Қажылықта қабыл болған дұға

24 тамыз 2018 12817 0
Оқу режимі

Қайбір жылы қажылыққа барған бір кісінің басынан өткен осы оқиғаны естіп, таң қалдым.

Орта жастағы бір әйелдің мінезі өте қиын екен. Ашуы тез тұтанып, лап ете түсетін, сондай «күшейген» күйінде кісіге талай ауыр сөз айтып тастайтын аузы жеңіл, тілі ащы адам болса керек. Әрине, қайтымы тез деседі, бірақ ашуы құрғыр «қайтамын» дегенше де бұ кісі шайпау тілімен талай адамның жүрегін шаншып, жанын жаралап үлгеретін көрінеді.

Күндердің күнінде перзенттері анасын Меккеге  қасиетті қажылық сапарға жібермек болады. Әйел жолға шығар алдында Құдайға жалбарынып, қайта-қайта дұға жасайды: «Е, мейірімді Жаратқан, мен құрысам тілімнен, мінезімнен құримын. Киелі жерге табаным тиіп, ұлы парызды орындау үстінде де біреулермен ұрсысып, жанжалдасып қалмайтындай бір ғаламат халге түсірші! Маған сол күндерде сабыр бере гөрші, төзім бере гөрші!».

Ақыры қажылық сапар басталады. Алғашқы күндер сәтті өтеді (бара салып кіммен ұрыссын, оған шамасы да болмаған шығар). Меккеден шығып, Мина жазығына аттанар тұста апамыз адасып кетеді. Миллиондаған адам құмырсқаша құжынаған сапарда жүріп, Қазақстаннан өзімен бірге барған топтан көз жазып қалады. «Үйірінен ажырап», сенделіп жүрген бейтаныс әйелдің жағдайын түсінген пәкістандық қажылар оны өздерінің әйелдер тобына қосып алады. Апамыз күнде солармен бір шатырда тынығады, бірге құлшылық қылады, бірге ас-су ішеді. Әйтеуір ым-ишара арқылы ғана ұғысады. Сөйлесейін десе, олардың тілін бұл білмейді, мұның сөзін олар түсінбейді. Ұрсысу тіпті мүмкін емес!

Тек елге қайтар күн таяғанда ғана апамыз әлдебір мешіттен бір топ қазақ көріп қалып, құшағын жая ұмтылады. Солардан сұрастырып жүріп, өз тобын тауып алады. Сөйтіп, ешкіммен ұрыспай, ешкімге ауыр сөз айтпай, керемет көңілмен, қажылық парызын орындап, елге қайтқан екен.

Пікірлер Кіру