Менің әкем...

20 тамыз 2021 17615 0
Оқу режимі

Мен үшін, екі дүние сұлтаны (с.ғ.с.) және асыл анамнан кейінгі, Алланың ең қадірлі пендесі жайлы қолыма қалам алып жазып отырғаныма өзімді шексіз бақыт сезінемін. Тәнімнің әрбір түйіршігі мен бойыма біткен әрбір жақсылығы үшін оған қарыздармын. Әрине, әкеме перзент ретінде өзім ойлағандай жақсылық жасай алмай жүрмін. Ол үшін ең әуелі Алла Тағалаға истиғфар айтып кешірім тілеймін. Бірақ, сол кемшіліктерімді толықтыруға және жақсылықтарымды әкемнің көріп, ақ батасын беруін Алладан сұраймын. Мына жалғанда әкеңнің жаныңда жүруі – баға жетпес нығмет. Аллаға шүкір, бүгінде өзім – әке, әкем – ата болды.

Менің әкем жүрегі кең, мейірбан адам. Үнемі айналасындағы бала-шаға, ағайын-туыс пен дос-жарандар алдында үлкен жауапкершілік сезінетін жан. Әкем әр баласына ерекше жақын, сөзінен бұрын іс-әрекетімен тәрбие береді. Ең ғажайып қасиеті өз ата-анасына аса мейірбандығы. Қартайған әке-шешесіне ерекше жұмсақ, әрбір сөздеріне мұқият бола білді. Перзент ретіндегі парызын өтегендігіне бір-ақ мысал: атам мен әжеме баласының шыр көбелек боп қызмет етіп жүргенін көру нәсіп болды.

Құдай әкеме жұмсақ жүрек берген. Біреудің қиналғанын көрсе шыдай алмайды. Лезде, қол ұшын беруде дайын тұрады. Әрине, жұмсақ жүрек мейірімді адамның белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннатқа кіретін адамдардың бірі «Жақын туысы мен мұсылманға жұмсақ жүректі кісі» деп айтқан. Өзім байқаған тағы бір қасиеті адам баласының мінін айтуды білмейтін. Әр ісі үшін әкесінен мін ести беріп, аралары суып кеткен қаншама әке мен балалар бар. Әкемнің әр бір қатемнен сабақ алсын деп парасаттылықпен қарауы мені қажет кезде батыл да сенімді қадам жасауыма сеп болды десем артық айтпағаным.

Артық сөз әкемнің табиғатына жат. Мына заманда қызыл тіл, қызыл шоқтан да қауіпті. Қазір қайда қарасаң да бір-бірінің ар-намысын тілдеп жатқан адам. Әкемнің бауырмалдығына кісі қызығады. Екі күннің бірінде үйде ағайын-туыс. Әрқайсысы әкемнен ақыл-кеңес немесе көмек сұрап келіп жатады. Біреуінің көңілі қалып, құр қол қайтқаны болмаған-ау сірә. Құран Кәрімде: «Әрі маған, мен туылған күні, қайтыс болатын күні және қайта тірілетін күні амандық болады[1]», - деген аят осындай әкелер жайлы болар.

Әкем – жақсы дос, берік қорған, сенімді жолдас және қарапайым таза жүрек иесі. Оның бойындағы көп асыл қасиеттің бірен-сараны болса-дағы менде болуын жан-тәніммен қалар едім. Әкем сияқты өз балаларыма жақсы тәрбие беру менің әкелік борышым. Өйткені, баланың қарны тоқ және киімі бүтін болуынан да қажетті дүние – тәрбие. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкенің перзентіне берген ең жақсы сыйлығы – жақсы әдеп[2]», - деп айтуының сыры да осында жатыр. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру