ӨТІРІКТЕН ДЕ АУЫР КҮНӘ

05 желтоқсан 2023 2663 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әмір етіп, бұйырып, былай деді:

﴿یَـٰۤأَیُّهَا ٱلنَّبِیُّ إِذَا جَاۤءَكَ ٱلۡمُؤۡمِنَـٰتُ یُبَایِعۡنَكَ عَلَىٰۤ أَن لَّا یُشۡرِكۡنَ بِٱللَّهِ شَیۡـࣰٔا وَلَا یَسۡرِقۡنَ وَلَا یَزۡنِینَ وَلَا یَقۡتُلۡنَ أَوۡلَـٰدَهُنَّ وَلَا یَأۡتِینَ بِبُهۡتَـٰنࣲ یَفۡتَرِینَهُۥ بَیۡنَ أَیۡدِیهِنَّ وَأَرۡجُلِهِنَّ وَلَا یَعۡصِینَكَ فِی مَعۡرُوفࣲ فَبَایِعۡهُنَّ وَٱسۡتَغۡفِرۡ لَهُنَّ ٱللَّهَۚ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورࣱ رَّحِیم (الممتحنة ١٢)

Аудармасы: «Уа, Пайғамбар! Қашан саған иман келтірген әйелдер келіп, Аллаға ешнәрсені серік қоспауға және ұрлық жасамауға және ойнастық жасамауға және өз балаларын өлтірмеуге және күйеулерін алдап жала жаппауға және жақсы істе саған қарсылық жасамауға қол тапсырса, онда сен олардың қол тапсыруларын қабыл ал және олар үшін Алладан кешірім сұра! Расында Алла кешірімді, мейірімді.»

Серттердің ішінде жала жаппау да аталып өтті. Өйткені, мұсылманға жат мінез-құлық. Жала жабудың ең ауыры Аллаға жала жабу. Бұны Алла Тағала:

﴿وَمَنۡ أَظۡلَمُ مِمَّنِ ٱفۡتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبًا أَوۡ كَذَّبَ بِـَٔایَـٰتِهِۦ إِنَّهُۥ لَا یُفۡلِحُ ٱلظَّـٰلِمُونَ﴾ (الأنعام ٢١)

Аудармасы: «Аллаға жала жауып, оның аяттарын өтірікке шығарған адамнан да өткен залым бар ма екен?! Расында залымдар игілікке жетпейді» деп айтқан.

Одан кейінгі ауыр жала жабудың түрі Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жала жабу. Бұны хадис-шарифте былай деген:

من تقول علي ما لم أقل فليتبوأ مقعده من النار

Мағынасы: «Кім мен айтпаған сөзді (маған жала жауып) айтты десе, онда тозақтан өзіне орын дайындай берсін!»

Одан кейінгі жала жабудың түрі мұсылмандарға жала жабу. Бұған қатысты Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген:

﴿وَٱلَّذِینَ یُؤۡذونَ ٱلۡمُؤۡمِنِینَ وَٱلۡمُؤۡمِنَـٰتِ بِغَیۡرِ مَا ٱكۡتَسَبُوا۟ فَقَدِ ٱحۡتَمَلُوا۟ بُهۡتَـٰنࣰا وَإِثۡمࣰا مُّبِینࣰا﴾ (الأحزاب ٥٨)

Аудармасы: «Иман келтірген еркектер мен әйелдерге істемегендері себепті (жала жауып) зиян беретіндер, жала жабу және ашық күнәні мойындарына артты»

Сондай-ақ, өзгі дін өкілі болса да жала жабу ауыр іс екендігі айтылған:

﴿وَمَن یَكۡسِبۡ خَطِیۤـَٔةً أَوۡ إِثۡمࣰا ثُمَّ یَرۡمِ بِهِۦ بَرِیۤـࣰٔا فَقَدِ ٱحۡتَمَلَ بُهۡتَـٰنࣰا وَإِثۡمࣰا مُّبِینࣰا﴾ (النساء ١١٢)

Аудармасы: «Кімде-кім қателік немесе күнә іс жасап, соны жасамаған айыбы жоқ адамға жала жапса, онда ол жала жабу және ашық күнәні мойнына артты»

Қорытынды: Жала жабу кімге болса да ашық күнә және ауыр іс екендігі жоғарыда келтірілген аят-хадистерден белгілі болды. Жүрегінде иманы бар, қияметке сенген мұсылман бұндай жаман іс жасауы мүмкін емес.

Абдукаримов Бағдат

«Al-Fattah» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер Кіру