Мен саған бала емеспін!

08 шілде 2019 7071 0
Оқу режимі

«Әйелімнің екі баламмен қоса маған да баласындай қарауына ашуланамын». Бұл бір отағасының сөзі. Ол әйелінің уақыт өте келе өзіне осылай қарайтынына ызаланады. Біршама уақыттан кейін әйелі жағдайды тіптен ушықтырып «Неге бұны алдың? Ол досыңмен неге кездестің? Шұлығыңды ана жерге тастамауың керек еді» деген секілді сөздер айта бастаған. Әрі отбасыларында кикілжіңдер туындаған. Аналық – әрине табиғи сезім. Алайда әйелдер балаға қарайтын бұл сезіммен күйеулеріне де қарағанда түсініспеушілік туындайды. Жанашырлық пен мейірім, қорғап жүру секілді сезімдерін уақыт өте келе жұбайына көрсеткенде, күйеуі оған кері реакция танытады. Тіпті біршама уақыттан кейін бұндай іс-әрекеттер шаңырақты шайқайтындай жағдайға келеді.

Бұның себебі адамның балалық кезімен байланысты. Үйленгенде аналық рөлі ауыр басатын әйелдің, сірә, тым бәйек анасы болған деп топшылайды психологтар. Ана тым уайымшыл болып, жиі бақылау жасайтын болса, баланың өзінен алыстауына мүмкіндік бермейді. Осылай анасынан немесе әкесінен айрылмаған, солардың қасиетін бойына сіңірген балалар үйленген уақытта жұбайларын балаларымен «шатастырады». Яғни балаларға көрсететін қорғаштауын ерлеріне де көрсете бастайды. Осыдан келіп, үйленгенде қиындықтарға кезігеді. Ерлі-зайыптылардың бірінде күйзеліс не ашуын ұстай алмау жағдайы байқалуы мүмкін. Психологтар бұндай жағдайда терапияны ұсынады.

Кейде әйеліне күйеуі балаға қарағандай қарайтын оқиғалар да кездеседі. Бұл мәселе көбіне балаларға кері әсерін тигізеді. Психологтардың айтуынша, әйел күйеуіне бала секілді қарайтын отбасыларда үйдегі ұл әкесіне жақындамай, оны осал деп қабылдайды. Немесе кері жағдайда қыз бала анасына ұқсас жағдайларды ойлайды. Күшті болу үшін әкесіндей болуды таңдайды. Еркекшора болып өседі.

Өзіне бала сияқты қаралған еркек алдауға бейім тұрады

Әсілі қай сезім де әсіре кетсе, зиянды. Сондықтан аналық сезімнің шегі де анықталуы керек. Неге десеңіз, отбасы кеңесшісілері соңғы жылдары елімізде артып бара жатқан ажырасулардың да бұған қатысы бар деген пікірде. Айтуларынша, өзіне бала секілді қаралатын кей еркектер алдауға бейім тұрады. Ер кісінің анасы да балаға қысым жүргізетін болса, әрі енесі де сондай болса, бұл оның әйелінен де алыстай түсуіне себеп. Жұбайын анасымен бірдей көргендіктен, жасаған қателер мен алдағандығын жұбайымен еркін түрде бөлісе алады. Өйткені аналар кешіреді. Қаншалықты сотқарлық жасалса да, ана рөліндегі әйелінің де өзін кешіретіндігін ойлайды. Әйел күйеуіне бала секілді қараған сайын күйеуінің де оңды-солды жүрістері азаймайды. Психологтар бұл жағдайға мынандай мысал береді: «Маған келгендердің арасында әйелін алдап жүрген бір ер кісі де болды. Әкесі де шешесін алдайтынын, бірақ шешесі оны кешіретіндігін айтты».

Не істеу керек?

Әйелі өзін баласынған жағдайда ер кісі әйеліне ескерту жасауы керек. Маңыздысы, әйел де, ер кісі де өзінің тұлғалық ерекшелігін сақтағаны жөн. Балалардың анасы еріне әйел екенін білуі керек. Ерлі-зайыптылар бір-біріне ескерту жасап, қате іс- әрекеттерін түзетуі мақұл. Бір-біріне көмек беріп, анағұрлым жақсы отбасын құруға талпынуы керек.

Жұбайы өзінен басқа тұлға екенін, оның басқаша ойлауы мүмкін екенін, өзгеше шешім қабылдауы мүмкін екенін білуі тиіс. Әрі бұған құқылы екенін білсе, жұбайын бақылап отыру уақыт өткен сайын азаяры сөзсіз.

Жұбайлар бір-бірін өзіне ұқсатуға талпынбай, оны өз ерекшелігімен қабылдауға тырысуы керек.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру