Несібеңді артыратын 7 амал

31 тамыз 2019 8952 0
Оқу режимі

Бір түйір нанның өзі маңдай терді төгіп, еңбек етумен келеді. Бейнетсіз зейнет жоқ. Бұған қоса Жаратқанға иман келтіріп, бес уақыт намазына берік болу парыз. Ал, енді иманды беки түсетін, ризық-несібеге берекет беретін көптеген амалдар бар. Дәлірек атсақ, құлшылық түрлері бар. Міне, сол құлшылықтар ішінде білегі мықты азаматпен қатар нәзікті жанды әйелдер де, белі бүкірейген қарттар да оңай атқара алатыны бар. Солардың жетеуін атын айтып, түрін түстеп шығайық.

1.ТАҚУАЛЫҚ

Құран Кәрімде: «...Кім Алладан қорқып, тақуалық етсе, Ол шығатын жол жасайды. Әрі Ол оған оның өзі ойламаған жақтан ризық береді...», - деген аят тақуалық әркімнің қолынан келмейтін қазына есіктерін айқара ашатын қасиетін паш етуде.

2. ИСТИҒФАР

Истиғфар – біліп-білмей, байқамай немесе әдейі жасалған үлкен-кішілі күнәлары үшін өкініп, Алла Тағаладан кешірім сұрау. Құран Кәрімде: «Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады», - десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім көп истиғфар айтса Алла Тағала әрбір уайым-қайғының артын қуаныш, әрбір қылыс-таяң кезінен кейін шығатын жол көрсетіп, ойламаған жерден ризық-несібесін береді», - деп, истиғфар сырын ұқтыруда.

3. ТӘУЕКЕЛ                                  

Құран Кәрімде: «...Ал, кім Аллаға жүгініп, Оған тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті...», - десе, хадисте: «Аллаға лайықты және шынайы түрде тәуекел етсеңдер құс сияқты несібелі болар едіңдер. Құс ұясынан жемсауы бос боп ұшып шығып, кешке толтырып қайтып келеді», - деп баяндайды.

4. ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ризық-несібесі кең болуын және өмірінің ұзақ болуын қаласа, туысқандарымен жақсы болсын», - деп, ағайын тату болса, шаңыраққа берекет тұрақтайтынын түсіндіруде.

5. САДАҚА ЖАСАУ

Құран Кәрімде: «...Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», - деп әмір етілген. Расында, садақа – мың бір қасиеті бар тылсым құлшылық.

6. ДҰҒА

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Умамәға (р.а.): «Алла Тағала уайымыңды кетіріп, қарызыңнан құтқаратын сөздерді үйретейін бе?»  деді. Әбу Умамә: «Әрине, уа Алла елшісі!» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таң атса және кеш батса: «Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан Сенен пана сұраймын, әлсіздік пен жалқаулықтан Сенен пана сұраймын, қорқақтық пен сараңдықтан Сенен пана сұраймын, қарызға батып, адамдардың өктемдігіне қалудан Сенен пана сұраймын, - деп айт, - деді. Әбу Умамә: Мен осы сөздерді айтып, уайым-қайғы мен қарыздан құтылдым, - дейді».

7. НЫҒМЕТКЕ ШҮКІРШІЛІК

Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін...», - деп әмір етілген. Омар бин Абдулазиз (р.а.): «Алланың берген нығметін Аллаға шүкіршілік етумен байлап ұстаңдар. Шүкіршілік – нығметті мықтап ұстайды», – деген екен.

Ендеше, несібелі де берекетті болуды қаласаңыз иманыңызды қуаттайтын әрі табысыңызға берекет кіргізетін осынау құлшылықтарды күнделікті әдетіңізге айналдырыңыз.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру