Миғраж түнінің мұсылмандарға сыйлығы

01 сәуір 2019 13039 0
Оқу режимі

Барша мұсылман қауым Исра мен Миғраж оқиғасынан аз да болса хабардар. Себебі бұл оқиға сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең үлкен мұғжизаларының бірі болып табылады. Алла Елшісі (с.ғ.с) сүйікті жары  Хадиша анамыз (р.а) бен көкесі Абу Талиб қайтыс болғаннан кейін Алла Тағала Оның (с.ғ.с) көңілін жұбату үшін Миғражға шығарып, ғайып есігін ашып жәннат пен тозақты көрсетті, пайғамбарлармен жолықтырып, оларға имамдық жасатты. Қайтарында сүйікті Пайғамбарына (с.ғ.с) тамаша үш сыйлық жасады. Бұл туралы Абдулла ибн Масғуд (р.а) миғраж кеші туралы айтып келіп:

فَأُعْطِيَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثَلَاثًا : أُعْطِيَ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسَ ، وَأُعْطِيَ خَوَاتِيمَ سُورَةِ الْبَقَرَةِ ، وَغُفِرَ لِمَنْ لَمْ يُشْرِكْ بِاللهِ مِنْ أُمَّتِهِ شَيْئًا ، الْمُقْحِمَاتُ

«... Сөйтіп Алла елшісіне (с.ғ.с) үш сыйлық тарту етілді, олар: бес уақыт намаз, «Бақара» сүресінің соңғы аяттары, үмметінен кімде-кім қанша үлкен күнә жасаса да, бірақ Аллаға серік қоспаған болса, оған (ертелі-кеш) кешірім жасалатыны туралы сүйінші»[1], – деген.

Осы сыйлықтардың ішіндегі «Бақара» сүресінің соңғы аяттарының неліктен үлкен сыйлық екенін қарастырып көрелік. «Бақара» сүресінің соңғы аяттары дегеніміз «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты. Алла Тағала онда:

آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ ۚ وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا ۖ غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ

 لَا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلَّا وُسْعَهَا ۚ لَهَا مَا كَسَبَتْ وَعَلَيْهَا مَا اكْتَسَبَتْ ۗ رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَا إِن نَّسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا ۚ رَبَّنَا وَلَا تَحْمِلْ عَلَيْنَا إِصْرًا كَمَا حَمَلْتَهُ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِنَا ۚ رَبَّنَا وَلَا تُحَمِّلْنَا مَا لَا طَاقَةَ لَنَا بِهِ ۖ وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَا ۚ أَنتَ مَوْلَانَا فَانصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер да (оған иман келтіріп) барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді.

Алла адамға оның шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді; істеген жақсылығы өз пайдасына, ал жамандығы өзіне зиян болып қайтады. (Олар): «Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ бізді жазалама. Раббымыз! Бізге бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыр жүк жүктеме. Раббым! Бізге шамамыз келмейтінді артпа! Бізді кешір, бізді жарылқа, бізге мәрхамет ет. Сен иемізсің! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» – дейді» [2], – деген.

Әуелі, бұл аяттардың артықшылығына тоқталсақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол туралы хадистерінде:

من قرأ بالآيتين من آخر سورة البقرة في ليلة كفتاه

«Кімде-кім түнде Бақараның соңғы екі аятын оқитын болса, ол оған (осы түнде) жеткілікті болады»[3],

أعطيت خواتيم سورة البقرة من كنز تحت العرش ، لم يعطهن نبي قبلي

«Маған Бақара сүресінің соңғы аяттары Арштың астындағы қазынадан берілді, ол Менен алдын еш пайғамбарға берілмеген»[4],

إن الله كتب كتابا قبل أن يخلق السماوات والأرض بألفي عام ، أنزل منه آيتين ختم بهما سورة البقرة ، ولا يقرأن في دار ثلاث ليال فيقربها شيطان

«Расында, Алла Тағала көктер мен жерді жаратпастан екі мың жыл бұрын жазу жазды. Сөйтіп одан екі аятты түсіріп Бақара сүресін тәмамдады. Қайсы бір үйде  ол үш күн оқылса, ол үйге шайтан жуымайды»[5], – деген.

Ал, енді осы  аяттардың тәпсіріне қысқаша шолу жасайық.

Алла Тағала әуелгі 285-аятта Алла елшісі (с.ғ.с) мен иман еткен мұсылмандардың сенімдерінен, Алланың әмірлерін орындайтындарынан, сонымен қатар Алладан кешірім сұрайтындарынан хабар беруде. Олар Аллаға, періштелерге, кітаптарына және пайғамбарларға иман етеді. Бұл деген Алланың иман етуге бұйырған нәрселердің жалпылай қамтиды. Бұл – иман, ақида мен таухид ілімі.

Олар: «естідік те бой ұсындық», – дейді. Бұл мұсылмандардың Алланың бұйырған әр әмірін орындап, тыйымдарынан толықтай алшақ болатынынан хабар беруде. Олар ғибадаттарына берік, күнә атаулыдан мүмкінінше ұзақ болады. Бұл – ислам, фиқх немесе халал мен харам ілімі.

Олар: «Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың», – дейді. Олар Алланың бұйрықтарын толық орындап, тыйымынан шама-шарқынша тыйылғанмен, амал-әрекеттерінің кемшіліксіз бомайтынын біледі. Ғибадаттарын орындап болғаннан кейін де оның қабыл болуын Алладан жалбарынып сұрайды. Бұл – ихсан, тәрбие ілімі.

Кімде-кімнің бойынан бұл нәрселер табылса, ол анық мұсылман, Алланың қалаулы құлы. Себебі, Алла Тағала: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де», – деп момындарды Пайғамбардың (с.ғ.с) осы тұрғыда қатар көрсеткен. Ендеше, осы аяттан өзін Пайғамбардың (с.ғ.с) қасынан көргісі келген әр мұсылманға үлкен сүйінші бар. Бұл да өз алдына үлкен бір сыйлық.

Ал, екінші, яғни 286-аятты Алла Тағала: «Алла адамға оның шамасы келемейтін нәрсені жүктемейді», – деп бастады. Бұл аят Алла Тағаланың:

وإن تبدوا ما في أنفسكم أو تخفوه يحاسبكم به الله

«Іштеріңдегілерді жарияласаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады»[6], – деген аятынан кейін түскен. Бұл аят түскенде мұсылмандар қатты налыған еді. Себебі, бұл аяттың мағынасын бойлай білген сахабалар іс-әрекеттерінен байқалған амалдармен бірге ойына кіріп-шыққан ойларға да есеп беру керектігін түсінген болатын. Алайда, Алла Тағала осы үмметке мейірім танытып, «Алла адамға оның шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді» деді. Бұл – Алла Тағаланың осы мұсылман үмметіне көрсеткен шексіз мейірімі. Себебі мұсылмандар: «Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ бізді жазалама», – деді. Алла Тағала бұны қабыл етті.

Олар: «Бізге бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыр жүк жүктеме. Раббым! Бізге шамамыз келмейтінді артпа!» – деді. Алла Тағала барша ғибадатты жеңілдетті, тіпті кей жағдайларға байланысты жеңілдіктер берілді.

Олар: «Бізді кешір, бізді жарылқа», – деді.  Кешіру мен жарылқау – адамның күнә мен қателігінің салдарынан сұралатын нәрсе. Алла Тағалла бұл үмметтен оны да қабылдады.

Олар: «Бізге мәрхамет ет», – деді. Мәрхамет – жақсылық жасау үшін жасалатын мейірімділік көмегі. Алла Тағала оны да қабыл алды.

Олар «Сен иемізсің! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» – деді. Алланы танымай, жоққа шығарған қауымға қарсы іліммен, біліммен, бірлікпен, күшпен жәрдем сұрады. Алла Тағала оны да қабыл алды.

Міне, Алла Тағала мұсылман жұртшылығына Миғраж түні осындай зор сыйлық сыйлады. Мұсылманға мұсылмандықтың ақиқатын паш етіп, оның ақыреттік амалдарына зор жеңілдіктер жасағанымен сүйіншіледі. Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтар болғай. Алла бізді Өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) лайықты үммет болуымызды жазғай. Әмин!

 

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Астана қаласының өкілі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы


[1] Муслим.
[2] «Бақара» сүресі, 285-286 аяттар.
[3] Бухари, Муслим.
[4] Ахмад.
[5] Хаким.
[6] «Бақара» сүресі,184-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру