ҚАЗЫБЕКТІҢ ҮШ СҰРАҚҚА ЖАУАБЫ

19 маусым 2024 1541 0
Оқу режимі

Ел шетінен бір қарт ақсақал келіп, Қазыбектен үш сұрақ сұрапты.

Бірінші сұрағы:

"Жақында не жақын?"

Қазыбектің жауабы:

- Тату болса, ағайын жақын. Ақылшы болса, ағаң жақын. Бауырмал болса, інің жақын. Инабатты болса, келінің жақын. Адал асын алдыңа тартқан қимас жақын. Қарындасың, сыбайлас болса, нағашың жақын, өз ұрпағың, шөберең жақын. Жас кезіңнен жан серігің - бәрінен де әйелің жақын! - депті.

  Екінші сұрағы:

"Қымбатта не қымбат?"

Екінші сұрағының жауабы:

- Алтын ұяң отауың қымбат. Мейірімді апаң қымбат.

Құт береке атаң қымбат. Аймалаған анаң қымбат.

Асқар таудай әкең қымбат. Туып өскен елің қымбат,

кіндік кескен жерің қымбат. Ұят пенен ар қымбат.

Бәрінен де осының - өзің сүйген жар қымбат!

Үшінші сұрағы:

"Дүниеде не қиын?"

Қазыбектің жауабы:

- Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмаған дау қиын,

Шанышқылаған сөз қиын!

Дәл осындай жағдайда

Пана болмас өз ойың

Жазылмаса, дерт қиын

Іске аспаған серт қиын.

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен өрт қиын!

Тентек болса, ұл қиын,

Не істеріңді білмей,

Ашиды-ау сонда бас миың!

 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

"Көп томдық жинағынан"

Пікірлер Кіру