Оразадағы жеңілдіктер

08 мамыр 2019 9247 0
Оқу режимі

Ислам діні адам табиғатымен санасуымен ерекшеленеді. Сондықтан онда адамға қатысты мәселелердің барлық қыры қарастырылған. Қасиетті Құранда адамға ауырсынатындай я алып жүре алмайтындай ауыр міндет жүктелмегендігі айтылған. Бес парыздың қайсысын алып қарасаңыз да әркім істей алатындай шамада екендігін көресіз. Мәселен, намазды алсақ. Күн сайын бес уақыт намаз оқу адамға ешқандай ауырлық қылмасы белгілі. Одан денсаулығыңызға да ешқандай ақау түспейді. Қайта адам денсаулығына пайдалы жағын көптігін ғалымдар жарыса айтуда. Ал қажылыққа келсек, жағдайы жоқ кісілерге ол міндеттелмейді. Жағдайы жоқ мұсылман қажылыққа бара алмағанына өзін кінәлі сезінбейді, уайымға салынбайды. Өйткені ол мұсылмандардың дәулеттілеріне ғана міндетті. Зекет те бұдан алшақ емес. Қырық қойы бар жан біреуін береді.

Ал оразаға келсек, оразада да бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын көреміз. Әрине, ораза – жалпыға парыз. Мүмкіндігінше оны ұстаған дұрыс. Өйткені бір хадистерде мынандай жайт айтылады.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір жолы мінберге көтеріліп бара жатып үш рет кідіріп «әмин» дейді. Кейіннен сахабаларымыз ол әрекетінің себебін сұрағанда, былай деп түсіндіреді.

«Мінберге көтеріліп бара жатқанымда жаныма Жәбірейіл періште келіп «Уа, Мұхаммед, қартайған ата-анасына қарамай жұмаққа бара алмаған адам оңбасын!» деді. Мен «Әмин» деп қостадым. Екіншісінде «Сенің атың аталғанда салауат айтпаған адам оңбасын!» деді. Мен «Әмин» деп қостадым. Үшіншісінде «Жағдайы бола тұра ораза ұстамаған адам оңбасын!» деді. Мен тағы да «Әмин» деп қостадым».

Бұл хадис түсінгенге үлкен ой салуы тиіс. Онда жағдайы бола тұра ораза ұстамаудың дұрыс еместігі қатаң ескертілуде. Биылғы оразаның шілде айына тап келуіне байланысты оны ауырсынып ұстамауға болмайды. Анығында, қияметтегі ыстықтың бұдан да қатты болатынын ойлап, сол кезде пана болсын деген тілек адамда басым түсуі керек. Қара түндей қап-қараңғы қабірді де түнде тұрып оқыған намаздар нұрға бөлейді емес пе?! Сондықтан бірінші кезекте оразаның бес парыздың бірі екенін, оны қандай жағдайда болмасын ұстауға тырысуымыз керектігін білудің мәні зор. Кей кісілер суға шыдамайтындықтарын алға тартады. Әрине, оразаның оп-оңай өтпесі анық. Оның да бірқатар қиындықтары болады. Күні бойы ас ішпей аштардың қамын ойлайсыз. Су ішпей шыдамдылық танытасыз. Басқа да барлық нашар әдеттерден бойыңызды аулақ ұстайсыз. Ешкіммен жанжалдаспайсыз. Тақуалыққа ден қоясыз дегендей. Қатты ыстықта ардақты Пайғамбарымыз да ораза ұстады, сахабаларымыз да. Жаратушының разылығына қол жеткізу, бұйрығын қалтқысыз орындау, жұмаққа бару - әрине оңайлықпен болатын нәрсе емес. Оразада адамның сабыры да сынға түседі. Құран мен хадистерде сабыр туралы көп айтылады. Тек сабырлы құлдардың ғана соңында ұлы жеңіске қол жеткізетіндігі ескертіледі. Сабыр түрлерінің арасында құлшылық жасау үшіне де сабыр керектігі айтылған. Өмірде кез-келген жетістікке жетудің астарында шыдамдылық жатыр. Ақырет игілігіне қол жеткізу де біздің осы дүниеде жасаған құлшылықтарымызға байланысты. «Бұл дүние ақыреттің егінжайы» деп хадисте бекер айтылмаған. Осы дүниеде не егесің, ақыретте соны орасың дегендік. Сондықтан Алланың өзінен жәрдем, қолдау тілей отырып біз ғибадатымызды өтеуге тырысуымыз керек. Пайғамбарымыздан үйренген дұғамыздың бірі «Уа, Алла Тағалам, шүкір етуде, құлшылық жасауда, Сені зікір етуде бізге Өзің дем бере гөр» емес пе?!

Біз бұны оразаның парыз екендігін, одан бұлтаруға болмайтындығын түсіндіру тұрғысында айтып отырмыз. Ал оразадағы жеңілдіктерге келетін болсақ, әрине, онда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жолаушы кісі жол машақаты тұрғысынан ораза ұстамаса болады. Бірақ қазасын кейін өтейді. Нифас, хайыз кездерінде де әйелдер ұстамай, кейін қазасын өтейді. Бұдан бөлек, омырауда емізулі баласы бар әйелдер егер ораза ұстаған жағдайда өзіне, я сәбиіне зақым келетін болса, олар да ұстамай, қазасын кейін өтейді. Қатты науқастар мен балиғатқа толмағандар да одан босатылады. Бұның барлығы дініміздегі қарастырылған жеңілдіктерге жатады.  

Тағы бір хадисте «Егер кәрі кісінің ораза ұстап жүріп, ішіп-жеп тұрғанын көрсеңіз, есіне салмаңыз. Бәлкім, Алла күш беру үшін өзі ішіп-жегізген болуы мүмкін. Ал жас адамның оразасын ұмытып ішкен-жегенін көрсеңіз, есіне салыңыз. Өйткені оның күш-қуаты орнында» делінген. Бұны да дінімізде қарастырылған жеңілдіктер қатарында айтып өтуге болады.

Қ.Сабыржан

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру