Рамазанда бұл тағамдардан бас тартыңыз!

21 мамыр 2018 8743 0
Оқу режимі

Рамазан айында өзіңді жақсы, жеңіл сезінуге дұрыс тамақтанудың тигізер әсері өте көп. Бір ай бойы күндізгі уақытта нәр татпай жүріп, өзіңді сергек әрі жеңіл сезіну мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Сонымен қатар, ораза уақытында әдеттегіден де өзгеше жеңілдік сезінуге мүмкіндік бар.

Рамазан айының ұлылығын сезіну үшін оразаның рухани тұсына баса назар аударғанымыз жөн екендігі мәлім. Тәніміз ғана емес, рухымыз да ораза тұтқан кезде аштық пен шөл мүлде басқа кейіпке енеді. Дегенмен, бүгін біз оразаның физикалық тұстарын қарастырмақпыз. Ендеше, кейбір тамақтардан бас тарту арқылы ұзақ уақыт өзімізді жеңіл әрі сергек сезіне аламыз.

Сонымен, ертесі күні шөлдеп әрі қарнымыз ашпас үшін ауыз ашар уақытта және сәресі кезінде мына тамақтарды тұтынуды мүлде тоқтатқан жөн.

Газдалған, тәтті, қораптағы сусындар

Біздің тізімнің басында осы сусындар тұрады. Ауыз ашарда ішсем шіркін, деп күні бойы мұздатылған кока-коланы ойлап жүрген кезіңіз болды ма? Бекер, адамның сілекейі газдалған сусындарға қосылатын тәтті хош иістендіргіштер мен дәм берушілерді ауыз қуысынан толықтай жоя алмайды. Сондықтан да ауыз қуысында тәтті дәм қалып қойғандықтан, шөлдей бересіз. Лимонад пен өзге де тәтті сусындар да сол секілді.

Ауызды сумен емес, лимонадпен бекітпек болсаңыз, жағдайды мүлде ушықтырасыз. Газдалған сусын астың асқазанда сақталу мерзімін 4-5 сағаттан 20 минутқа дейін қысқартады. Нәтижеде сіз тойғаныңызды білмей шектен тыс тамақ жейсіз, бұл өз кезегінде ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеліп соғады.

Дәмдеуіштер

Күмәнді дәмдеуіштер (приправа), сорпаға арналған қоспалар, дүкеннің дайын тамақтарының құрамында натрий глутоматы мөлшерден тыс болғандықтан, тек ораза кезінде ғана емес әдеттегі уақытта да біздің денсаулығымызға айтарлықтай зиянын береді. Ал Рамазан айында тазарып жатқан ағзаның осал жері сол, бұл дәмдеуіштер біздің ағзамызға нағыз у болып табылады. Олар біздің ағзамызды сорғытып, құрғатып жіберетіндіктен, аузы ораза адам қатты шөлдеп, аш өзегіне түсіп кетуі ықтимал.

Жоғары сұрыптағы ұннан әзірленген тағамдар

Жоғары сұрыптағы ұннан жасалған кез келген нан өнімі көмірсулардың байытылған жинағы болып табылады. Ақ ұннан жасалған бір самса немесе бәліш, макарон жеген адам ағзасын глюкозамен шектен тыс толтырады. Қанттың шектен шыққан мөлшерін жою үшін қанға инсулин (ұйқы безінің ағзадағы көмірсулардың алмасуын реттейтін гормоны) ауыр мөлшермен келіп соққы береді. Осылай тамақтанған адам тез тойып қалады да жарты сағаттан соң қатты қарны аша бастайды. Сондықтан да, Рамазан айында жоғары сұрыптағы ұннан әзірленген тағамдарды уақытша тоқтата тұрған дұрыс. Сонда ғана ауыз ашарда жеген аз ғана тағамнан ағзамызға пайдалы заттар көп сіңеді.

Құрамында кофеині бар сусындар

Кофе және құрамында  кофеин бар сусындар. Бұл сусындары шамадан тыс пайдаланған кезде олар ағзаны құрғатып жібереді. Ауыз ашар уақытта шәй немесе кофе ішуге болады, бірақ артынан көп су ішкен дұрыс.

Соя тұздығы

Аузыңызды ел арасында сәнге айналған суши-барға барып ашуды жоспарлап жүрсіз бе? Олай болса, соя тұздығын байқап пайдаланыңыз. Бұл тағам түрі электролиттің тепе-теңдігін бұзады да қан құрамындағы натрий көбейіп, судың тосылуына алып келеді. Нәтижеде адам өте белсенді әрі ашушаң болып жүреді, күні бойы шөлдеп, шамадан тыс тершең болып кетеді әрі кіші дәретке де жиі баратын болады.

Маринадталған көкеністер

Бұл көкеністерді дайындау барысында көп мөлшерде тұз қолданылады. Ал, шамадан тыс пайдаланылған тұз зат алмасу процесін бұзады. 50 грам тұздалған көкеніс тәулікке қажетті тұздың мөлшерін сақтауға жеткілікті. Ал егер ол мөлшерден асар болса, плазмадағы натридің шектен шығуына алып келеді. Тұздың мөлшері ұлғайған соң судың тосылуы орын алып, дене ісінеді. Әсіресе, кешкі уақытта тұзды тағамды көп жегендіктен ісік анық білініп тұрады. Тұзды көп мөлшерде пайдалану шөлдетеді, суды шектен тыс көп ішкендіктен, көздің, беттің және өзге де ағзаның ісінуіне апарып соғады.

Дайын таңғы астар

Жылдам дайын болатын ботқалар (мюсли, жүгері ұлпалары, тәтті таңғы астар) өте ыңғайлы әрі пайдалы деген атпен белгілі. Негізінде оларды жиі пайдалану денсаулыққа айтарлықтай зиянын тигізуі ықтимал. Соның ішіне салмақтың ұлғаюы. Дайын таңғы астар толықтай көмірсулардан тұрады, сондықтан да тойымды келеді, алайда бірнеше сағаттан соң қарынды қатты ашырады. Сондықтан да сәресіне дайын таңғы астарды пайдаланбаңыз.

Майонез

Бұл тағамның дәмін кіргізуші боып табылатын ең күшті қоспа. Бұл жерде тәбетті ашатын небір қоспалар (уксус,тұз, қыша), қантпен қатар көп мөлшерде транс-майлар бар. Бұл қоспадан тым болмаса ораза кезінде бас тартуға тырысыңыз. Сонда сізге ас қорыту жүйеңіз алғысын айтады.

Печенье, кәмпит секілді тәттілер

Бұл тәттілер қандағы қанттың құрамын ұлғайтады әрі құнарлығы өте күшті тағам түріне жатады. Бұлардың құрамында пайдалы заттар мүлде жоқ, сондықтан да аштық сезімі лезде пайда болады.

Майы алынған сүт өнімдері

Ондай өнімдерде май жоқ болғандықтан лактозаның ыдырауын баяулатады. Бұл кезде адам ағзасы тамақты жылдам қорытатын болғандықтан, қарын да тез ашатын болады. Тым болмаса 2,5 % немесе табиғи сүт өнімдерін пайдаланған жөн, олар сіздің біраз уақыт тоқ болып жүруіңізге көмек береді.

Пікірлер Кіру