МҮБӘРАК МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ

18 қыркүйек 2023 3338 0
Оқу режимі

Мәуліт мейрамы Рубиғул әууал айында кіреді.

 Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), - деген.

Мәуліт мерекесінде не үшін көп салауат айтылады десек, оған Құран аяттары жауап береді. «Ахзаб» сүресі, 56-аятында: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», - деп айтқан.

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Пайғамбардың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  туған уақытына байланысты атап өтілетін күн «мәуліт» деп аталады. Бұл – дінде  әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, яғни құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны белгілі. 

Сол себепті де, барша мұсылман халқы Пайғамбарымызға  (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрмет ретінде Мәуліт мерекесінде жер-жерлердегі мешіттерде Құран оқып, көптеген уағыздар айтып, салауаттар оқиды. Мәулітті тойлату турасында атақты ғұламалар көптеген пікірлер қалдырған. Көпшілікке танымал, беделді ғұлама Имам Суютый: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла елшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», – деген. Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара жайдары болумен өткізу. Осының бәрі Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі» деген.

Барша мұсылманның сүйіктісі болған Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Мәуліт мерекесі кіргенде ғибадаттарымыз арттырып, Алланың разылығына бөленуге мүмкіндік зор.

Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм»,– деген.

Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай бірлік берсін!

Екі дүниеде де жүзімізді жарқын, дұғамызды қабыл қылғай!

 

 

 

Пікірлер Кіру