мүшесінің ақысына құрметпен қарап, олардың алдындағы міндеттерін толық орындауға күш салуы қажет. Сол секілді əйелдің оған бағынып, ортақ мүдде, отбасы бақыты үшін айтқандарын орындауға тырысуы да аса маңызды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Əйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса жəне күйеуіне бағынса, оған жəннаттың қалаған есігінен кірсін делінеді», – деп, отағасына бағынудың қарымы ретінде жəннат нəсіп болатынын айтып сүйіншілеген. Тағы бір хадисінде: «Күйеуі өзінен разы болған күйде қайтыс болған əйел жəннатқа кіреді», – деген.

Алла елшісі (с.ғ.с.) шариғаттың рұқсат еткен шеңберінде күйеулерінің қалауларын орындаған жағдайда əйелдердің жиһад сауабын алатындығын айтқан. Бір жолы əйел кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі, əйелдердің өкілі ретінде алдыңызға келіп тұрмын. Алла Тағала жиһадты еркектерге парыз етті. Соғыстан аман оралса, ғази сауабын алады, ал шəйіт болса, Раббылары оларды тірі күйінде рызықтандырады. Біз болсақ, оларға қызмет жасаймыз. Бұл үшін бізге сауап беріле ме?» – деп сұрағанда, Расулалла: «Əйелдердің бəріне айта бар. Əйелдің еріне бағынуы жəне оның ақысын мойындауы жиһадтың сауабына тең. Алайда,араларыңда мұны орындайтын əйелдер тым аз.

Егер сендерден кімде-кім үйінде отырса (күйеуіне қызмет етіп, балаларының тəрбиесімен айналысса), Алла жолында жиһад еткен кісілердің сауабындай сауап алады», – деп айтқан екен.

Сондай-ақ, Əбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Қандай əйел артық?» деген сұраққа: «Күйеуі оған қарағанда қуанатын, бұйырғанда бағынатын, өзіне һəм күйеуінің дүниесіне қатысты мəселелерде еріне қарсы шықпайтын əйел», – деген. Əйелдің күйеуімен қасарысуы – жаман əдет. Бұл əйелдің өз қадірін кетіріп, күйеуімен арасын суытуға себепкер болады. Мұның соңы отбасының ыдырауына алып баруы да ғажап емес.

Ауф ибн Мұхаллим деген кісінің əйелі Умамə қызына ұзату кезінде былай деп өсиет айтқан екен: «Күйеуіңнің дін шеңберіндегі тілектерін орындауға немқұрайлы қарама.Айтқандарын орындамасаң, оны ренжітіп, өзіңе дұшпан еткеннен басқа олжа таппайсың. Ол қамыққан кезде сен қуанба. Ол қуанған кезде сен мұңайма. Себебі ол мұңайған кезінде сенің шаттанып жүруің, қуанышты кезінде сенің қайғыға батуың оны жақсы көрмейтіндігіңнің, қуанышы мен қайғысына ортақ еместігіңнің көрінісі. Бұл сендердің ажырасуларыңа əкеп соғады. Сен еріңнің қайғы мен қуанышына, өміріне қаншалықты ортақ болсаң, соншалықты араларыңда ыстық қарым-қатынас орнап, оның өзіңе деген сүйіспеншілігін арттырасың. Қызым, сен күйеуіңе адал берілген қызметші бол, сонда ол да саған берілген құл болады».

Бұл мұсылман ананың қызына айтқан өсиеті. Осы қысқа да нұсқа өсиетте шаңырақ құтының кілті жатқандай. Біздің асыл дініміз қалыңдықтан Алла Тағаланың бекіткен үкімдеріне сай бағынышты болуды ғана талап етеді. Ал, күйеуінің Алла Тағаланың əмірлеріне қарсы келетін талаптарын орындауға əйел міндетті емес. Күйеуі əйеліне дінге қарсы келетін нəрселерді зорлықпен жасата алмайды.

Қинап-қыстаған күнде де əйел оған қарсы келе алады. Себебі барлық адам алдымен Алла Тағаланың талаптарын орындауы тиіс. Əйел күйеуіне бағынышты болу арқылы отбасында белгілі бір тəртіпті орнатады. Мұны көрген балалар да анасынан үлгі алады. Егер анасы отағасын сыйлап, айтқанын тыңдаса, балалар да əкесін асқар таудай көріп, ығынан шықпайды. Əке мен бала арасындағы түсініспеушілікке жол бермей, олардың өзара сыйластығына сызат түсірмеу əйелдің қарым-қабілетіне, сезімталдығына байланысты. Егер əйел ерінің бетінен алып отырса, əкенің бала-шаға алдында қандай қадір-қасиеті қалмақ?!

Мұндай əйел күйеуін үйінен бездіріп қана қоймай, бала-шағасының алдында қадірі мен сүйкімін кетіреді. Ал, отбасында ер кісінің əкелік беделге ие бола алмауы қасіреттің ең үлкені. Қазақ менталитетінде баланың түсінігінде əкенің орны тым биік. Бір жазушының мына сөзі қай-қайсымызды да сүйіндірмей қоймайды. «Иə, біз де бала болғанбыз. Əлі есімде, əлденені бүлдіріп алсақ та, болмаса бір жаққа баруға сұрансақ та анамыз «Əкең ренжитін болды ғой» немесе «Əкеңнен сұрасаңшы» деп отыратын еді.

Содан кейін біз нендей шаруаның жөнін ең алдымен əкемізбен ақылдасып шешетінбіз. Дегенмен, ара-тұра анамыздың бұл мінезіне таң қалатынбыз. Олай дейтінім, əкеміз əлдекім құсап қан түлеп, айналасын қуырып отырса ғой. Қайта ол кісі біреуге дауыс көтеріп сөйлеуді ұят көретін, жібек мінез жан еді. Соған қарамастан, отбасындағы үлкенді-кішілі шаруаның түйінін əкем айтатын.

Теріс қылығымызбен əке көзіне түсуге сескенетінбіз. Енді ойласам, анамның бұл мінезі нағыз халықтық педагогиканың бір тіні екен-ау. Өз əкесін асқар таудай көріп, құрметтеп өспеген адам өзгені де сыйлап жарытпайды. Демек, отағасының беделі, əке тұлғасы, оның қадір-қасиеті, сөз жоқ, көп жағдайда əйелінің парасатына, балаларының мейір-шапағатына байланысты».

Біздің халық педагогикасы дегеніміз мұсылмандық тəрбиенің нақ өзі емес пе? Халқымыз ежелден Исламның бесігінде тербеліп, имандылық пен инабаттылықты шариғаттан танып, қанына сіңірген. Ислам дінінде əйелдің күйеуіне бағынуы отбасының береке-бірлігі үшін екенін ата-бабамыз жақсы түсінсе керек.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру