МӘШҺҮРДІҢ ҒИБРАТ СӨЗДЕРІ

10 қазан 2024 1058 0
Оқу режимі

«Білген сайын өзімнің түк білмейтінімді түсінемін» деген Сократ айтты делінетін нақыл сөз бар. Гректің ұлы ойшылы айтпақшы Мәшһүрді оқыған сайын бір жаңалық ашып отырасың. Екіншіден, Мәшһүрді оқып отырып біздің тіл байлығымыздың соншалықты жұтағанын сезесің. Үшіншіден, күрделі ойлау машығынан айрылып қалғанымызды түсінесің.

Құдай мен аруақтар арасындағы диалог

(Сопылық жолы қандай болуы керек?)

Құдай тәбәрік тағала һәмә аруақларды жаратып, өзінің Құдай патшалығына арнап екі той жасап, соған аруақларды шақырып «Аяғың барғанша жүр, қолың бос, аузың бос –ұнатқандарыңды ала бер», – депті.

Әуелі дүние базарын жасап аралатты. Аруақлар он бөлек болды. Тоғызы көзі түсіп, көңілі қалағанын ала бастады. Бай-малды, ғалым-ғылымды, ұста-темір мен көмірді, еткікші –тьарамыс пен қайыңның тұзын, балта ұстаған-ағашты, тезек терген-көң, шанашты, мерген-мылтықты,- әркім өз құмарына ынтықты.

Қалған бір бөлек жан Құдайдың даусын естумен, «Осы дауыс қайдан шықты, даусы мұндай әдемі, өзі қандай?»- деумен есі –дерті соған кетіп, жалған базараның ешбіріне қызықпады.

Осыдан кейін Құдай тәбәрік тағала бұлардың алдына ақырет базарын құрып, сегіз ұжмақ жасап, көркейтіп, қызықтырып, жайнатып салды. Аруақтар тағы да он бөлек болды. Тоғызы көзі түсіп, көңілі қалағанын ала бастады. Халла тонға, пырақ атына, хор қызына,- бірі оған, бірі бұған жармаса бастады. Тоғыздан бөлініп қалған бір бөлегі тұрып қала берді. Содан соң Құдай тәбәрік тағала бұларға тозақты жасап, қорқынышты қылып дүрілдетіп, қыздырып, отын шалқытып, түтінін қаптатып еді, бәрі быт-шыт болып он бөлек болды. Тоғызы тым-тырақай үркіп, лағып қашты. Бір бөлегі отты, сотты қырау құрлы көрмей, бүлк етпей тұрып қала берді.

Сонда Құдай тәбәрік тағала бұларға айтты:

-Бірі- дүние, бірі-ақырет, алдарыңа екі дастархан жайдым. Ол жайған дастарханнан бірдеме алып ауыздарыңа салмадыңдар, керек қылып дәнеме алмадыңдар. Бергенімді білмей, сыйлап, құрметтегенімді керек қылмай тұрған соң «Отпен үркітіп, азаппен қорқытып, зәресін ұшырайын!- деп, тозақты қыздырып, тулатып едім, үрікпедіңдер, саспадыңдар, қорықпадыңдар, қашпадыңдар. Енді сендерге не керек, айтыңдар!- дегенде, бұлар айтты:

-Көргемізді айтсақ, дүние базарын араладық. Алып жатқан, тұтып жатқан, ішіп жатқан, жұтып жатқанды көрдік. Өрік, мейіз, қант деген тәтті тамақтары болады екен. Оның қадірі- көзбен көріп, қолмен алып, аузына салғанша ғана екен. Жалған дүниенің «бал» деген тамағы болады екен, оның өзі бір шыбынның тышқан боғы екен. Жібектен жасалған әдемі киімі болады екен, ол бір құрттың тышқан боғы екен. ...Тіршілік бар, өлімі даяр. Жастық бар, артында кәрілігі даяр. Денсаулық бар, артында ауруы даяр. Байлық бар, артында жоқтығы даяр. Соқыр-соңыраулар соқтығысып жатыр, оптығып жатыр. Бізге құлақ, көз берген өзіңсің. Көре тұра, ести тұра оның несіне қызығайық?!

Ал, ақыреттіңді көрдік. Қанша қызықты болғанмен, сарттың сызбау ағашы сықылды, төрінде қасқайып отырған иесі жоқ. Адыра, тұл қылған иесіз мүлік сықылды. «Мұның иесі қайда?» деп, есі-дертіміз сол қиялға кетіп, мең-зең боп тұрып қалғанымыз сол, - депті.

-А, сендер, «Мұның иесін тапсақ!» десеңдер, асуы жоқ тау бар, кешуі жоқ су бар. Құс болып ұшсаң, құрулы даяр тор бар. Жүйрік болып шапсаң, қазулы даяр ор бар. Бір күні тымығы жоқ, қара боран дауыл бар. Жайма-шуағы жоқ қаһарлы бұршақ жауын бар. Қайғының қалың қордасы, Һәм күйініштің зор ордасы бар. Оттан ыстық, қардан суық жолдар бар бар. Соның бәрінен асып өтсең, табасың!

-Жарайды, жарайды, оны іздеушіге осыншама машақат, мехнат беріп, мұның үстіне үйіп-төгеді екенсің, өзің қайда боласың?

-Өзін білмей, жанын аямай, бұ жолға түскендердің жатса басында, отырса қасында боламын!

-Олай болса енді бізде арман жоқ. Ал түстік, кеттік!

 

***

Дүние деген бір сұлу қыз. Оның қалыңмалы- жан, иман! Жан- иманнан, ұят-ардан кешкен бай болмақ!

P.S. Қысқартып бердік, негізгі әңгіме Шейх Зуннун Мысыриден алынған болуы керек, бірақ Мәшһүр қазақ түсінігіне ыңғайлап өңдеген.

 

Проф. Ж.О.АРТЫҚБАЕВ

 

 

 

 

Пікірлер Кіру