Қажылық сырлары

08 шілде 2019 10540 0
Оқу режимі

Алла Тағала құлшылықтар мен қажылықтағы амалдарды маңызды мақсаттар мен биік сырларға байланысты парыз еткен. Құлшылық адамның жанын тазартады, жүректерді пәктейді және пендені Жаратушысына жақындата түседі.

Барлық ғибадатқа ортақ мәселелер кездеседі. Сол сияқты, әр ғибадаттың өзіне тән ерекшелігі де болады. Ұлық ғибадаттардың бірі – қажылық. Қажылыққа ниет етуші бұл ғибадаттың сыры мен хикметін және мақсат-мұратына мән беруі қажет. Оларға зер сала отырып, бұл құлшылықты орындауға кіріскен кезде тұла бойымен түйсініп, жан дүниесімен ол сырларды сезіне білгені дұрыс. Міне, сол кезде қажылықтың асыл мақсаты орындалады.

Қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт. Және дін рәміздері мен қасиетті дүниелерін құрметтейтін құлшылық. Құран Кәрімде: «Міне, осылай. Ал, кім Алланың белгі-рәсімдерін ұлы деп білсе, сөзсіз, бұл – жүректердің тақуалығынан (Алланың жазасынан қорқып, сақтануынан)»[1] және Құранда қажыларға тақуалықты азық етуін әмір етіп: «Қажылық – белгілі айлар. Кімде-кім ол айларда қажылықты орындауға міндеттенсе, онда қажылық кезінде әйеліне жақындасуға, күнә жасауға және айтысып-тартысуға болмайды. Қандай жақсылық істесеңдер, Алла оны біледі. Әрі жол азығымен қамданыңдар. Ал, жолазықтың ең жақсысы – тақуалық...»,[2] – деп бұйырылған.

Қажылықта қан шығарып, құрбан етудің де мақсаты тақуалықты көрсету. Құран Кәрімде: «Аллаға олардың (құрбандыққа сойылған малдардың) еттері де, қандары да жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың жетеді...»,[3]делінген.

Қажылық пенде болуды, жан-тәнімен бойұсынуды үйрететін құлшылық. Қажы өзі толық түсінбеген амалдарды істеуі қажет болады. Күнделікті дағдыланған киім-кешегін тастауы керек болады. Сәнді заттарды қолданбауы тиіс. Көп күш-қайрат талап ететін тауаф, сағи амалдарын жасауы қажет етіледі. Бір тауға барып, белгілі уақытқа дейін күннің ыстығы мен жағдайдың қолайсыздығына қарамай, сонда болуға міндеттеледі. Елсіз Мина жазығында түнеуі керек болады. Қажылықтың бір амалының сырын түсінсе, екіншісінің хикметін білмесе де, Алла Тағала әмірі болғандықтан бұлжытпай орындау үстінде көресің.

Қажылық мұсылмандар арасында бауырмашылдықты күшейтеді. Және олардың ауызбіршілігінің аса маңызды екенін ұқтырады. Қажылар бір мекенде, бір мезгілде, бір кейіпте бас қосады. Олар бір Жаратушыға дұға етеді. Мақсаттары бір, бағыттары бір. Қажылық етуші бұл үмбеттің ауызбіршілік пен бірлік құндылықтарын иеленгені сияқты басқа халықта жоқ екендігін байқайды.

Мұсылмандар ынтымақтасса және ауызбіршілігі мықты және ойлары мен сөздері бір болса, аспайтын асуы, алмайтын қамалы болмайды.

Сонымен қатар, қажылық мұсылманға қиямет күні мен ондағы жағдайларды да есіне салады. Қажылардың көптігі, әр құлшылық мекенінде құлшылық жасаудағы қиындықтар, аптап ыстық ауа да – барлығы біздің қиямет күніне деген қорқынышымызды арттырып, тақуалығымызды табандылықпен ұстауға жетелейді.

Қажылықтың бір қатар амалдары пайғамбарлардың және олардың отбасының басынан өткерген сынақтары және кереметтерімен тығыз байланысты.

Ибраһимнің елсіз шөл дала Меккеге әйелі мен жөргектегі баласын әкеліп тастауы, Ибраһимнің ұлы Исмаилді (ғ.с.) құрбан ету қиссасы, әкелі-балалы пайғамбарлардың Кағба құрылысына кірісуі сияқты оқиғалармен тығыз байланысты.

Мұның барлығын, қысқаша Құран Кәрімнің «Олар өздері үшін пайдалы нәрселерге куә болсын және белгілі күндерде өздеріне Ол (Алла) ризық етіп берген малдардың үстінен (шалатын кезде) Алланың атын еске алсын...»[4] аятын баян етеді.

Руслан Қамбаров
Muslim.kz мұрағатынан

 

 


[1] «Хаж» сүресі, 32-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 197-аят.
[3] «Хаж» сүресі, 37-аят.
[4] Хаж сүресі, 28-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру