ҚАБІР АЛДЫНДА ДҰҒА ЕТУ МӘСЕЛЕСІ?

19 шілде 2024 1803 0
Оқу режимі

Жалпы дұға ол Жаратушы Раббымыздың «әл-Мужиб» есіміне арқа сүйеу  болып табылады. әл-Мужиб сөзі Ижабат сөзінен түлеп тараған. Ол дұға-тілектерді және тәубені қабыл етуші мағынасына саяды. Батагөй елші дұға етуді өз өмірімен өрнектеп тұрып бүге-шігесіне дейін үйретіп кеткен. Дара елшіге қалай дұға етуді Ұлық Раббымыз уахи арқылы үйретті, тіпті өзінен бұрыңғы елшілердің дұға-тілектерін Құран арқылы қайта жаңғыртып отырған. Бұны көзіқарақты барлық мұсылман біледі. Қарасаңыз алғашқы сүре болған «Фатиха сүресі» нағыз дұғаның озық үлгісі. Сондықтан намазда үнемі оқылады. Дұға ол – құлшылықтың нағыз мәйегі деген хадис бар.

«Күдіксіз, Раббым құлдарына өте жақын, олардың тәубесі мен дұға-мінәжаттарын қабыл етуші» (1).

Ал негізгі тақырыпқа қарай ойыссақ, мазар, қабір, зират деген араб тілінен еніп қазақ тілінің құрылысына қалыптасып сіңіп кеткен сөздер. Қайсысын қолдансақта бар қазақ бірден сөздің төркінін түсіне қояды. Кей елді мекендерде «қамыр» депте қолданылады. Аталмыш сөздерді араб тілінен енді дедік, сонда ескі түрки тілінде қалай аталды екен деген орынды сұрақ туары анық. Оны тіл мамандарына қалдырып қоя салсақта ойымызға «Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» «Төрден көрі жақын» сықылды мақалдарға қарап отырып «Көр» екенін ұғамыз. Ескі атауы болса, «мола» деп топшылаймыз. «Мола» ғұннан бері қолданыста қорған мағынасында келген сөз. Ал  мола сөзін анадолы түркілері әлі күнге дейін аялдаманы «мола» аялдама жасауды «мола вермек» деп қолданады.

Енді қабірдегілерге дұға бағыштау мәселесін шолып өтсек.

«Менен тілек-тілеп дұға еткен сәтте Мен онымен біргемін»(2) - делінген хадиске қарайтын болсақ құл дұға-тілек тілеген сәтте, қайда тұрғанынан да маңыздысы Раббымен бірге яғни Раббысы сондай жақын екенін сезіну қажет.

Марқұмдар өте сала «Жаназа» намазын өтеуі нені білдіреді. Жаназа намазында мәйіттің кеуде тұсында имам артында жамағат сап түзейді. Ол бұрыннан келе жатқан көне үрдіс. Ол да мәйіт, бейіттегі жанда мәйіт. Айырмашылығы мұсылман немесе кәпір. Мұсылман болса ізгі жан немесе қарапайым мұсылман. Тіпті қарапайым мұсылман мен ардақты елшілердің айырмашылығы жоқ деген мұсылманның иманында мәселе бар деген сөз. Өткен марқұмдардың жаназасын шығарып одан соң дұға жасамау керек деген дәлел-дәйек түп-тұқиясымен жоқтың қасы.   Керісінше, Әз елші өзі күн демей түн демей қайтқан сахабаларына зиярат жасап дұға ететін. «Сабыр еткен нәрселеріңе байланысты сендерге есендік болсын. Сендер үшін ахирет өмірі қандай жақсы!»  Басқа дұғаларында « Бізде сендерге қауышамыз. Аллаһтан өзіміз үшін және сендер үшін жарылқау және кешірім сұраймын».(3)

Сахабаларға Ардақты елшінің айтқаны «Мен сіздерді алғашында қабір зиярат етуден қайтарған/тыйған едім. Енді зиярат етіңдер. өйткені қабір зияраты сіздерге ахиретті  еске салады». (4)

Басқа жерде дұға еткен секілді, қабірдің басында да қол жайып жаратушыдан жарылқау тілеу керек. Әйгілі елші дұға еткен сәтінде қолын жайып, соңында бетін сипайтын.

Әділетті екінші халифа, әйгілі палуан әл-Фаруқ  «Пайғамбарымыз сғс қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамай түсірмейтін еді»(5)  

Сағид ибн Язид әкесінен: «Арда елші дұға еткенде, қос қолын жоғары көтеретін және (дұғсы аяқталғанда) қолымен бетін сипайтын» (6).

Құран Кәрімде ата-анаға тіпті өзімізден бұрын иман келтіріп өтіп кеткен барша мұсылман марқұмдарға дұға ету үлгісін көрсетіп берген:

«Раббымыз есеп құрылатын күні, мені, ата-анамды және момын-мұсылмандарды жарылқай гөр!» (7).

«Ол екеуіне мейірім құшағыңды жайып; Раббым! Ол екеуі мені кішкентай күнімде мейірімдерімен бағып-қаққандай, Сен де оларды мархәматыңа бөлей көр!» (8).

«Муһажир, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер һәм жақсылықта оларға ергендерден Аллаһ разы болды. әрі оларда Аллаһтан разы болды...» (9). Иман келтіріп жақсылықта бұрыңғыларға ерген мұсылманның сарқыты аллаһ қаласа қияметке дейін үзілмейді. Тірісі өткеніне дұға-тілегін әсте үзбейді.

«... Олар: Раббымыз! Бізді һәм бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір жеккөрушілік/кірбең сала көр ме!..» (10). Мінекей, бұдан артық не айтуға болады?!.

«Айт оларға: «жасайтындарыңды жасаңдар. Істегендеріңді Аллаһ, Пайғамбар және момындар көреді...» (11).   

Әнәс рһ-тан: «Өткен жақын-жанашыр марқұмдарыңызға жасаған амалдарыңыз көрсетіледі. Жақсы іс болса онымен шүйіншіленеді (қуантылады)...» (12). Жоғарыда өткен аятта Аллаһ, Елші және момындар көреді делінген. Бұны біз белгілі бір мерзім мен ғана шектей алмаймыз. Яғни адамдар тірі кезінде көреді, өмірден озған соң көре алмайды дей алмаймыз. Олай айту үшін осындай аят келуі керек. Ал біздің ойымыз тек ой, болжам ғанадан ары аспайды.

Сондай-ақ дұғаның қоршаған ортадағы кейбір заттармен байланысы барын ұмытпаған жөн. Қараңыз, әйгілі көп хадис жеткізген өзі Асхабус-суффадан болған Әбу Хурайра рһ «Уа, Аллаһтың елшісі сізден көп нәрсе естимін, бірақ оларды жаттай алмаймын». Бұл арқылы естігендерін ұмытпайтындай Ардақты елшіден дұға етуін өтінген еді. Ақкөңіл елші оның өтінішін жерге тастамай, «шапаныңды жерге жай» деді. Әбу Хурайра рһ өзі әңгімелейді. «Шапанымды жерге жайдым. Дұғагөй елші менің шапаныма ұзақ бір нәрсе оқыды (дұға жасады). Сөйтіп шапанымды бүктеп менің жүрегімнің үстіне басқызды. Содан бері естіген нәрсемді еш ұмытқан емеспін» (13).

Баласынан айырылып қайғы мұңнан көз жанарынан айырылып, жығылғанға жұдырық дегендей одан кейін бір баласы ұрлық жасап сарай әміршісі алып қалды деп сан-сынаққа тап болған Яғқуб ғс, жан баласы Юсуфтың көйлегімен бетін сүрткенде көз жанары жарқ ете түскенінде қаншама сыр құпия тылсым жатыр.

«Шүйінші келген сәтте, жейдені Яғқуб ғс-нің бетіне қоя сала көзі көре бастады...» (14). Қабір басында дұға ету, алақан жаю ширк деп соғатындар, Мәсжидул-Харам яғни Қағбаның айналасы толған Пайғамбарлардың қабірі екенін қаперлеріне де алғысы келмейді. Қабірдің алды емес, дәл үстінде намаз, дұға етіп жүргендерін біле ме екен. Тіпті Ибраһим мақамы яғни аяғының ізі түскен тасты намаз орны етіп алыңдар деген бұйрық аят барын қайда қоямыз?!

«... Ибраһим ғс-ның орынын намаз орны қылып алыңдар!..» (15).

Мұсылман баласы үшін өлі мен тірінің айырмашылығы мүлде жоқ. Абай хәкімнің:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес

Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап – күлмес.

«Мені»мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты,өңкей білмес»- өлеңінің кебін көбіміз киіп алып, Әһлус-сунна уәл-жамағаттың сара да дара жолынан тайып кеткенімізді ескермеудеміз. «Оларды өлі демеңдер. Олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар» (16). Иә біз сезіп біле алмайтынымыз ақиқат. Бірақ біз білмеген нәрсенің бәрі жоқ, теріс, негізсіз дегенде сөз емес. Мінекей ізгі, игі тақуа жан дүниеден озды болды деген сөз қателікке жол салады. Онда елшілерден бастап, ата-анамыз, бабаларымыздан қостап көмдік болды бітті дегенге барамыз ба? Одан Құдай сақтасын! Ол кісілердің басына барып, дәнекер етіп дұға етудің ешбір сөгеттігі жоқ. Әрине тікелей әруақтан исі мұсылман баласы дұға/тілек сұрамайтыны да ақиқат. Дәнекер ету деген сөз әруақтан сұрау деген сөз. Жоғарыда аталып өткендей моланың қасында тұрғанмен, Раббымыз бізбен бірге екенін, дұға-тілекті бір Өзі қабылдайтынын барша мұсылман жұрты тегіс біледі.

Аға буын әйгілі ғалым имамдарымыздан болған Имам Мәлик, Имам Шафиғи және Имам Жәзәәри (Аллаһ ол кісілерді Өз рахымына бөлегей) ледің сөздерінен үзінді келтіру арқылы сөзімді аяқтайын.

Имам Мәлик рх «Тілектеріңе Аллаһ елшісін дәнекер қылыңдар!» - десе, Имам Шафиғи рх «Қандай бір мәселені білмей қалсам, екі бас намаз оқып, Әбу Ханифа хазреттің қабіріне барып, зиярат ететінмін. Сөйтіп қажетім орындалатын». – деген. Ал Имам Жәзәәри рх «дұғаларыңның қабыл болуы үшін пайғамбарлар мен салих адамдарды дәнекер етіңдер!» - деген.

Раббымыз! Бізді һәм бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір жеккөрушілік/кірбең сала көр ме! Яғни өткендерімізге дұға-тілек етуден бізді айыра көрме!

 

 

 

 

СІЛТЕМЕЛЕР:

  1. Һуд сүресі – 61 аят.
  2. Муслим, Зикр, 19. 
  3. Муслим, Жәнәәи-із, 104.
  4. Муслим, Жәнәәи-із, 106; Термези, Жәнәәи-із, 60.
  5. Термези, Дағауат, 11.
  6. Әбу Дәуіт, Сунән, Китәбус-салаһ, Бәбуд-дұға, № 1492.
  7. Ибраһим сүресі – 41 аят.
  8. Исра сүресі – 24 аят.
  9. Тәубе сүресі – 100 аят.
  10.  Хашр сүресі – 10 аят.
  11.  Тәубе сүресі – 105 аят.
  12.  Имам Ахмед.
  13.   Мубаракфури, Тұхфатул-ахуази, Китабул-мәнәәқиб, Бабу мәнәәқиби Әби Хурайра, № 3843-3844.
  14.  Юсуф сүресі – 96 аят.
  15.  Бақара сүресі 125 аят.
  16.  Бақара сүресі – 154 аят.
  17.  Қосымша ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінен шыққан «Қабір зияратының әдептері» атты пәтуаға қараңыздар.

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру