ОРАЗА АЙТ - ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

08 сәуір 2024 3078 0
Оқу режимі

Айлардың төресi, күллi мұсылман баласы үшiн қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын күн де келіп жетті. Рамазан - құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы - жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі.

Бұл күні Алланың разылығы үшін әрі мол сауап алу мақсатында бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірін орындаған жандар Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Ал Рамазан айының аяқталуымен келетін үш күндік Ораза айтының қадір-қасиеті ерекше.

Бұл мереке ту­ра­лы Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен ха­дисте: «Мүмін пенделер Рамазан айының ора­засын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым», - делінген.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Рамазан айты». (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235). Жалпы айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді.

Үш күн тойланатын Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген екен. Бұл намаз исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен.

Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт нама­зы­на хош иісті болып бару - Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан екен. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Се­бебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қан­дай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін - сүннет.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке. Арада қаншама ғасыр өтсе де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Айт күнінің негізгі ерекшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.

Ислам ғылымхалы кітабында Айт жайлы былай делінеді: «Айт - дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір-бірімен етене араласып, адамдардың Рамазан бойы әр түрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер, өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн. Осы мүбәрак күнде Рамазан жеткен барлық жер-жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайындап, «құпия қазынаға» жап-жарық айна болу жолдарын көрсетеді... Көңілдері алабұртып, алып ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа-жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден, айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек-сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап-сары жапырақтай болып қалар еді».

Шариғатқа сәйкес, айттарда көңіл-күйдің көтеріңкі, қуанышты болуы, жүзінен нұрлы шырай таралуы - Алланың рахметі, Пай­ғам­бардың (с.ғ.с.) шапағаты, жәннат және нығ­меттеріне үміт арту белгісі саналады. Сон­­дықтан, мереке күндері мұсылман бауыр­ла­рымызға мейіріммен қарап, ауру-сыр­қау­лардың көңілін сұрау, кембағалдарға қа­рай­ласып, қуандыру - ең сауапты да абзал іс.

Ендеше қасиетті Рамазан айынан кейін келген Мүбәрак Ораза айт мерекесі баршамыз үшін құтты болсын! Еліміз бейбітшілік пен татулықтың құшағында гүлдене өркендеп, Алла асыл дінімізге қуат беріп, дара діліміз бен туған тіліміздің мәртебесін арттыра түссін!

Ораза айт күні қандай амалдар жасалады?

Айт – мұсылмандардың ұлы мейрамы. Ислам дінінде екі мереке бар. Ол Ораза айт және Құрбан айт мерекесі. Шариғат бойынша отыз күн ораза біткеннен кейін шәууал айының бірінші күні ораза айт болып есептеледі.

Ескере кететін жайт, ораза айт – бір күн. Алайда халық арасында қалыптасқан әдет бойынша үш күнге дейін дастарқан жайылып, айттаумен жалғасын табады. Айт намазына дейін әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларының да мереке күндері дастарқан жайып халықпен бірге қуанулары үшін пітір садақалары таратылады. Бұрын араздасқандар татуласады. Ал Құрбан айт 4 күнге жалғасады. Айт намазы оқылған соң Алланың разылығы үшін ұлық құлшылық болған құрбан шалу рәсімі жасалады. Мерекелік дастарқандар жайылып, халық құрбандық еттерінен дәм татады.

Ораза айт күні айт намазына дейін пітір садақасын беріп үлгеру керек. Намазға шығар алдында ғұсыл құйынып, әтірленіп, жаңа киім киіп, құрма жеп, қуаныш пен шаттық көңіл-күймен тәкбір (Аллаһу әкбар) айтып мешітке барады. Айт намазын оқиды. Ораза айт кезінде мұсылмандар бір- бірін құттықтап, мерекелік дастарқан жайып, туыстар мен дос-жарандарды қонақ етеді.

 

Пікірлер Кіру