ҚАРА СӨЗДІҢ ПАРҚЫН БІЛГЕН ДҮРЛЕРІМ-АЙ!

30 қазан 2024 741 0
Оқу режимі

Балалық шақтың бал күндері дәл бүгінгідей көз алдымда. Май шамның жарығымен әке-шешеміз түнімен кітап оқытатын. «Көрұғлы», «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырларымен қоса көптеген шайырлардың термесі мен ұзақ дастанын, ұлы классиктердің көркем туындысын бірімізден соң біріміз желдірте оқып шығатынбыз. Сөз байлығыңның құнарлы, тіліңнің шұрайлы болуы сол халық ауыз әдебиеті мен көркем сөздерді көп оқығаннан деп ойлаймын.Тіліміз жаттығып, көптеген ұлағатты сөз санамызда жатталып қалатын. Қазір ойлап отырсам, біздегі үлкен кісілер сананы рухани жаңғырту дегенді бұрыннан білген екен ғой. Күнделікті үйде пластинкадан, не радиодан Әскербек Еңкебаев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепованың термесін, Асқар Тоқмағамбетов атамыздың сатиралық өлеңін тыңдап жүріп, ой-санамыз жаңаратын. Сол көне сөзден біз жан дүниемізге ғибрат алатынбыз. Бұрынғы әуенді әндерді жатқа білетінбіз. Ойын-сауықта қай ән басталса да бірге шырқайтынбыз. Сол сәулесі мен шұғыласы мол шақтан жатталып қалған аңыз, қисса-дастан, шығармалар ғұмырымызға рухани азық болғаны шындық. Ата-аналарымыз ерекше зеректікке баулығаны сондай, жақсы естелік, ұлағатты әңгіме айтылса құлағымыз түрік жүретін. Бір күні көршіміз Өміртай ағаның үйіне халық көп жиналды.  Төрде отырған дене бітімі ірі, қаба сақалды ақсақалға ел қошемет көрсетіп, оның аталы сөзін тыңдауға пейіл екендерін білдіріп жатты.  Сөз қадірін білетін жандар жиналғаны көрініп тұр. Алқалы топтың  ықыласына тәнті болған қария терең күрсініп алып, тамағын бір кенеп қойып, аңызға бергісіз әңгімесін бастады.  Оның қоңыр дауысы сондай құлаққа жағымды, самалдай есіп тұрды. 

Мырзабай ахунның Бұхарада медресесінде оқып жатқан баласы мезгілсіз дүние салыпты. Баласының қазасын естіру үшін Қайқы батыр, Алданазар би және Қалжан ахун үшеуі жолға шығады. Жолай үшеуі «Қазаны қайсымыз естірткеніміз жөн?» деп кеңеседі. Алдымен Қалжан ахунға қолқа салып «Сіздің ахун деген атыңыз бар. Әйгілі Көкілташта оқыдыңыз. Дін жоралғысын айтып, қазаны сіз естірткеніңіз жөн шығар» дейді. Қалжан ахун «Жүйрікті жүйрік көргенде аяғы тыпырлайды» деген, бұл жолы менің ретім емес. Діннің шартына салып көңіл айтсам, Мырзекеңнің көңілін қарып түскендей болармын. Онан да Қайқы айтсын»  дейді. Қайқы батыр «Мені қаптаған қалың жауға жұмса, бірақ естіртуді атай көрме. Батырлығым ұстап, бетке айтып, Мырзекеңнің жұлынын жұлып түскендей болармын. Онан да биекең естірсін» дейді. Үшеуі де осыған келіседі. Қазаны Алданазар би жеткізетін болады. Мырзабай ахун бұларды құшақ жая қарсы алып, дастарқан жаяды. Сөздің реті келген тұста Алданазар би «Мырзеке бір сұрағым бар еді. Осы шүкірлік кімнен қалған?»  деп сұрайды. «Ой, оның несін айтасың? Баяғыда Дәуіт пайғамбар отыз ұлын ертіп мешітке келеді. Қараса жамағат жиналып болмаған екен. Оларды күтпей-ақ, намазды бастап кеп жібереді. Намаз үстінде оң жағынан қарап  «Асслаумалейкум, Рахматулла» десе, көзі оң жағында отырған он бес ұлына түсіпті. «Ассалаумалейкум, Рахматулла» деп сол жағына қарағанда, көзі сол жағында отырған он бес ұлына түсіпті. Ішінен «алпамсадай отыз ұлым бар. Өзім де бір жамағат болып қалыппын ғой» деп марқаяды. Дұғасын жасап, бетін сипап орнынан тұрса, отыз ұлы сәждеден бас көтермей жатады. Жандарына барса бәрі де өліп кетіпті. Сол кезде Дәуіт пайғамбар «неге шүкірлік етпедім екен?» деп өкінген екен. Осы өмірінің соңына дейін сабақ болып, үнемі шүкірлік етіп жүріпті. Кейін Ұлық Алла пейіліне Сүлеймендей ұл берді» деп Мырзабай ахун Дәуіттің қиссасын айтып береді. Сонда Алданазар би «Е, Дәуіт те отыз ұлдың қазасына қайыспаған ер екен, бізге қалдырған жол екен» деп бір тоқтапты. Сосын әңгімесін жалғастырып «Ал, сабырлық кімнен қалған?»  дейді. Мырзабай ахун «Ол Аюп пайғамбардан қалған. Алланың ауыр сынағын арқалап, ол да бізге өрнек қалдырған. Денесін қырық жыл құрт жеп, сау-тамтығы қалмайды. Ел-жұрты «жұқпалы ауру» деп безіп, айдалаға апарып тастайды. Мал-мүлкі бір жұттан кетеді. Ішуге тамақ, тұруға дәрмен таппай қиналады. Бірақ сонда да Құдайдан үмітін үзбепті, сабырын сындырмапты. Үстінен бір құрт жерге түссе «Алла сенің несібеңді менің денемнен бұйыртқан шығар» деп оны қайта орнына салып қояды екен. Мейірімді Алла оның сабырлылығына риза болып, жерден бұлақ шығарды. Сол бұлаққа шомылғанда отыздағы жігіт қалпына оралды. Дүниесі де, ел-жұрты да жанына қайта жиналды. «Сабырлық Аюптан қалды деген сөздің» қиссасы осы» деді. Алданазар би «Е, сабырын сындырмаған құлға Алланың берері мол десеңізші» деп тағы бір тоқтайды. Сосын сөзді әрі жалғап «Ілім-білімнің жолында жүріп дүниеден қайтқан ғалымның барар жайы қандай?» дейді. Мырзабай ахун, ойында ештеңе жоқ, әңгімесін бұрынғысынша жалғастырып «Ілім-білім Ыдырыс пайғамбардан қалған дария. Ол ілімінің арқасында төртінші қаттан орын, жұмақтан жай алды. Ілімге ғалымның өзі емес, ниеті бұрын жетеді деген. Ғалым мезгілсіз қаза тапса да, мұраты орындалады.

Баяғыда бір құмырсқа Меккеге жол тартыпты. Оны көрген боққоңыз: «Бейшара, кішкентай сирағыңмен Меккеге қашан жетер екенсің?» деп мысқылдапты. Сонда құмырсқа «сирағым кіші болғанымен ниетім үлкен. Мен жетпесем де, ниетім жетеді. Сен сияқты боқ қуғаннан гөрі, Құдайдың ілімін қуғаным әлдеқайда жақсы» деген екен. Сол сияқты Құдайдың ілімін іздеген жанның жайы Ыдырыс пайғамбардың жанында» депті. Сонда Алданазар би «Е, жарықтық, сіздің ұл да сол Ыдырыстың сұхбатында, жәннаттың бақшасында отыр екен ғой»  дейді. Үміт күткен ұлының дүниеден жастай кетуі әке үшін орны толмас қаза. Мырзабай ахун ұлының қайтқанын бірден түсінеді. Суық хабар маңдайынан аққан суық терге араласып кеткендей әсер етеді. Үнсіз отырып қалады. Сол кезде Алданазар жақындап келіп, жауырынан қапсыра құшақтап «Мырзеке, болған іске Аюптай сабырлы, Дәуіттей шүкір етіп, бекем болыңыз. Мейірімді Алла Аюпты жалғыз қалдырмады. Дәуітке Сүлеймендей ұл берді. Құдай бергенін алса да, енді берерін алмасын деп тілейік»  деп көңіл айтқан екен.

Әңгімені аяқтағанда қарияның жүзі нарттай жанып, нұрланып кетті. Тыңдап отырған көпшілік те таңданысын жасырмай «Пай-пай, сөз қадірін өз қадірінен биік құрметтеген бабаларым-ай. Неткен кемеңгер едіңдер!Біз қандай текті ұрпақтан тарағанбыз» деп бір желпініп жатты көпшілік.

Шынында қазақтың қасиетті сөзінде қандай салмақ жатыр. Бір ауыз сөзбен ғибратты мысалмен қазаны естіртудің де жөн-жобасын  нұсқаған бабалар сөзі даналық көзіндей.  Біздің ұлтымыздың қандай ұстанымы мен салт-дәстүрін алсақ та, санаға шамшырақ жаққандай ғой шіркін! Өте өнегелі үрдісімен – үлгілі, қадір-қасиетімен – құнды ғой, пай-пай!  Қара сөздің парқын білген, ұлтымыздың салтын білген, дүрлерім-ай!

                                                                              Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер Кіру