ҚАРА ЖЕРДЕ НЕҢ БАР?

25 наурыз 2024 1514 0
Оқу режимі

Дәулетқали деген жер қорып елдің түйесін жайғызбаған соң, Тұрлан келіп:

— Түйені неге қайырасың? — дейді.

— Түйеңді қайырмай, мұнда сенің бақтырып қойған жерің бар ма еді? — дейді Дәулетқали.

— Атаңа нәлет, ақ сүйек! Төренің елі деген елді қайдан көрдің, жерді қайдан көрдің? — деп жатып сабайды.

«Төре тұқымына тіл тигізіпті» деген хабар Орынбордағы Әлен ханға жетеді. Хан қаһарланып, Тұрланды өлтірмек болып 300 кісімен Асаудың ауылына келіп, Тұрланды шақыртып алдырады.

Тұрлан келіп:

— Әлен, соқыр! Мені неге шақырдың? — дейді. Сонда хан қылышын қынабынан суырып алып, төрт сардар биіне қарап:

— Мынаның төресін беріңдер! — депті.

Сардардың бәрі жаза кесуге Тұрланнан, «кешірім» деуге ханнан қорқып Айтуар шешенге қарапты.

Сонда Айтуар шешен орнынан ұшып тұрып:

— Ай, хан! Бұрынғыдан қалған сөз жоқ па еді, «қара қазаққа хан ие, қара жерге халық ие» деген қайда? Хандығыңды бер де жерді ал, хандығыңды қимасаң, қара жерде нең бар? — депті.

Сонда халық қаһарынан қаймыққан хан:

— Бас тақсыр! Төреңе құлдық! — деп отыра кеткен екен.

 

Бейсенғали Көкей

 

 

 

Пікірлер Кіру