Мұнафық деген кім?

24 ақпан 2020 29671 0
Оқу режимі

Имансыз бола тұра, мұсылман секілді көріну үшін тілімен иман еткен кісіге «Мұнафық» дейді. Мұнафық мұсылман ортасында мұсылман сияқты әрекет етіп, кәпірлердің ортасына барғанда күпірлігін жалғастыра береді. Олардың мақсаты сырт көзге мұсылман көрініп, мұсылмандарды іштей ыдырату, алауыздық тудыру, бүлік шығару. Мұнафық есімі жер астында екі іні бар көртышқанға ұқсас. Көртышқан қауіп келгенде қалайша екінші інінен шығып кетсе, сол секілді Мұнафық та орны келгенде мұсылманмен бірге мұсылман болып, дінсіздерге қауышқанда исламға дұшпан болып шыға келеді[1].

Мұнафық жүрегіне әлі иман толық ұяламаған, іштен шыққан жау іспеттес. Мұндай екіжүзді имансыз кісілер адамдарды алдағанымен, бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы алдай алмайды. Кәпір мен Мұнафықты қалай айырамыз деп сұрайтын болсаңыз: мұсылмандар арасындағы кәпір мен Мұнафықтар күріш ішіндегі тас іспеттес. Күріш ішіндегі қара тастарды оңайлықпен көре алсақ, мұсылмандар ішіндегі кәпір кісілерді де дәл солай ажырата аламыз. Ал күріш ішіндегі ақ тасты оңайлықпен көре алмаймыз да, тамақ ішкен кезде тісімізді сындырған уақытта барып, ақ тасты шайнап жібергенімізді аңғарамыз. Міне, мұсылмандар ішіндегі Мұнафықты да бір қарағанда тани алмағанымызбен, басқа іс түскенде оларды тез айыруға болады[2].

Пайғамбарымыздың Меккедегі алғашқы жылдарында Мұнафықтар болмағанымен, олар Мәдина дәуірінде бірден көрініп қалады. Себебі, Мәдина мұсылмандардың билігіне өткендіктен имансыздар ислам дініне, билігіне қарсы шығуға күштері жетпестен лажсыздан мұсылман іспетті көрінуге тырысып, Мұнафықтар (екіжүзділер) деген атпен жаңа дінсіздер тобы пайда болды. Олар пайда болған уақыттан бастап үнемі ыңғайлы, оңтайлы, сәтті тұстарды аңдумен өтті. Мақсаттары - мұсылмандар арасында күмән тудыру, бүлік шығару еді. Бәну Мусталиқ жорығында Хазіреті Айша (р.анһ.) анамызға жала жауып, мұсылмандар арасында өсек таратқан Мұнафықтар болатын. Бәдір мен Ұхуд соғысында мұсылмандарды тастап, шайқастан бас тартқанымен қоймай, мұсылмандардың жігерін, ықыласын тежеу үшін түрлі сөздер айтып, өздерінің қандай мақсатта өмір сүретіндігін айқын көрсетті.

Алла Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сол кезде кімдердің Мұнафық екендігін уахи арқылы білдіргенімен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пәленше Мұнафық деп олардың ешбірін әшкере етпеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларының ішінен сырласы Хазіреті Хузайфатул Яманға кімдердің Мұнафық екендігін көзі тірісінде айтып кетеді. Ал Хузайфа бұл сырды өлгенше ешкімге айтпады. Негізінен, Хазіреті Пайғамбар Мұнафықтарды танығандықтан, олар өлсе, жаназасына бармайтын. Хузайфа да өмірінде солай істеді. Бұл сырды білген Хазіреті Омар бір жаназа шықса, алдымен Хазіреті Хузайфаға қарайтын. Егер Хузайфа жаназа намазын оқуға бармаса, Хазіреті Омар да өлген кісінің Мұнафық екендігін біліп, жаназасын оқымайтын.

Алла Тағала Мұнафықтардың қандай адам екендігін арнайы «Мұнафықун» сүресінде кеңінен баян етеді. Мұнафық ақиқатында кәпір болғандықтан ақыретте тозақта мәңгілік қалады. Бұл ақиқат. Өйткені, Мұнафықтар жайында Құранда: «Негізінен Мұнафықтар тозақтың ең төменгі қабатында болады. Әрі оларға ешбір көмекші таба алмайсың»[3], – делінеді.

«Шексіз Алла Мұнафықтар мен кәпірлерді бір тұтас тозаққа жинаушы»[4].

«Мұнафық ерлер мен әйелдер бір-біріне ұқсайды. Олар жамандыққа бұйырып, игіліктен тосады. Сондай-ақ олар сараңдық етеді. Олар Алланы ұмытқандықтан Алла та оларды ұмытты. Расында Мұнафықтар фасық кісілер»[5].

«Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұнафықтарға өздеріне негізінен күйзелтуші азап бар екендігін сүйіншіле»[6].

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисімен мұнафықтардың бойынан табылатын басты ерекшеліктерін былайша атап көрсетеді: «Мұнафықтың белгісі үшеу: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәде берген кезде сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды»[7].

Абдулла ибн Амр ибн Астың риуаят етуі бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мына төрт қылық кімде болса сол кісі Мұнафық болады: 1. Аманат етілгенде қиянат етеді; 2. Сөйлеген кезде, өтірік айтады; 3. Уәде берген кезде, уәдесінде тұрмайды; 4. Куәгер болғанда, жалтарады»[8]. Олай болса, осы айтылған жаман қылықтардан бойымызды аулақ ұстағанымыз абзал.

 

Смайыл Сейтбеков
ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі


[1] Мехмед Емре. Ланетленмиш кишилер ве ишлер, Истанбул, 1994, 41-бет.
[2] С. Сейтбеков, С. Нысанбаев. Ислам әдебі, Шымкент, 2003 ж., 129-бет.
[3] «Ниса» сүресі, 145-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 140-аят.
[5] «Тәубе» сүресі, 67-аят.
[6] «Ниса» сүресі, 138-аят.
[7] Бухари, Иман 31
[8] Риязус Салихин. 3 том, 1572 хадис

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру