ОРАЗАНЫҢ ПАРЫЗ БОЛУЫНЫҢ ХИКМЕТІ

12 наурыз 2024 2277 0
Оқу режимі

Ораза – Исламның шарттарының бірі болған парыз ғибадат. Бақара сүресінің 183-аяты ораза ұстаудағы басты хикметтің жүректерімізге мейірімділік, мәрхамат, тақуалық және Алладан қорқу сияқты мәні жоғары сезімдердің негізін қалыптастыру үшін екенін бізге білдіреді. 

Ораза – дініміздегі ең үлкен ғибадаттардың бірі. Күнә мен жамандыққа апаратын жолдар оразамен бұғатталады. Жамандықты әмір етуші нәпсіміз тек ораза арқылы тәрбиеленеді. Ораза ұстаушылар ақыл мен санасына ие болады және нәпсіні құрықтауды біледі. Сол себепті ардақты пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм нәпсілеріне ие бола алмайтындар жайлы «Ораза ұстасын, себебі оразаның тигізер әсері мол» деген.

Ораза ұстамаған сабыр етуді білмейді, нәпсіні тыя алмайды, ал тоқтықта өмір сүретіндер бір күн аш жүрсе өліп қаламыз деп ойлайды және осылай ойлау арқылы оразаны зиянды деп тон пішеді. Ал ораза болса жеке адам үшін мейлі көпшілік үшін үлкен рухани тәрбиені қалыптастырады. Сондай-ақ, асқазан мен дененің демалуын қамтамасыз еткені үшін адам ағзасы үшін медициналық пайдалары да бар. Оразаның денеге, рухқа, көпшілікке және мінез-құлыққа берер пайдасы – оразаның парыз болуының негізгі себеп пен хикметі емес.

Оразаның парыз болуының негізгі себебі - Алланың әміріне бойсұну, Аллаға құл болудың ләззатын сезіну, рухты екіжүзділіктен тазарту, Алланың қорғауында болу үшін нәпсімен күресу болып табылады. Алла тағала хадис қудсиде былай дейді: «Ораза мен үшін, оның сауабын мен ғана бере аламын», – дейді.

Міне, қиын сияқты болып көрінетін ораза осындай керемет ғибадат. Ораза  «Бақара» сүресінің 155-ші аятында айтылған: «Сендерді аздап қорқынышпен және аздап аштықпен сынаймыз...» деген «аз ғана аштықтан» кейін ақыреттегі ұзаққа созылатын аштықтан аман болу үшін және сабырлыларға ғана берілетін қарымы мол үлкен олжа.

 

Пікірлер Кіру