Мадина қаласының мәртебесі

05 шілде 2019 16183 0
Оқу режимі

Мадина – Алла елшісінің (с.ғ.с.) қаласы. Бұл – һижрет, амандық пен тыныштық және жұпар аңқыған қош иісті қала. Мадинада Ислам діні кең етек жая түсті. Бұл қасиетті қаланы Пайғамбар (с.ғ.с.) және оның сахабалары ерекше қатты жақсы көрді. Мадина қос қасиетті қаланың екіншісі. Сондықтан Алла Тағала бұл қалаға ерекше мәртебе беріп, өздік қасиеттерге бөледі.

1. Һижрет қаласы. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз сахабаларымен қоныс аударып келген жалғыз мекен. Өйткені, сол шақта Пайғамбардан (с.ғ.с.) араб даласы тұтастан теріс айналған еді. Ал, мадиналықтар ең жақсы қонақ Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) лайықты сый-құрмет көрсеткен ерекше қонақжай жұрт бола білді;

2. Пайғамбар (с.ғ.с.) жүрегінен орын алған қала. Мадина Алла елшісіне (с.ғ.с.) қорған әрі жәрдемші болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бұл қала мен оның тұрғындарын өте жақсы көрді. Раббысына дұға етіп: «Уа, Алла! Мадинаны бізге сүйікті ет, Меккені жақсы көргеніміздей және одан да қаттырақ»[1], – деді. Ал, Мадинадағы Ухуд тауы жайлы: «Бұл бізді жақсы көретін, біз де оны жақсы көретін тау», – деген.

3.Қос қасиетті қаланың бірі. Алла Тағала және Оның елшісі қиямет күніне дейін қасиетті деп жариялаған қала. Мекке қаласын Ибраһим (ғ.с.) қасиетті десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласын киелі етті. Ол өз дұғасында: «Уа, Алла! Ибраһим Меккені қасиетті етті, ал мен қос қара тас арасындағы жерді (Мадинаны) қасиетті еттім»[2], – деген екен.

4. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті тұрған қала. Алла елшісінің (с.ғ.с.) мешіті – Меккедегі әл-Харамнан кейінгі ең абзал мешіт. Сол себепті, бұл мешітте намаз оқудың еселеп сауабы бар. Әбу Һурайра (р.а.) «Менің мешітімде оқылған намаз, әл-Харам мешітінен басқа мешіттерде оқылған намаздан мың есе қайырлы»[3] деген хадис риуаят еткен.

Сонымен бірге, арнайы зиярат етіп келінетін үш мешіттің бірі. Хадисте былай айтылады: «Тек үш мешітке арнайы зиярат етіледі: әл-Харам мешітіне, Алла елшісі (с.ғ.с.) мешітіне және әл-Ақса мешітіне»[4];

5. Рауда шарифа. Мадина қаласында, дәлірек айтқанда пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінде қасиетті бақша бар. Хадисте: «Менің үйім мен мінберімнің арасы жәннат бақшаларының бір бақшасы»,[5] – делінген;

6. Құба мешіті. Бұл да Мадина қаласының артықшылығының бірі. Құба елдімекенінде орналасқан бұл мешітте екі ракағат намаз оқу ұмра жасағанмен тең сауапқа ие. Саһл бин Хунайф (р.а.): «Кімде-кім жолға шығып осы мешітке (Құба мешітіне) келіп, онда намаз оқыса оған ұмраға тең сауап беріледі»[6], – деп риуаят етеді;

7. Мадина шапағат етуші қала. Хадисте: «Кімде-кім Мадинада бақилық болуға мүмкіндігі болса, сонда көз жұмсын. Ақиқатында, мен Мадинада қайтыс болғандарға шапағат етемін»,[7] –делінген;

8. Ризық-несібенің берекеті. Мадина тұрмыстық жағынан да берекелі қала. Алла Тағала бұл қаланың ризқы мен несібесін жемісі мен оның өлшемін берекетті еткен. Мұның барлығы – Пайғамбар (с.ғ.с.) дұғасының жемісі. Мадиналықтар ағаштың ең алғашқы жемісін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алып келуші еді, ол кісі болса: «Уа, Алла! Бізге жемісімізді берекелі ет, бізге қаламызды берекелі ет, бізге сағымызды[8] берекелі ет, бізге муддымызды[9] берекелі ет. Уа, Алла! Ибраһим – Сенің құлың, досың және пайғамбарың. Мен де Сенің құлың әрі пайғамбарыңмын. Расында, ол Мекке үшін Сенен сұрап еді, мен де оның Меккеге арнап Сенен сұраған дұғасын Мадина үшін сұраймын»,[10] – деп дұға еткен;

9. Мадина – оба дерті мен дажжал фитнасынан қорғалған қала. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мадинаның жолдарында періштелер тұр. Қалаға оба мен дажжал кіре алмайды»,[11] – дейді. Бұл қалаға діннің бүлігінің ең ауыры дажжал кірмейді. Және дерттің ең жаманы оба жуымайды. Алла Тағала бұл қаланы дін мен дүние фитнасынан қияметке дейін қорғайды;

10. Жамандықтан тазартушы қала. Зайд бин Сабит (р.а.): «Ақиқатында бұл – жақсылық қаласы. (Мадина қаласы) күмісті от тазалағандай жамандықтан тазартады»[12], – деп риуаят етеді;

11. Иманның ұясы. Әбу Һурайра (р.а.): «Расында, иман Мадинаға жылан ініне енгені сияқты кіреді»,[13] – деген хадисті риуаят еткен.

12. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірі бар қала. Мадина қаласында Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті және оның қабірі бар. Мешітке кіріп, қабірінің басына барғанда сәлем беріп шығу – сол мешіттің әдептерінің бірі.

 

 


[1] Бұхари.
[2] Бұхари.
[3] Бұхари, Муслим.
[4] Бұхари, Муслим.
[5] Бұхари, Муслим.
[6] Нәсаи.
[7] Тирмизи.
[8] Сағ – бидай, арпа, күріш сияқты сусымалы заттарға қолданылатын өлшем бірлігі. 1 сағ – 5.1623гр. тең.
[9] Мудд - бидай, арпа, күріш сияқты сусымалы заттарға қолданылатын өлшем бірлігі. 1 мудд – сағтың 4/1 тең.
[10] Муслим.
[11] Бұхари, Муслим.
[12] Муслим.
[13] Бұхари, Муслим.
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру