«Миск ата» жайлы хикая

18 ақпан 2019 8307 0
Оқу режимі

Ертеде құлшылыққа жаны құмар, Алланың назары түскен бір тақуа кісі өмір сүріпті. Өзіне пайдалы бір жұмыс істесе, құлшылығын екі есе қылып атқарады екен. Күндердің күнінде әлгі кісіні көрші үйде тұратын жалғызбасты бір әйел көмекке шақырады. Қайсыбір жанның сөзін жерге тастамайтын жаңағы ақкөңіл жан ойында ештеңе жоқ, көмекке шақырған әйелге жетіп барады. Барса әлгі әйелдің көмекке мұқтаждығы сезілмейді.

Сонда әйел:
– Сені менімен бірге болуға шақырған едім, – дейді беті бүлк етпестен.
– Мен Алладан қорқамын. Мен келісе алмаймын, – дейді көршісі. Сөйтеді артқа қарай енді қадымдай бергенінде әйел:
– Егер де менің ауламнан бір қадам аттап бассаң айқайлап, мені зорлады деп жала жауып, абыройыңды түсірем, – дейді.

Көршісі амалсыздан келіскен болып, дәретханаға барып келуге рұқсат алады. Рұқсат алып дәретханаға барады да, ондағы барды үстіне жағып әйелдің қасына жетіп келеді. Келсе жаңағы әйел жиіркеніп: «Кет! Кет ары!» – деп жанына жолатпайды. Тақуа жанға бағанадан бері керегі де осы еді. Жымиып қана есіктен шығып кетеді. Тақуаның мұндай күнәлі істен қашып, тапқан амалына Алла Тағала разы болып, оны ерекше хош иісті адамға айналдырған екен. Содан ол кісі ел арасында «Миск ата» деп аталып кетеді.

Күллі мұсылман баласы ерекше әспеттеп үстіне сеуіп жүретін әтірдің «миск» деп аталуы осы аңыздан қалса керек.

Нұрқанат Нұрдәулетұлы

 

Тегтер: миск тақуалық

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру