ҚАЗІР ИСЛАМҒА ТІЛ ТИГІЗЕТІН, ҚАРАЛАЙТЫН, ЖАЛА ЖАБАТЫНДАР КӨБЕЙДІ

19 тамыз 2024 1406 0
Оқу режимі

Оның да діни фанаттық, радикалдық, сәләфи-уәһһабилік, сакралданған қасаң неосопылық, дүмшелік, түрлі жат ағымдар және діни әрі интеллектуалдық сауаты, білімі төмен, таным-түсінігі таяз, тарихты, мәдениетті жан-жақты білмейтін кейбір уағызшылар сияқты бірқатар себептері бар.

Алайда оларға ренжиміз, оларды сынаймыз деп тұтастай исламды даттағаннан және жұртты тұтастай исламнан суытудан сақ болған дұрыс. Кейбіреулер діни фанаттықты, радикалдықты, сәләфи-уаһһабилікті сынаймын, олармен күресемін деп жүріп, тұтастай исламды, мұсылмандықты сынап, дін дұшпанына айналды. Олар өздерінің қалай дінсіздікке, имансыздыққа кеткенін, исламафобқа айналғанын білмей де қалды. Бұл да бір – қасірет.

Ал атеистер мен қазіргі тәңіршімін деп жүрген ислам дұшпаны болып жүргендерге айтар сөз жоқ. Олар VIII ғасырдың басынан бері ата-бабасы ұстанған дін мен мәдениеттен безіп жүр, нағыз адасу. Қазақ халқы, жалпы түркі халықтары VIII ғасырдан бұрын да дінсіз, имансыз, Құдайсыз болмаған. Бірақ, ата-бабаларымыз VIII ғасырдан бастап, исламды ең дұрыс әрі ақиқат дін деп қабылдады, исламды өздеріне дін ретінде таңдады және бұрынғы наным-сенімдерімен синтездеді/біріктірді.

Оны да жайдан жай қабылдай салмады, ақылдасты, құрылтай өткізді, ой-елегінен өткізді, бұрынғы түркілік наным-сенімімен салыстырды. Нәтижесінде исламды мақұлдады. Осыны білмек керек.

Жалпы исламнан безу деген сөз – қаншама ғасырлық тарихыңнан, мәдениетіңнен, ата-бабаңнан, сонау 8-ғасырдан бергі ұлы адамдарымыздан безу деген сөз. Қазірге дейінгі мың жылдан аса уақыттағы қазақтың хандарының, батырларының, шешендерінің, ақындарының, қысқасы әйгілі болған кез келген тұлғасының өміріне үңілетін болсақ, олардың нағыз мұсылман болғанын көреміз.

Осыншама терең тамырынан жеріген адамдардың – ұлы мәдениет құрып, ұйысқан ұлт қалыптастыруы мүмкін емес, бос сандырақ, құр далбасалық.

Олай болса, діни буквалистерді, қасаңдықты, діни фанатизмді, радикализмді орнымен, жөнімен сынайық, қарсылық білдірейік, құқықтық негізде тыйым салайық және рухани жолымызды түзейік. Бірақ, оларға ренжиміз, оларды сынаймыз, таласып-тартысамыз деп жүріп, тұтастай Исламды, Құранды, Пайғамбарды, қаншама ғасырлық құндылықтарды даттап, олармен қарсы күресіп кетуден сақтанайық.

Бізді ұстап тұратын құндылықтарымызды қастерлейік әрі қорғайық.

Ислам – қияметке дейін адамзатқа жауап беретін аса ұлы дін. Ендеше, сонау өткен ғасырлардағы таным-түсінікке түбегейлі байланып қалмайық немесе түп тамырдан түбегейлі қопарылып, жел айдаған қаңбақша анда-мұнда сандалмайық. Олай болса орта жолы мен тепе-теңдігін тауып, исламды жаңадан немесе заманауи түсінейік. Ұлы мәдениет ретінде ұстанайық.

Жоламан БҰЛАНҰЛЫ

15.08.2024

 

 

Пікірлер Кіру