ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІ БОЙЫНША ӘЙЕЛДЕРДІҢ СӘЛЕМДЕСУ ТӘРТІБІ

11 қазан 2024 888 0
Оқу режимі

Әдетте, əйелдер бір-бірімен амандасқанда ерлерше сəлем бермейді. «Амансыз ба, дені-қарныңыз сау ма, үй іші бала-шағаңыз аман ба?» деп, қос қолдарын беріп амандасса, тұрғылас, таныс, дос-жаран, құрбы-құрдас болса, құшақтасып, беттерін еріндерінің ұшымен сүйіп амандасады.

Келіндер қайын ата, қайын ене, қайнаға, қайын бикелеріне қол беріп амандаспайды. Сəл иіліп, оң алақанының сыртымен оң тізесінің көзін басып (кей жерде екі алақанының сыртымен екі тізесінің көзін тең басып) сəлем жасап, онан соң, амандық сұрасады. Келін сəлем жасағанда ата-енесі, қайын аға, қайын бикелері: «Тəңір жарылқасын! Жасың ұзақ болсын! Ұл тап!» деген сияқты баталар береді. Енелері келіндерінің қолдары мен маңдайларынан сүйеді. Ал, келіндер ат үстінде, басқа көліктерде отырғанда ата-енесі мен сəлем жасайтын үлкен кісілер кезігіп қалса, онда, ат-көліктен түсіп сəлем жасамай-ақ, оң қолымен оң самайын (маңдайын) сипап құрмет көрсетеді. Бұл сəлем жасағанмен бірдей саналады.

Қазақ дəстүрі бойынша, келіндер ата-енесі мен құрметті кісілердің үйіне атпен төте барып түспейді, ауылға жақындағанда ат-көлігінен түсіп, жаяулап барады. Аттанарда ауылдан ұзап барып аттанады. Аруақты үйлер мен молалардың тұсынан жəне көпірден өткенде ат-көліктен түсіп, жаяулап өтеді. Қыз балалар амандасқанда бір-бірін көрген жерден жүгіре басып барып қол алысады немесе құшақтасып, сүйісіп амандасады. Бұл – жалпы аман-сəлемнің жөні.

Жалпы, қазақ халқының аман-сəлем тəрбиесінде, адамдар бір-бірімен аман-сəлем жасасқанда ыстық-ықыласты, қызу мерейлі амандасу дəріптеледі. Біреу амандасқанда оны менсінбей, алымсынбай кекірейіп тұрып алу, бір қолын қалтасына салып шығармау, қол ұшын ықылассыз ұсыну немесе ұсынған қолды алмау сияқтылар өте əдепсіздік, мəдениетсіздік, көргенсіздік саналады.

Əдетте, біреумен қол алысып амандасқанда, оның қолын ұзақ ұстап тұрып алмау жəне қатты қыспау керек. Алайда, ұзақ уақыт көріспеген дос-жаран, құда-құдағилардың қолдарын қаттырақ қысып, ұзағырақ ұстап тұруы əбестік болмайды. Қайта ол достық пен сағынышты білдіргендік есептеледі.

Қазақта, көпті көрген, көп жасаған ақылды, білімді, беделді адамдарды жасы кіші адамдар іздеп барып: «сізге сəлем бергелі келдім» деп сəлем беріп, ақыл-кеңесін тыңдайды. Сондай-ақ, үлкен, бетті-бедел ді адамдар мен аруақты ауылдардың тұсынан өткенде, міндетті түрде үйіне түсіп, сəлем беріп өтеді. Олай етпесе, «тəрбиесіз, көргенсіз, сəлем беруге жарамаған таяз неме» деп, қатты сөгіске ұшырайды.

Қазақтың аман-сəлем тəрбиесінде үлкен ғылыми мəн-мағына, мол этикалық жəне адамгершілік өнеге бар. Ол ұрпақтарды үлкенді құрметтеп, кішіні аялауға, салт-дəстүрді үзбей жалғастыруға; ізгі ниетті, адал, турашыл, мəдениетті, тəртіпті, əдепті, ибалы болуға; өмірдің мəнін түсініп, ойлау, тұжырымдау қабілеттерін жетілдіруге баулиды.

 Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Пікірлер Кіру