МҰСЫЛМАНҒА АЯТ-ХАДИСТЕН АРТЫҚ МОТИВАЦИЯ ЖОҚ

12 қазан 2021 11844 0
Оқу режимі

Құран оқыған адамның жүрегін тот баспайды

– Рұқсат етсеңіз, сұрақты төтесінен қойғым келіп отыр. Сіз Құранды толық қашан әрі қалай жаттап шықтыңыз? Кім себепші болды?

– Құран жаттауға деген ынта-ықылас кішкентай кезімнен басталды. Оған себепші болған әкем еді. Ол кісінің Құранға деген махаббаты ерекше болатын. 70-80 жылдары Кеңес өкіметінен бұрын оқыған қарилардан дәріс алып, жаттаған аяттарды жасырын барып тапсырып отыратын. Ол кез діндар адамдар қудалауға ұшыраған заман ғой. Әкем сонда да ұстаздарына ұрланып барып, жаттаған Құранын тапсыратын. Осы сәттерде мені қасынан тастамайтын. Халқымыз «Әке көрген оқ жонар» демей ме?! «Алма ағашынан алыс түспейді» деген сөздің де жаны бар. Сондықтан балаға Құран үйрету үшін ең әуелі өзіміз соған лайық болуымыз керек.

Біз балаға Құранды үйретсек, Құран оған бәрін үйретеді. Құран оқыған, оны жаттаған бала ешқашан Отанына опасыздық жасамайды. Ата-анасын, туған-туысын құрметтейді. Жұмысын адал істейді. Мұндай адам жамандық жасамайды.

– Құранға деген махаббатты қалай оятамыз? Ол үшін не істеу керек?

– Ең әуелі ықыласты ояту керек. Ықылас қалай оянады? Ықылас Құран оқудың, жаттаудың артықшылығын, оның сыйы мен нығметін жақсы білу арқылы келеді. Алла Тағала мен оның елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың қариларға берілетін дәреже, сый, нығмет жайында айтқан сүйінші хабарлары мотивация болу керек. Мұсылманға аят-хадистен артық мотивация жоқ.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқылған үй көктегі жаратылыстарға жарық шашып тұратынын айтқан. Осыған қатысты мынадай хадистер бар: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді»; «Құранның әрбір (жатталған) аяты (жаттаған кісінің) жәннаттағы дәрежесін көтереді және үйлерінде (оқылған Құран) шамдар секілді (көктегілерге жарық шашады)»; «Кімде-кім Құран оқып, соған сай іс-әрекет етсе, Қиямет күні Алла Тағала оның ата-анасына тәж кигізеді».

Осындай мазмұндағы хадистерді жалғастыра беруге болады. Құран оқудың, жаттаудың артықшылығы өте көп. Соның бірі – Құран оқыған адамның жүрегін тот баспайды. Су тиген темір тоттанатыны секілді, жүректі де тот басады. Ал оны тазартатын ем – Құран оқу. Құран оқудың, оны жаттаудың, оған амал етудің сауабы көп болғаны секілді, оны тыңдаудың да пайдасы мол. Алланың сөзін естіген адам жұпар иіске бөленгендей күй кешеді. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құранның мысалы аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы». Міне, осындай аят-хадистер біздің Құранға деген махаббатымызды, Құдайдың сөзіне деген құштарлығымызды оятады.

 Үйде рухани атмосфера қалыптастыру қажет

– Құран жаттауды ниет еткен жандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең әуелі ниетті түзеп, ықыласты оятып, ыждағаттылық таныту керек. Құран жаттау сабыр, төзім, табандылық пен тұрақтылықты, сонымен қатар көзді, тілді, құлақты жаман нәрселерден сақтауды талап етеді. Егер біз Құранға берілмесек, ол да бізге оңайлықпен берілмейді. Мысалы, біздің Құран жаттау орталығына 9-сыныптан кейін қабылданған бала бір айлық сынақ мерзімінен өтеді. Егер ол бір ай көлемінде Құран жаттауда төзімділік, табандылық пен тұрақтылық танытса, жаттау қабілеті мен мінез-құлқы дұрыс болса, оны орталығымызға ресми түрде қабылдаймыз.

Ниет пен ықылас нығметтеры адамға үлкен күш береді. Құран жаттайтын адам өзіне жан-жақты жағдай жасайды. Оны қалай түсінеміз? Мысалы, көлігіңізде Құран тұрса, машинаңыз қызғанша жаттаған аяттарды 5-10 минутта қайталап алуға болады. Көлікте біреуді күтіп тұрсаңыз уақытыңызды босқа жібермей, Құранға үңіліңіз. Жұмыс үстеліңізге, яғни өзіңізге көрінетін жерге Құран кітабын қойыңыз. Жұмыс арасында 5-10 минут оқып аласыз. Өзіңізбен үнемі Құранды алып жүріңіз. Мысыр елінде жақсы дәстүр бар. Қоғамдық көлікке мінген жолаушылар жол-жөнекей Құран оқып барады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Қазіргі заманда ұялы телефонды осы Құранға пайдалануға көп мүмкіндік бар. Мысалы, мен телефоныма Құранның электронды нұсқасын жүктеп алғанмын. Жол жүргенде, бос уақыттарда оқып жүруге ыңғайлы. Жол бойы ұялы телефонға телміріп, пайдасыз дүниелерді көріп, уақытты өлтіргеннен гөрі Құран оқып барған қандай жақсы әрі сауабы мол іс емес пе?

Үйге де әр бөлмеге Құран қойыңыз. Қолыңыз қалт ете қалғанда ең болмаса бір бет оқып аласыз. Оқыған аяттың әр әрпіне сауап жазылады. Мұны түсінген адам үлкен сауаптан құр қалмауға тырысады. Әр адам өзіне, отбасына осындай рухани атмосфера қалыптастыруы қажет.

Бір мысал айтайын. Сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) үйіне кірген бойда Құран кітапты ашып оқиды екен. Сондай әйгілі сахабалардың бірі Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын): «Ешбір күнім мен түнімді Алла Тағаланың кітабына қарамай өткізуді қаламаймын» деген екен. Бұл амал бала-шағаға да оң әсер етеді. Балаға айтқаннан гөрі оған көрсеткен маңыздырақ. Сіз Құран оқи бастасаңыз бұл ісіңіз айналадағы адамдарға, жақсы мағынада айтқанда, «жұға» бастайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал тектен тек айтылмаған.

Ең бастысы Құран жаттауды қиындатпау керек. Шын мәнінде ниет еткен адам үшін Құран жаттау жеңіл. Алла жеңілдігін нәсіп етеді. Телефонмен таң атырып, телефонмен кеш батыратынымыз рас қой. Телефонға жабысқандай Құранға жабыссақ, көп игілікке кенелер едік...

Қариы бар қоғам бақытты

– Әлемде Құран жаттаудың қандай тәсілдері мен мектебі қалыптасқан? 

– Түркия, Пәкістан, Араб елдері, Орта Азияның Құран жаттаудың мектептері бар. Мысалы, біздің Орта Азия мектебінде Құранды әуелі бір рет жаттап шығады. Одан кейін екінші рет 5, 10, 20 беттен пысықтап, жаттаған аяттарды толық есте сақтауға күш салады. Қасиетті кітаптың 20 бетін жаттап, пысықтап шыққан адам бір параны толық біледі деген сөз. Орта Азия мектебінде жаттаған беттерді шетінен ұстазға тапсырып отырады. Біздің қарилар орталығында оқитын шәкірттеріміз жаттаған Құранын осы әдіспен ұстаздарына тапсырады. Бұл кейде таңнан кешке дейін уақыт алады. Айтайын дегенім, біз шәкірттерге Құран жаттату бойынша Орта Азия мектебінің әдісі мен үлгісін қолданамыз.

Ал Түркия мектебі бойынша, шәкірт әр параның соңғы бетінен бастап жаттайды да екінші айналымда бет санын қосып, бір параға толтырып отырады. Бұл да жақсы тәсілдің бірі. Кім қандай тәсілмен жаттаса да өз еркі. Ең бастысы Құранға деген махаббаты, оны жаттауға деген ынты-ықыласы болса жеткілікті. Құран жаттаудың Түркия, Пәкістан, Араб елдері, Орта Азия мектебі – Алланың сөзін толық есте сақтауға жетелейтін жолдар. Кімге қай жол, яғни қандай тәсіл тиімді оны өзі таңдайды.

Жатталған аяттарды намазда оқудың, оны ұстазға тапсырудың, қасиетті Рамазан айында Құран хатымға шығудың маңызы ерекше. Біздің орталықтан Құран жаттап шыққан шәкірттер еліміздің барлық аймағындағы мешіттерге барып, тарауық намазына имамдық етіп, Құран хатым жасайды. Тіпті он пара білетін шәкірттерімізді де мешіттерге тарауық намазына жібереміз. Бұл олар үшін үлкен тәжірибе. Көптеген мешіт имамдары Рамазан айында біздің орталыққа хабарласып, қариларды шақырады.

Шәкірттер үшін тағы бір мотивация – елімізде тұрақты түрде республикалық Құран жарысының ұйымдастырылуы деп атар едім. Аллаға шүкір, қарашаңырағымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын тұрақты түрде Құран жарысы өтеді. Аллаға сансыз шүкірлер болсын, осы республикалық жарыста соңғы екі жыл бойы біздің шәкірттер бас жүлдеге ие болды. Әрине, қариларымыз марапат немесе қаржылай сый-сияпат үшін Құран жаттамайды. Десе де оларға Құран жарысында автокөлік, қомақты қаржылай сыйлық беріледі. Бұл – үлкен қолдау. Қариы бар қоғам бақытты. Қариы бар отбасы бақытты.       

Қари қартайса ақылынан адаспайды

– «Қариы бар қоғам бақытты» деп қалдыңыз. Қазақ халқының игі дәстүрінде қариға деген құрмет ерекше. Жалпы біздің қоғам қариын қаншалықты қадірлеп жүр деп ойласыз?

– Қарилар ең алдымен Алланың құрметіне бөленеді. Оның панасында болады. Хадистердің бірінде: «Ақиқатында Құранды жатқа білетін мұсылмандар Алла Тағаланың панасынан басқа пана болмайтын күні пайғамбарлар мен таңдаулы пенделермен бірге Оның панасында болады» делінген. Бұл – үлкен нығмет әрі жетістік. Қари болудың осы дүниедегі тағы бір нығметінің бірі – қартайғанда ақылынан адаспайды. Мұндай сүйінші хабарды Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген. Хадисте былай айтылған екен: «Кімде-кім Құранды жаттаса, Алла Тағала оның ақыл-есін қайтыс болғанға дейін сақтайды».

Өзіңіз жақсы білесіз, Алла Тағала Құран жаттаған адамға қияметте шапағат ету бақытын бұйырады. Бұған дәлел ретінде: «Кімде-кім Құранды оқып, оны жаттаса және ондағы адалды адал деп, арам нәрсені арам деп санаса, Алла Тағала оны жәннатқа кіргізеді. Әрі оны отбасындағы тозаққа кіруі уәжіп (міндет) болған он кісіге шапағатшы етеді» деген хадисті айтамыз.

Алла Тағала Құран жаттаған жүректі азаптамайды екен. Қараңызшы, қандай жақсы құтылу! Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай керемет хадис жеткен: «Құран оқыңдар! (Үйлеріңде) ілінген мына Құран кітаптармен өздеріңді алдамаңдар. Өйткені Алла Тағала Құран сақтаған жүректі азаптамайды». Бұдан асқан қандай бақыт бар?! Ғалымдарымыз осы хадистегі «(Үйлеріңде) ілінген мына Құран кітаптармен өздеріңді алдамаңдар» деген сөзге пікір білдіріп, мұсылман адам Құран оқуды тастап, жалқаулық танытып, Алланың сөзі жазылған кітапты үйге іліп қоюмен шектелмеуі тиіс екенін айтқан.

Қариға құрмет көрсету – дінімізде де бар құндылықтың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды жатқа білушілерді құрметтеңдер! Кімде-кім оларды құрметтесе, сөзсіз, мені құрметтегені. Кімде-кім мені құрметтесе, сөзсіз Алла Тағаланы құрметтегені. (Қаперде ұста) Құранды жатқа білушілердің құрметін төмендетпеңдер! Өйткені олар Алланың құзырында мәртебелі» деген.

Аллаға шүкір, біз имамын, қариын қолдаған, оған құрмет көрсетіп, төрін ұсынған мұсылман халықпыз. Жиын-кездесулерге барсаң, жамағат ерекше құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп жатады. Бұл – Құранға деген құрмет. Біздің ата-бабаларымыз Құран үйрететін ұстазды арнайы алдырып, балаларына дәріс беруді дәстүрге айналдырған. Мұндай істі көп жағдайда материалдық мүмкіндігі мол азаматтар ұйымдастырған. Құдайға шүкір, қазір де осы игі іс жалғасын тауып келеді.

Осы жерде айта кететін жайт, елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен «Әр мешітке – бір қари» деген керемет жоба жүзеге асып келеді. Бұл – кез-келген мешітте бір қари болу керек деген сөз. Сол қариларымыз мешітке келген жамағатқа Құран оқуды үйретіп, сауапты амалдарға үлес қосуда. Әрине елімізде әлі де болса қариларымыз аз. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 6 қарилар орталығы Құран жаттаған шәкірттердің қатарын көбейтуге атсалысуда. Сол орталықтың бірі ретінде біздің де ұстаздарымыз табанды еңбек етіп, ортақ мақсатқа үлес қосып келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда баласын қарилар орталығына бергісі келетін ата-аналардың саны артуда. Бұл жағдай бізді де қатты қуанышқа бөлейді.

Жан Құранмен ғана тіріледі

– Насихат ретінде әркез айтылатын Құранға байлану деген ұғымды қалай түсіндіріп берер едіңіз?

– Қасиетті Құран – мүміндер үшін үлкен насихат, жүректерімізге шипа беретін, тура жол көрсететін әрі екі дүние бақытына бөлейтін кітап. Құран – күллі дүние жетістіктерден қайырлы. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (Мұхаммед): «Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де» («Жүніс» сүресі, 57-58 аяттар).

Жан тек Құранмен ғана тіріледі. Жан тәннің рухы болса, Құран – жанның рухы. Жансыз тән өлі саналғаны секілді, Құрансыз жан да өлі саналады. Бұған қатысты Құранда мынадай аяттар бар: «Өлі біреуді тірілтіп, оған адамдардың ішінде онымен жүретін жарық қылсақ, ол, қараңғылықта қалып одан шыға алмайтын біреуге ұқсаған бола ма? Осылайша кәпірлерге, істеген істері әдемі көрсетілді («Әнғам» сүресі, 122-аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алатын адам мен еске алмайтын адамның мысалы – өлі мен тірінің айырмашылығындай» деп хабарлаған. Біз бұл аят-хадистерден Алланы еске алатын және еске алмайтын адамның мысалы өлі мен тірі секілді жаратылыс екенін анық аңғарамыз. Құранға байланған адам тірі жаратылыс болмақ. Өйткені Құран Аланы еске алуға, Оның құдіреті жайлы ойлануға итермелейді.

Құранға байланған адам қасиетті кітапта жазылған үкімдерді ұстанады. Өйткені күнделікті өміріміздің күллі саласына қатысты Құранның айтар үкімі бар. Алла Тағала Құранды адам баласына түсірген. Егер оны басқа нәрсеге түсіргенде быт-шыт болар еді. Раббымыз бұған қатысты: «(Мұхаммед) Егер осы Құранды бір тауға түсірсек еді, Алладан қорыққандығынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы түсінсін деп келтіреміз» («Хашр» сүресі, 21-аят) деп баяндайды.

Сонымен қатар қасиетті кітабымызда: «Саған Кітап түсірілетінін үміт етпеген едің. Бірақ Раббыңның мәрхаметі. Сондықтан қарсы болғандарды сүйемелдеме! Алланың аяттары саған түсірілгеннен кейін олар сені одан (аяттарға амал етуден) тоспасын. Оларды Раббыңа шақыр да әсте серік қосушылардан болма!» («Қасас» сүресі, 86-87-аяттар) делінген. Біз бұдан әр істе Құран аятын, яғни Алланың сөзін басшылыққа алу парыз екенін түсінеміз.

Алла Тағала баршамызды Құранмен өмір сүрген, оған амал еткен, екі дүние бақытына кенелген пенделерінен еткей. Әмин!

– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Дереккөз: Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ «Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл 

Пікірлер Кіру