ӨЗІҢНІҢ ХАЛІҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІРКЕНІШТІ ЕКЕНІН БІЛГЕН ЖАН

29 сәуір 2024 1575 0
Оқу режимі

Имам Ғазалидің «Кимия ус-Сағадат» кітабында мынандай бір оқиға баяндалады. Өзімнің қандай бір жаратылыс екенімді біліп жүру үшін, ара-тұра оқып, сабама түсіп жүру үшін осы жерге бөлісіп қояйыншы дедім.

Бір күні Шейх Әбу Сағид өзінің шәкірттерімен бір жерге бара жатып, жолай бетін ашып ішін нәжістерден тазалап жатқан бір канализацияның жанынан өтеді. Шәкірттері әлгі канализациядан шыққан сасық иістен жиіркеніп, бет-ауыздарын тұмшалап, мұрындарын басып жан-жаққа қаша бастайды.

Шейх Әбу Сағид болса, әлгі жерде біршама аялдап, шәкірттеріне былай дейді:

«Сендерге мына нәжістердің маған хал тілімен не деп тұрғанын айтайын, бұлар бүй дейді: «Біз кеше ғана базарларда адамдардың тамсана қараған тіл үйірер тамақтары едік. Адамдар да қалталарынан ақшаларын шығарып, біздерді сатып алды. Біз де соншалықты құнды да қадірлі едік. Содан адамдардың ішіне түсіп, бір күн бірге түнеп шыққан соң, осындай халге келдік. Енді айтыңдаршы, сендер бізден жиіркеніп қашу керексіңдер ме, жоқ біз сендерден жиіркеніп қашу керекпіз бе? Кім кімнен қашуы керек?».

Иә, біз адамдар жағдайымызға қарамастан кейде тәкәппарланып, өзімізді өзгеден жоғары санаймыз. Әсілінде мақтанарлық ештеңеміз де жоқ. Хакім Абай айтпақшы:

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы».

Бұдан да бетерін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан естігіңіз келсе, оны да осы жерге жазайық. Мәшекең былай дейді:

«Қайдан шықтың, қайдан келдің? Бергі шыққан жеріңе көз жіберсең айатолым нәжіс су (ұрық), киімге тиіп кетсе, жуып тастауға лайықты болған. Мойныңа салып тұрған сөзден танғанмен, құтыла аламысың? Арғы шыққан тегіңе қарасаң, кім көрінген ерік шіркін төгіп жатқан «тураб» дәлел – қара топырақ. Әуел басынан ойлап қарасаң, напақ су едің. Бұл жолының бірінен шығып, біріне кірдің. Бес ай жансыз, бес ай жанды: ғарабша – «рухұма», қазақша «жатыр» – деген үйде жатып, қыз қанынан қорек алдың. Онан соң және барған жолыңнан қайта жалған дүниенің жүзіне шықтың. Жатқан жерінің, кірген-шыққан жерінің жайлысы-ай?! Шыққанда не болдың? Аузыңа өкпе тығып, артыңа құрым кигіз тігіп, ағашқа таңылдың. Болғанда, не болдың? Нәжәсат хаммалы (нәжіс тасушысы) болдың. Құрсағың толған айтуға жарамайтұғын нәрсе. Қуығың толған – бәуле (зәр). Мұрныңда – сіңбірік, аузыңда – қақырық, құлақтарыңда – қулық, көзіңде – былшық, тамырларыңда ет пен терінін арасы – іркілдеген ірің. Қолтықтарыңда – қолаңса, аяқта – шуаш. Жүзіңнің ақтығы нұр деймісің, балғамнан келген нәрсе. Жүзіңнің қызылы қызыл гүл деп білемісің? Арам қызыл қан: бір тамшы жағына шықса, намазға жарамайды. «Сарғылтым – алтынның ажары» деймісің? Өттен келген сары зерденің бояуы. Қаралығың – «мүшік қосылған қара сия» деймісің? «Қастауыш» дейтін қарақұрым араласқаннан күнде екі қабат ішек-қарын аршығаннан жаман арам-алыс нәрсеге қолың былғанады. Өн бойыңда кісі жиренбейтұғын бір жерің жоқ. Ақырында құрт-құмырсқаның азығы, бір сасық өлексесің. Осы айтылғанның бәрі өз қарақан басыңнан табылып тұрғанда, ұялмай, қызармай, қай жеріңнен тәкаппарланып, өзіңді-өзің әлдеқандай көріп отырасың».

Осыны түсініп, өзінің халі қаншалықты жиіркенішті екенін білген жан енді қайтіп тәкәппарланбақ?

 

Пікірлер Кіру