Нәпсіні тәрбиелеудің төрт тәсілі

07 сәуір 2021 8240 0
Оқу режимі

Имам Ғазали (р.х.) «Ихия» кітабында былай деген: «Расында, Алла Тағала қай пендеге жақсылық қаласа, оның кемшіліктерін өзіне көрсетіп қояды. Ал, қашан өзінің кемшіліктерін білгенде, оларды емдеу мүмкіндігі пайда болады. Алайда, көпшілік адамдар өздерінің кемшіліктерін көрмейді. Біреудің көзіндегі шөпті көріп, өзінің көзіндегі томарды байқамайды. Кімде-кім өзінің айыптарын білгісі келсе, оның төрт жолы бар.

Біріншісі: Нәпсімен күресуде терең білімі мен тәжірибесі бар ұстаздың алдында отыру. Ол ұстазы нәпсінің айыптарын тани біліп және қалай емдеу керек жолдарын үйретеді. Біздің заманымызда бұл жоқтың қасы.

Екіншісі: Діндар, көзі ашық, шыншыл дос іздеу қажет. Өзінің досына бақылап, қадағалап жүруді тапсырады. Қай мінез-құлығын және істерін және ішкі-сыртқы кемшіліктерін көріп, жақтырмай қалса, міндетті түрде ескертеді. Ұлы ғұламалар және дана адамдар осылай істеген. Әзіреті Омар (р.а.) былай деген: «Менің кемшілігімді маған айтқан адамға Алланың мейірімі болсын!». Ол кісі өзінің кемшіліктері туралы әзіреті Салманнан (р.а.) сұрап тұратын еді. Бір жолы әзіреті Салман (р.а.) келген кезде: «Мен туралы қандай жаман сөздер саған жетті?», – деп сұрайды. Әзіреті Салман (р.а.) айтқысы келмеді. Қайта-қайта сұрай бергеннен былай деп жауап берді: «Сіз бір дастарханда екі түрлі тамақ жейтініңіз және бір киімді күндіз, бір киімді түнде киетініңіз туралы маған хабар жетті». Әзірет Омар (р.а.): «Бұдан басқа сөздер саған жетті ма?» – деп сұрады. Салман (р.а.): «Жоқ», – деп жауап берді. Сонда әзіреті Омар (р.а.): «Ендеше бұл екі істі мен тоқтатамын», - деді. Ол кісі әзіреті Хузайфаға (р.а.) келіп былай деп сұрайтын: «Сіз мұнафықтарға қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сырларын сақтаған адамсыз. Меннен екіжүзділіктің белгісін көресіз бе?». Әзіреті Омар (Одан Алла разы болсын) мәртебесі биік болса да, өз нәпсісінен қорқатын. Әрбір ақылы толған, мәртебесі биік адамдар өз нәпсілерін жақсы көрмейді. Қайта, көбірек өздерінен күмәнданатын. Алайда, бұл да біздің заманымызда азайып кетті. Жағымпаздануды қойып, айыптарыңды айтатын немесе көреалмаушылықты қойып, қажетті мөлшерден асырмайтын достар өте азайып кетті. Көптеген достардың ішінен көреалмайтын немесе бір мақсат үшін айып еместі айып деп санайтын немесе жағымпазданып, сенің айыптарыңды айтпайтын достарды табасың...» 

Әрі қарай имам Ғазали (р.х.) былай деді:

«Үшіншісі: Өзінің кемшіліктерін білуді дұшпандарының тілінен алу. Өйткені, ашудың көзі талай жамандықтарды ашыққа шығарады. Қала берсе, кемшіліктерін білуде ашуға толған дұшпаннан алған пайдасы жағымпазданып, мақтап, кемшіліктерін айтпайтын досынан алған пайдасынан көбірек. Бірақ, дұшпан не айтса да, оны өтірікке шығару және айтқан сөдерінің барлығын қызғаныш деп санау – адамның табиғатында үйреншікті. Бірақ, көкірегі ояу адам дұшпандарының сөзінен пайда алудан құр қалмайды. Өйткені, оның кемшіліктері дұшпандарының тілінен тарайтыны анық.  

Төртіншісі: Адамдармен араласу. Адамдардың арасынан жағымсыз нәрсені көрген сайын өз-өзіне есеп берсін! Өйткені, мұсылман мұсылманның айнасы. Біреудің кемшіліктерін қарап, өзінің кемшіліктерін көреді. Нәпсіқұмарлыққа ілесуде адамдардың табиғаты ұқсас. Қай адам нәпсіқұмарлықтан бірнәрсемен сипатталса, онда кейінгі келетін адамдар міндетті түрде сондай істі немесе одан үлкен немесе оның ұшқынындай бірнәрсені істеуден ажырамайды. Сондықтан, біреудің бір кемшілігін көріп, айып деп санаса, өзін сол кемшіліктен тазартсын! Тәрбие сабағында бұл саған жеткілікті. Егер, адамдар біреуден жақтырмаған нәрсені өздерінен тастай берсе, онда әдеп үйретуші адамға қажеттілік туындамас еді. Иса (ғ.с.) пайғамбардан біреу: «Сізге кім әдеп үйретті?» – деп сұрағанда: «Маған ешкім әдеп үйретпеді. Наданның надандығын айып көріп, өзім содан сақтандым», – деп жауап берді.

Бұның барлығы ақыл-парасатты, білімді, нәпсінің айыптарын тани білген, дінде сенімді, адамдарға жанашыр, өз нәпсісін тазалап біткен, адамдардың нәпсілерін тазалаумен шұғылданған ұстазды таппаған кісінің қолданатын тәсілдері. Ал, кімде-кім ондай ұстазды тапса, онда ол өзіне дәрігерді тапты. Оны мықтап ұстансын! Өйткені, ол аурудан құтқарып, құрдымға ұшырап кетуден сақтап қалады».[1]

 


[1] Ихия улумиддин 2-том 88,89

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру