ҚАРИЯ МЕН ЖАС ЖІГІТ

24 қазан 2024 853 0
Оқу режимі

Жігіт ақылы дария қариядан сұрапты:

- Ата, сіз көп жасадыңыз, көпті көрдіңіз, ал мен өмірді жаңа бастап жатқан жаспын, бір сұлуға сондай ғашықпын, айтыңызшы, мен не істеуім керек бақытты болу үшін? Сіз сықылды діндәр болып, тақуа күн кешейін бе, әлде сүйгенімді аңсап, соған жетудің жолымен болайын ба? Қайтсем тура жолдан адаспаймын? Маған көп адам сұлуға есің кеткенше, иман жолын таңда, қыз табылады, сен таза жолда болсаң өздері-ақ саған бұйырады дейді. Басым қатты, нендей ақыл айтасыз?

- Қарағым, осы сауалды мен кезінде ешкімге қоя алмаппын, саған бұл сұрақты қою нығметі бұйырған екен, соған шүкір деймін біріншіден. Мен де тап сен сияқты жас болдым, ғашық күй кештім, алайда төңірегімде қатаң тартіптің, тыйым-сыйымның, діни жөн-жосықтың адамдары көп болды да, мен өз таңдауымды жасай алмадым, өзің көріп тұрғандай сезімімді құрықтадым да дін жолына түстім. Сен асылы жүрегіңді тыңдағын, сол сезім ошағы не дейді, соның дегенімен жүр, кісі ақылы жүрек сөйлеп тұрғанда ақыл болып жарытпайды, ал жүректің дегеніне қадам жасағаннан кейін бәлкім кісі ақылы да керек болар, ең алдымен өз жаныңды, өз жүрегіңді тыңдашы балам, өтінем, әйтпесе, тура мен сықылды шал боласың. Өкініп қалуың мүмкін.

- Сонда мен ғашық бола берейін бе?

- Балам, қарашы, әне бір жерде улы бүйе өрмелеп барады, соны өлтіре салшы.

- Қане, ата, оның ешкімге де зияны жоқ қой, өзімен-өзі кетіп барады, неге өлтір дейсіз? Діни адамсыз, осылай деуге болады ма екен? - деп жігіт қариядан секем алып, шегіне берді. Қария сонда мейірлене күлімсіреп:

- Міне, балам, сенде иман бар, ал иманды жанның қолы жәндікке де көтерілмейді, асылында дін мен ғашықтық жүрек тазартады, сенің бойыңда жасқа тән сезім бар, бұл өте маңызды, яғни таңдауыңа жол да бар, сен соны таңда, ал ғашық болу сезімінің кімнен, қайдан шыққан нұр екенін түсінген күні өзің де ғибадатқа келесің. Тек сенің сезімің тәннен үстем тұрса игі, жүректің дегеніне көн, сүй, іңкәр бол, азапты жолына төз, Хорезмидей ғашық күй кеш, ол: "Сен мені жек көрсең де, бас ұрып, Табалдырығыңнан көтермеймін басымды" деген, сен сондай сезімге, төзімге лайықсың ба жас өрен?

- Ата, сізді енді ұқтым. Рахмет сізге. Бір Аллаға сенемін. Мен өзім сүйген сұлуды сатпаймын. Ешқашанда! Тіпті ол өзгені қалап, өзгеге бұйырып, мен жалғыз қалайын, басқа жақта өмір сүрейін, мен оны жүрегіммен сүйемін, шыдаймын, себебі, бүкіл өне-бойым тек сол деп ән салып тұр, тек сол деп азапқа көнуге бар.

- Ендеше, жігітім, сенің бұл орасан сезіміңнің бірінші дұшпаны сол сүйгенің екенін ұмытпа! Ол сені сынап бағар, менсінбес, жер қылар, төз, ал төзімің сарқылардай, сезімің суынғандай күн туса, онда сен сұлу сүйе алмаған жан жүрегіңмен Құдайға қалай ғашық болайын деп едің? Осыны мықтап жадыңда ұста! Ал енді бара ғой, жолың ақ болсын! Шайыр айтқан сөз бар: "Жүрегіңе басылған ғашықтықтың белгісіне бол әділ, Махаббаттың шешілмес шапанына оранғын!"

 

Мұнайдар БАЛМОЛДА

 

Пікірлер Кіру