ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЖАРАТЫЛУ МАҚСАТЫ

21 қараша 2023 2683 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың қай ісінен де асқан даналық пен шексіз шеберлікті байқайсыз. Оның жасағанынан ешқандай кемістік, үйлесімсіздік, оғаштық пен ақау көру мүмкін емес. Ол – бүкіл кемшілік атаулыдан пәк. Ол «бол» деу арқылы әп сәтте қалаған нәрселерін жарату  құдіретіне ие. Алла Тағаланың жаратқан нәрселерін сынауға ешкімнің құқы жоқ. Сол сияқты періштелердің жаратылуында көптеген себептер бар. Біз ол себептердің кейбірінен хабардар болғанымызбен көпшілігін біле бермейміз. Құран кәрімде періштелердің жаратылу мақсаты туралы: «Раббың періштелерге: Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын» деген кезде «онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз» дейді…», – деп, періштелердің үнемі Алланы дәріптеп, пәктейтіндіктері айтылған.

Ұлы Жаратушының шексіз ілімінің қасында адам баласының білгені түкке тұрғысыз екені даусыз.

Осы орайда Қызыр (әлейһис-сәлам) бірде Мұса пайғамбарға: «Уа, Мұса! Біздің білгеніміз бен Ұлы Жаратушының ілімі – анау құстың тұмсығындағы су мен мұхит сияқты», – деп теңіз жағалауында тұмсығын суға батырып тұрған құсты көрсеткені бар. 

Дей тұрғанмен, періштелердің жаратылу мақсұтын ислам ғалымдары төмендегіше беске бөліп қарайды:

1. Алланың құдіреттілігін көрсетуі үшін.

Аллаһ тағала жақсылықты (яғни періште сияқтыларды) жаратқандай, жамандықты да (шайтан сияқтыларды) жарата алады. Сонымен қатар жақсылық пен жамандықты жасауға бейім (адам сияқты) болмысты да жаратуға құдіретті.

2. Адам баласы Аллаға ғана бағыну керектігін білуі үшін.

3. Пенделердің құлшылығына Жаратушының мұқ-таж емес екенін білдіру үшін.

4. Жер бетіндегі сүйікті құлдар мен өзге болмыстарды қорғау үшін.

5. Адамдарға Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығын білдіру үшін.  

Періштелердің жаратылысы, санының өте көптігі мен қызметтерінің әрқилылығы шындап келгенде Ұлы Жаратушының аса құдіреттілігін паш етеді.

Періштелердің міндеті

Періштелердің әуелгі міндеті – құлшылық. Жаратушыны ұлықтап, мінсіздігін дәріптеу, өздеріне міндеттелген істерді қадағалау. Періштелердің құл-шылықтағы кейіптері әр түрлі. Кейбірі мәңгі-бақи Алланың алдында намазда тұрғандай тік тұрып құлшылық жасайды. Кейбірі иіліп рүкүғқа барған күйде құлшылық атқарады. Кейбірі сәждеге жығылған күйде ғұмыр бойы басын көтермейді.

 Құранда:

«Сап-сап тұрушы (періштелерге) серт», – делінген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына Алла Тағаланың құзырында періштелер тәрізді сапқа тізіліп құлшылық жасау керектігін айтқан. Таңырқаған сахабалардың бірі: «Олар қалай сапқа тізіледі?», – деп сұрағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Олар әуелгі сапты толтырып араларын тығыз ұстайды», – деп жауап берген. Басқа да хадистерде айтылғандай олардың кейбірі тек қана «Лә иләһа илла Алла» (Алладан басқа құдай жоқ) деп зікір етіп тұрса, кейбірі «Аллаһу әкбар», ал енді біреулері «Субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһты» қайталап құлшылық жасаумен болады. 

Періштелердің арасында ел ішін аралап, адамдарды сынайтындары да болады. Мына бір хадис соны баяндайды.

Ертеде бірі алапес, екіншісі таз, үшіншісі зағип үш дос болған екен. Алла Тағала үшеуін сынау үшін оларға адам бейнесінде бір періште жібереді. Періште алапеске келіп «ең жақсы көретін нәрсең не?» – деп сұрайды. Сонда алапес «әрине, денім сау, көрікті болсам екен» дейді. Сол мезет оны періште қолымен бір сипап ажарлы адамға айналдырады. Періште одан: «Қай малды жақсы көресің?» –деп сұрайды. Алапес түйені атайды. Алдынан дереу он түйе пайда болады. Періште: «Бұларды Алла  саған ұзағынан сүйіндірсін», – деп әрі қарай жол тартып тазға жолығады. Оған да алапеске қойған сұрақтарын қайталайды. Таздың жауабы бесенеден белгілі… Періште оның басынан сипаған сәтте тазға шаш бітеді. Періштенің екінші сұрағына таз сиырды атайды. Сол сәтте оның алдына буаз сиырлар пайда болады. «Бұларды Алла саған нәсіп етсін» дейді де періште келесі кезекте соқырға келіпті. Оған да әлгілерге қойған сұрақтарын айна-қатесіз қайталайды. Соқырдың да жауабы белгілі. Періште оның  да тілегін орындайды. Ал екінші сұрағына ол «қой» деп жауап береді. Ол тілегі де орындалады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Оларға берілген малдың басы өсіп өріске сыймай кетеді. Күндердің бір күні періште әлгі көрікті адамға келеді. Мына саған көрікті сыйлаған Жаратушының құрметіне маған бір түйе берші дейді. Көрікті адам оған жауап та қатпайды. Періште енді оған: «Әй сен әлгі алапес емессің бе? Мына байлық Алланың несібесі емес пе? – дейді. Сонда ол «жоқ, бұл аталарымнан қалған мирас» деп жауап береді. Періште «егер де жалған айтсаң Алла баяғы қалпыңа қайта түсірсін» дейді. Расында да көрікті адам бұрынғы қалпына қайта оралады. Сараңдық танытқан таз да бұрынғы қалпына оралады. Соңында періште үшінші адамға келіп, «саған көзді сыйлаған Жаратушының құрметі үшін маған бір қой берші», – дейді. «Иә, расында мен соқыр едім. Бірақ Жаратушы ием маған көз сыйлады. Кедей едім мал беріп байытты. Оған қанша шүкір етсем де аз. Оның құрметі үшін қалаған қойыңды ал», – дейді. Сонда періште «Байлығыңды Алла ұзағынан нәсіп етсін! Алайда, Алла үшеуіңді сынаған еді. Алла та сенен разы. Бірақ екі досың берілген нығметтің қадірін білмеді. Олар Аллаһтың азабына тартылады» деп лезде ғайып болады. 

Расында да Алланың құдіреті мен шеберлігі күллі жаратылыс атаулыда айқын көрінеді. Жаратылған барлық болмыс – Ұлы Жаратушының баға жетпес өнер туындысы. Алланың рақымдылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құран бұл ақиқатты: «Қайда қарасаң да Алланың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда»,–деп түсіндіреді.

Қалмахан Ержан

 

Пікірлер Кіру