Өлімді еске алу адам психологиясына қалай әсер етеді?

10 сәуір 2019 19872 0
Оқу режимі

«(Мұхаммед (ғ.с.) оларға: «Расында, сендер қашқан өлім; әрине ол сендерге кездеседі. Сосын көместі, көрнеуді білуші Аллаға қайтарыласыңдар. Сонда сендер істеген істеріңді түсіндіреді» де».[1]

Иә, бұл аяттар өмірдің өткінші екендігін, әрбір жан иесі өлетіндігін, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтындығын анық, ашық айтып тұр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақылды адам – өзін есепке тартып, өлім үшін дайындалатын адам», – деген. Бір нәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады. Еске алу еске түсіретін нәрселерге қараумен, оларды істеумен іске асады. Тағы бір хадисте: «Ең ақылдыларың – өлімді көп еске алатын, ақырет үшін азық жинауда асыққандарың. Өлімді көп еске алатын адам, дүние мен ақырет бақытына қауышады», – деген.

Біраз уақытқа дейін көптеген Батыс ғалымдары өлімді еске алу, өлім туралы ойлау адам үшін қауіпті және зиян деген түсінікте болып келді. Алайда, АҚШ-тың «Миссури» университетінің ғалымдары мен психологтары өлімді еске алудың адам психикасы мен мінез-құлқына қалай әсер ететіндігі туралы мүлдем басқаша зерттеу нәтижелерін баяндап отыр. 

ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ АДАМДЫ МЕЙІРІМДІ ЕТЕДІ

Психология ғылымдарының докторы Кеннет Вейл (Kenneth Vail) мынадай әлеуметтік  зерттеу жүргізген. Ол екі әртісті шақырып, көшеде өтіп бара жатқан барлық адамдар еститіндей етіп, оларға жақсылық пен мейірімділік, өзара жәрдем жасау туралы әңгіме айтқызады. Содан кейін екі әртістің бірі қолындағы ноутбугын әдейі құлатып алады. Сол кезде сырттан бақылап отырған зерттеу жүргізушілер құлаған ноутбукты көтеруге көмектесуге келген адамдардың санын жазып отырады. Осы зерттеу қаланың бірнеше жерінде жасалған. Ең қызығы, құлаған ноутбукты көтеруге көмектескен адамдардың 40% жақын маңдағы зиратта жерленген туыстарының қабірінің басынан келе жатқан адамдар болып шыққан. Осы арқылы Кеннет Вейл өлімді еске алу адамды мейірімді болуға шақырады деген нәтижеге келген.  Пайғамбарымз (с.ғ.с.): «Өлімді көп еске алған адамның көңілі жанданады, өлімі де оңай болады»,[2] - деп бекер айтпаса керек...

ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ БІР-БІРІМІЗГЕ САБЫРЛЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕТЕДІ

Ирандық және америкалық ғалымдар жүргізген зерттеу барысында өлімді ойлау арқылы адамдар бір-біріне сабырлы және тату болатынын дәлелдеген.

Орталарында ұрыс-керіс болып, арасы суып кеткен ағайынның арасын осы өлім жарастырады. Өлімнің алдында барлық өкпе-реніш пен келіспеушіліктердің мәні жойылады. Осыдан кейін әр адам өзара сыйластықты сақтай отырып, ары қарай көркем қатынасты болудың жолын қарастыра бастайды. Бәрінің барар жері арғы дүние екенін түсінген адам қамшының сабындай ғана мына жалған дүниеде ең болмаса адамдармен қарым-қатынасым көркем болсыншы деген ниетте болады.

ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ - ДЕНСАУЛЫҒЫМЫЗҒА ЖАҚСЫ ҚАРАУҒА ҮЙРЕТЕДІ

Ұлы Жаратушы біздерге санасақ санына жете алмайтын өте мол және керемет нығметтер берген. Соның бірі – денсаулық.  Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз сол аманатқа селсоқ қарап қана қоймай, шариғатымыз тыйым салған істерді істеп, ішіп-жейміз. Нәтижесінде денсаулығымызға зиян келіп, өзіміздің тәнімізге қиянат жасаймыз. Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында, (сіздерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді»,[3] – деген.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, өлімді ойлау арқылы адам баласы өзіне деген қамқорлығы мен денсаулығын сақтауды қолға алады екен. Психология ғылымдарының профессоры Борис Егоров өлімді көп  ойлайтын адамның ісі мен сөзі бір-бірімен үйлесетін (адекватный) және қателік жасаудан аулақ болуға тырысатын және өміріне қауіпті барлық нәрселерден алыс жүретіндігі туралы көптеген материалдар дайындаған. Сонымен қатар, қайтыс болған туыстарының зиратына көбірек баруды ұсынған екен.

Екі дүниенің сұлтаны, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ләззаттарды жоқ қылатын, ауыздың дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді көп еске алыңдар! Өлімді таршылықта еске алған адам жеңілдейді. Кеңшілікте еске алған адам, ысыраптан қашып, қанағатшыл болады»,[4] - деген сөзін текке айтпаған.

Ал, Сізге өлімді еске алу қалай әсер етеді?

Лаура Алмаханова

 


[1] «Жұма» сүресі, 8-аят.
[2] Дәйләми.
[3] «Ниса» сүресі, 29-аят
[4] Ибн Хиббан.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру