МӘЙІТТІ БАСҚА ЖЕРГЕ КӨШІРІП ЖЕРЛЕУГЕ БОЛА МА?

28 желтоқсан 2023 2350 0
Оқу режимі

Адам баласы тірі кезінде қандай құрметке ие болса, қайтыс болғаннан кейін де сол құрметтілігі сақталады.

Алла Тағала Құранда: «Расында, Біз Адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят)– дейді.АрдақтыПайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең»(Ибн Мәжә, №1616. Әбу Дәуіт, №3207).

Шариғат бойынша мәйіт қайтыс болған жерге жерленеді (Радду әл-мухтар, 3/146). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Егер Алла Тағала пенденің белгілі бір жерде жан тапсыруын қаласа, ол адамды бір қажеттілігіне байланысты сол жерге баруын жазады»(Термизи, №2147. Табарани, №706, 22/276. Хаким, №127. Хадистің дәрежесі сахих) деген.

Дегенмен қайтыс болған адамның денесі бұзылмайтын болса, туған жеріне немесе мәйіт иесі қалаған басқа жерге апарып жерлеуге болады (Фәтәуа Қадихан, 1/172). Өйткені марқұмды туыстары мен бауырларының жатқан жеріне апарып жерлеу – мұстаһаб (Құртуби, Тәзкира, 93-бет).

Ал жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады (бірақ мынандай жағдайларда ғана мәйітті көшіруге рұқсат етіледі:жерленген жер біреудің меншігі болып, жер иесі мәйітті алып кетуді талап етсе; мәйіт жерленген жерге көпшілікке өте қажет болған құрылыс немесе жол салу жоспарланса; қабірге су астында қалу қаупі төнсе; мұсылман мәйіті өзге дін өкілдерінің зиратына жерленсе).

Қайтыс болған адам туған жерден жырақта жерленген болса, марқұмның қабірін толықтай көшірместен қабірінен топырақ алып, туған жеріне немесе туыстары жерленген қабірстанға апарып, бейіт тұрғызу шариғатымызда келмеген. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алыс жерлерде қайтыс болған сахабаларының рәміздік қабірі жасалмаған. 

Кейбір аймақта рәміздік қабірді «тұрпаты» деп атайды. Қабір мәйітті арулап қоюмен ғана қабір болып саналады. Сондықтан шариғатымызда оның үстін басуға, отыруға, дәрет сындыруға тыйым салынған. Ал рәміздік қабір – мұндай құрметке ие бола алмайды.

 

ҮКІМ:

  1. Мәйітті қайтыс болған жерінде жерлеген дұрыс. Егер денесі бұзылмайтын болса, туған жеріне немесе мәйіт иесі қалаған басқа жерге апарып жерлеуге рұқсат.
  2. Жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады.
  3. Марқұмның қабірінен топырақ алып, туған жеріне немесе туыстары жерленген қабірстанға апарып, қабір жасау дұрыс емес. Ол қабір болып саналмайды.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру